Микроқаржы эволюциясы

5905

Онлайн несие нарығы тарылды, бірақ қатарда қалды

ФОТО: © Depositphotos.com/Haritonoff

Соңғы бір жарым жылда қысқа мерзімге кепілсіз несие беретін ұйымдардың кредиттік портфелі 100 миллиардтан 25 миллиард теңгеге дейін азайды. Әрине, болжамды баға, себебі осыған дейін ондай компаниялар микроқаржы ұйымдары деп есептелген жоқ және реттеуішке қаржылай есеп берген емес. «Қазақстандық ФинТех ассоциациясы» ЗТБ (заңды тұлғалардың бірлестігі) директоры Анатолий Глуховтың түсіндіруінше, олардың қаржылық жағдайы туралы ресми мәліметтер тек 2020 жылдың екінші жартысынан бастап қана жариялана бастады.

Нарықтағы жағдайдың баяулауы несиелендіру қатысушыларына кәдімгідей әсер еткен реттеуіштік өзгерістермен байланысты. 2020 жылға дейін халыққа пайыздық ақша берумен «жалақыға дейін» қарыз беретін онлайн компаниялар, ломбард пен несиелік серіктестіктер тәрізді несиелендіру нарығында тіркелмеген субъектілер де айналысты. 2020 жылдың шілдесінен бастап тек тіркеуден өткен ойыншылар ғана халыққа кәсіби деңгейде несие бере алатын болды. «Жалақыға дейін» секторындағы компаниялар микроқаржылай ұйымдар, ломбард немесе кредиттік серіктестік тәрізді тіркеліп, реттеуіштің жүйесінің есебіне тұруы керек еді. 2021 жылдың наурызында микроқаржы туралы заң жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, ондай компанияларға лицензия беру уақыты аяқталды. Осыдан кейін олар ресми түрде қаржылай ұйымдар деп аталды.

Жаңа статустың плюсі де, минусы да болады. Ең бірінші плюсі – ойыншыларды бақылауға мүмкіндіктің тууы. Бұл ары қарай қайда бағыт алу керектігі туралы түсінік қалыптастыра алды. Теріс тұсы – капитал көлемінің ұлғаюы туралы талап. 2021 жылдың қаңтарындағы жаңа ережеге сәйкес, микроқаржылай ұйымның жарғылық капиталының ең минималды көлемі 100 млн теңге болуы керек. Ал 2020 жылға дейін тіркеліп үлгерген ұйымдардың 2023 жылға дейін жарғылық капиталды көбейтуге рұқсаты бар.

«Жаңа өзгерістер нарыққа әсер ете бастады» дейді Глухов. «Барлық нарыққа баға беру қиын. Онлайн қарызды осыған дейін жұмыс істеген онлайн микроқаржылай ұйымдар да бере алады. Бірақ «Қазақстандық ФинТех ассоциациясы» ЗТБ туралы айтатын болсақ, несие берушілердің бірқатары нарықтан кетті. Ойыншылар саны екі есе азайды, ұйымдар 25-тен 13-ке дейін қысқарды. Мұндай өзгеріске карантин кезінде бизнес жүргізудің қиындығы, микроқаржылай заңнаманы үнемі қатаңдату, инвестицияны басқа елдердің либералды әрі болжауға болатын нарығына бағыттау тәрізді факторлар себепші болды», – деді ол.

Онлайн-несие беретін компаниялар үшін тағы бір маңызды жайт – кредиттік мөлшерлеменің шектелуімен байланысты. Нарық пайда болғалы бері «жалақыға дейін» онлайн несие нарығы еркіндік алаңы сияқты еді. Мөлшерлемелер күніне 1,5–2,5% шеңберінде әлемдік тәжірибеге сай келді.

Компаниялар әдейі жылдық пайыздық мөлшерлемелермен салыстырудан қашты, несие құнына кіргізілетін несие алушылардың тәуекел профиліне екпін жасады.

2016–2018 жылдары нарықта дұрыс реттеудің болмауына байланысты ломбард пен кредиттік серіктестіктермен бірге «жалақыға дейінгі» онлайн несие көлемі екінші деңгейлі банктер беретін несиеден асып түсті. Технологияның арқасында финтехтер қарыз алушының жағдайын жылдам бағалап, шағын сомаларды несиеге беретін. Нишаның бос болуы, интернеттің жылдам таралуы, микроқаржыларға деген сұраныстың қанағаттанбауы және банктердің тұтынушы несиенің шарттарын қатаңдатуы да осы процестің драйвері болды.

Әртүрлі сала дегенмен, екінші деңгейлі банктерге онлайн-несиелендірудің көлемі тым қатты өсіп кеткені ұнамаған тәрізді. Онлайн-кредиторлар кредиттік тарихы жоқ немесе банктер қабылдамаған тұлғалармен жұмыс істейді. Несиені әдетте аз уақытқа ғана (30 күнге дейін) – кассалық алшақтықты болдырмауға береді.

Финтехтер қарыз беру көлемін ұлғайтуға қатысты одан әрі үлкен жоспарлар құра бастады. Көпшілігінің беретін максималды сомасы 100–200 мың теңге еді. Бірақ тұрақты және сенімді клиенттер үшін оны 300 мың теңгеге дейін көтеруді ойлағандар бар. Несие беру жағынан олар микроқаржы ұйымдарының нишасына кіре бастады, олардың кейбіреулерін екінші деңгейлі банктер ашқан болатын. 2018 жылы халықтың қарызының көп болуы және несиелендірудің мөлшерлемесінің тым жоғары болуына байланысты ақпараттық шу күшейе бастады. Нәтижесінде онлайн-несие беретін компаниялар да тіркеуден өтіп, басқа микроқаржы ұйымдары тәрізді бақыланатын болды.

Нарықтағы тәуекел

Жаңа өзгеріс бойынша, онлайн несие берушілер тиімді сыйақы мөлшерлемесін 56% деңгейінде ұстап тұруы керек еді. Алайда бұл шектеулер 45 күнге дейін 50 АЕК (146 мың теңге) көлемінде берілетін микрокредиттерге қатысты емес. Бірақ барлық келісімшарттар бекітілген заң аясында болса ғана. Бұл жерде мәселе сыйақы мөлшері, пеня мен максималды қарыз сомасы туралы болып отыр. Глуховтың пікірінше, мұндай қадам қисынды, себебі тиімді мөлшерлеменің математикалық есептелуі және тиімділікке жету үшін қажет экономикалық модель ондай ұйымдарға басқаша жағдайда қызмет істеуге мүмкіндік бермейді.

Дегенмен қарыз алушылардың қарыз жүктемесін болдырмау үшін мұндай шектеулердің енгізілуі онлайн несиелендіру нарығындағы бәсекелестікті арттырды, дейді Глухов. Нәтижесінде, кешіккен қарызы жоқ, сенімді клиенттердің көбеюі «барлық кредиторлар үшін өте маңызды, тіптен шешуші сипатқа ие болды». Осыған байланысты онлайн несиелендіру бойынша компаниялар бизнес-модельдерін қайта қарастырып, тәуекелге аз баратын болды. Бұл несие беру шарттарына әсер етті. Бизнестегі тиімділіктің төмендеуіне байланысты несие беру көлемі максималды көрсеткіштен 50 АЕК-ге дейін азайды.

Соған қарамастан, нарық жақсы өсім көрсете білді. «Бірінші кредиттік бюро» мәліметі бойынша, 50 АЕК көлеміне дейін және 45 күнге дейін берілген микроқаржылар портфелі 2020 жылдың басында 61,5 млрд теңгені құрады. Ал 2021 жылдың басына қарай 71,9 млрд долларға дейін өсті. Орта есеппен несиелер 40 мың теңге көлемінде 40 күнге дейін беріледі. Шағын қарыздар үшін портфель проблемалылығы басқалай (екінші деңгейлі банктердегідей 90+ күн емес, ал FPD, яғни бірінші төлемді кешіктірумен) есептелетінін ескерсек, 2020 жылдың төртінші тоқсанындағы көрсеткіш 8%, ал үшінші тоқсан үшін шамамен 13%-ды құрады.

Нарықтың алдында жаңа міндеттер бар. Оның қалыптасуының алғашқы жылдарында халықтың қаржылай сауатының төмендігі, онлайн несиелендіруге сенімнің аздығы, шалғай аймақтарда интернеттің әлсіз таралуы дамуға кедергі келтіретін себептер ретінде аталды. Қазір болса, алаяқтықпен күресу үшін реттеуішпен біріге отырып механизм ойлап табу маңызды. «Мұндай кейс-тердің аз болуына қарамастан – бұл берілетін жалпы төлемнің 0,1%-ынан да төмен – мәселе өте өзекті болып отыр. Себебі несие берушілерден бөлек зардап шегетін тұтынушылардың өздері», – деп түсіндіреді Глухов. Қауымдастықта осындай кейстерді қарап, салдарын азайту бойынша процедуралар жүргізген. Микроқаржы ұйымдары несиелендіру процесіне қосымша фото және видео-түсірілімді пайдаланып, биометрикалық параметрлері арқылы қарыз алушыларды анықтау алгоритмін қосып жатыр.

«Тағы бір маңызды тәуекел ретінде нарықтағы субьектілердің реттеуішпен, сот және басқа да мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуін дұрыс қалыптастыруын айтар едім. Өкінішке орай, кей кезде заңдық нормаларды дұрыс түсінбей, бұрыс қолданатын жағдайлар жиі кездеседі», – дейді Анатолий Глухов.

Нарық үшін негізгі мәселе – қорландыру. Осыған дейін компания өкілдері реттеудің болмауы саланың болашағы қандай болатынын 5–10 жыл алдын-ала білгісі келетін инвесторлардың қызығушылығын төмендетеді деп наразылық білдірген еді. Реттеудің болуы қорландыру мәселесін шеше қоймаған тәрізді. Глуховтың сөзінше, қазіргі жағдайда 5–10 жылға алдын-ала болашақты жоспарлау ғана емес, қысқа мерзімге қандай да бір жоспар құру қиын. Карантин және төтенше жағдай «тұтынушылар үшін де, кредиторлар үшін де әлсіз тұстардың бар екенін» байқатты. Бұдан бөлек, микроқаржылай заңнама соңғы екі жылда бес рет өзгерді. Негізгі қаржыландыру шетелдік инвесторлардан келетінін және қорландырудың бағасы мен мерзімі бойынша экономикалық есептеулерде табыстылық пен қазіргі жағдайға сай экономикалық модельдің алынғанын ескеретін болсақ, әсіресе сыйақы мөлшерлемесіне қатысты заңнаманың жиі өзгере беруі, жеткілікті өтпелі кезеңнің болмауы «инвесторлардың алдында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын әжептәуір төмендетті».

Глухов оң тұстары болғанын да айтады. Микроқаржы ұйымдарында акция немесе облигацияларды шығару арқылы ішкі нарыққа капитал тартудың заңнамалық мүмкіндіктері пайда болған. Кейбір бағыттар бойынша жұмыс та басталды. KASE және AIX-те эмитенті микроқаржы ұйымдары, ал инвесторлары Қазақстан резиденттері болатын облигациялар шықты.

Онлайн несиелендіру секторының болашағын бүкіл микроқаржы саласының эволюциясын ескере отырып қарау керек. «Менің ойымша, электронды ақша, алдын-ала төленген электронды төлем карталарымен операциялар дамуы мүмкін. Микроқаржы ұйымдарына төлем және айырбастау операцияларын орындай алуы тәрізді жаңа функциялар беру сияқты осындай қызмет түрлерінің саны көбейе түсуі мүмкін», – деп есептейді Глухов.

Сондай-ақ, оның ойынша, реттеуіш нарықты тазалап, оны ашық қылып, адал ойыншылардың мүмкіндігін көбейтуде үлкен жұмыс атқарды. Қарыз алушылардың құқығын қорғау бойынша арнайы заңнамалық ұсыныстардың үлкен блогы дайындалды. 2021 жылдың наурызынан бастап микроқаржы саласында реттеуіштің, тұтынушы мен несие берушілердің мүдделері мен басымдықтарын ескеретін тепе-тең жүйе жұмысын бастады. Халықтың түрлі несиелік өнімдерді, соның ішінде онлайн несиелерді тұтынуы әлі де жоғары, ал ол қажеттілікті қанағаттандыру қаржылай баланстың бір бөлігі болып қала береді. Мұны барлық мүдделі тараптар ескеруде.

Қауымдастықтың басшысы екінші деңгейлі банктердің қысқа мерзімді балама несие түрлерін енгізуі қиын шаруа екенін, тіптен интернет-маркетинг арқылы жаңа клиенттерді тарту, олардың өтініштерін өңдеп, қызмет көрсетіп отыру құны тым жоғары болғандықтан, экономикалық тұрғыда мүмкін еместігін алға тартады. Банктерге тиімді мөлшерлеме және, олардың депозиттік ұйымдар екенін ескерсек, тәуекелдерді бақылау бойынша тікелей және жанама шектеулердің бар екенін де ескеру керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить