Portmone болса «қалтада»

8949

Төлем карточкалары: Finteh-компаниялар токен қауіпсіздігіне үміт артады

Михаил Ломтадзе
ФОТО: © Владимир Третьяков
Михаил Ломтадзе

Биыл жазда, нақтырақ айтсақ, шілде айында Лондон қор биржасының сайтында жарияланған ақпаратта Қазақстанның ІТ нарығындағы жетекші компания Kaspi.kz-тің еншілесі Kaspi Pay украиндық Portmone Group компаниясының 100%-ын сатып алу туралы келісмге қол жеткізгені мәлім етілді. «Қазақстан және Украинаның монополияға қарсы мекемелері мен Украина Ұлттық банкі мақұлдаған жағдайда, аталған келісім 2021 жылдың IV тоқсанында өз мәресіне жетеді деген үміттеміз», - деп түсіндірді сол тұста Kaspi.kz өкілдері.

Portmone банкаралық төлем жүйесі – өз елінің нарығындағы ең ірі ойыншының бірі. Компанияның негізін 2002 жылы украиндық бизнесмен Игорь Горин қалаған болатын. Бастапқыда ол бұл жүйе коммуналдық төлемдерді төлеу процесін жеңілдетеді деп жоспарлады. Уақыт өте компания одан әрі кеңейіп, өзге қызметтерді де қамти түсті, мысалы, бизнеске арналған Р2Р-аударымдары мен эквайринг сынды. 2019 жылы Portmone жүйесін белсенді түрде қолданушылар саны 5 млн адамға жетсе, транзакциялар ауқымы – 100 млн гривенді құрады. Аталған төлем жүйесін қазір 7 мыңнан астам бизнес субъектісі ұтымды қолданып отыр. Украиндық Forbes, келісім сомасы 15 млн АҚШ долларына жетуі ықтимал деген жорамал айтады.

Portmone жүйесінің Украина нарығындағы тікелей бәсекелестері NovaPay, iPay.ua, EasyPay секілді төлем жүйелері мен жергілікті банктер. Айтқандай, статистикалық мәліметтердің біразына жүгінсек, Украина халқы қолма-қол ақшаға бейімдірек болса керек – ел ішіндегі қаражат ауқымының 44%-ы қолма-қол ақша түрінде. Бұл елде бөлшек саудадағы электронды коммерция үлесі айтарлықтай төмен – бар болғаны 8%. Ал смартфон қолдану деңгейі 70%-дан аспайды.

«Украинада Portmone төлем компаниясын сатып ала отырып, біз бүкіл аймақ бойынша цифрлық трансформация жүргізуде жетекші рөл атқаруға негіз қалап отырмыз, - деді Forbes Kazakhstan-ға Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе. – Ойда көп жоспар бар, біз соларды жүзеге асыру жолында болашаққа тек қана оптимистік көзқараспен қараймыз».

Айта кету керек, В2В өнімдерінің ішінде сатушыларға арналған интернет-эквайринг, white label интернет-шешімдері және банктерге арналған мобильді төлемдер мен қызмет түрлерін жеткізушілердің шоттарын агрегирлеу, яғни біріктіру ескерілген, бұл Kaspi.kz жүйесіне төлем лицензиясын алуға және Украинада Visa, Mastercard жүйелерін аккредитациялауға жол ашады.

«Келісім 2021 жылдың соңғы тоқсанында жүзеге асады деген үміттеміз, әрине, Қазақстан мен Украинаның антимонополиялық органдары мен Украинаның Ұлттық банкі бұл келісімді мойындап, қолдаған соң», - дейді Ломтадзе мырза.

Қазақ экспансиясы басталды?

Қаржы саласының тәуелсіз сарапшысы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, отандық Kaspi жүйесінің Украинадағы бәсекелестері алдында, әрине, артықшылық тұсы басым, дегенмен, украиндық нарықты қарапайым дей алмаймыз, әсіресе, заңнама тұрғысында бұл нарық айтарлықтай күрделі. «Kaspi-дің Украина нарығынан елеулі үлес алуды жоспарлап отырғаны екіталай дер едім. Бұл, меніңше, бірқатар модельдерді еуропалық нарықта тексеріп, тестілеу іспетті шара болса керек, яғни, әрі қарай Шығыс Еуропаның Польша, Чехия сынды нарықтарына шығу мақсатындағы. Еуропа – өсіп, кеңею жолындағы потенциалды белес. Мен, әрине, Kaspi-дің амбициялық ұстанымы қаншалықты зор екенінен хабарсызбын, бірақ, ол қазірдің өзінде бірқатар модельдерін Азия мен Еуропада тексеріп алғанын ескерсек, ендігі кезекте өз төлем жүйесін әрі қарай кеңейтіп, ұлғайтуға толық негіз бар. Kaspi-дің бүгінгі менеджменті мұны ойдағыдай жүзеге асыра алады деп ойлаймын», - дейді сарапшы.

Бұл пікірді «Финам» инвестхолдингінің сарапшысы Леонид Делицын да қолдап отыр. Оның айтуынша, Kaspi (Portmone) сынды жоба бір елде бастау алып, салалық тұрғыда жақын әрі тұынушыларының мінез-құлқы ұқсас елдерде оңай тарап, қалыптаса алады. Сарапшы бұл тұрғыда австралиялық AfterPay мен шведтің Klarna жүйелерін мысал етеді: кезінде бұлар біртіндеп отырып, американдық BNPL (бөліп төлеп, сатып алу жүйесі – Buy now, pay later) нарығын жаулап алған-ды. «Kaspi-дің негізгі инвестициялық идеясы – жедел өсім, сондықтан да компания өзге елдердің нарықтарына шығып жатқанын көрсетуі керек. Portmone-ні сатып алу – осы міндетті жүзеге асыруға ықпал ететін қадам. Украина нарығында негізгі рөл жаһандық тұрғыдағы төлем жүйелері мен finteh-жобалардың еншісінде. Олай болса, Kaspi де осы сипаттан таныла алады деген сенімдемін. Меніңше, Kaspі өз алдына белгілеген басты міндет – украиндық нарықтан еселеп үлес алуда емес. Kaspi бұл нарыққа абыроймен еніп, сапа көрсеткішін танытуды мақсат етсе керек.

Қалай десек те, отандық Kaspi.kz жүйесінің Батыс бағытындағы жаңа нарықтарға шығуы елеулі жаңалық – компания халықаралық деңгейдегі технологиялық озық ойыншылармен бәсекеге түсуге жүрексінбейді деген сөз. Forbes Ukraine басылымына берген сұхбатында Concorde Capital-дың инвестициялық-банктік департаментінің басқарушы директоры Сергей Чуйкин, «Kaspi.kz – әлемдік қаржы-технологиялары саласындағы жұлдыз» дегенді айтады. Чуйкин, сондай-ақ Kaspi.kz-тің Украина нарығына шығып, бұл нарықта айтулы үлесі бар жергілікті мықты ойыншыны сатып алуы – оның қызығушылығын тудырып отырғанын да тілге тиек етеді. Ал Мonobank-тің тең құрылтайшысы Олег Гороховскийдің айтуынша, егер төлемдер мен аударымдар бойынша украин нарығында Kaspi-ді мықты бәсекелестер күтіп тұрса, эквайринг тұрғысында компания «мемлекеттің бұл нарықты үйлестіріп, бағындыру әрекетінің қыр-сырымен бетпе-бет келіп, бізбен ғана емес, «Приватпен» де, Apple Pay, Google Pay сынды алыптармен де бәсекеге түседі».

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылдың қазанында Kaspi – Лондон қор биржасында көптен күткен ІРО шарасын сәтті өткізіп, көптің көңілін бірден жаулап алды. Биржаға шыққаннан кейінгі кезеңде, қаржылық көрсеткіштердің өсуі арқасында компанияның капитализациясы 6 млрд АҚШ долларынан 21 млрд долларға дейін артты. Компанияның мәліметінше, 2020 жылы ай сайынғы белсенді қолданушылар саны 9,1 млн адамды құрады (жылдық тұрғыда +59%), ал 2021 жылдың алты айының нәтижесі бойынша 10,2 млн адамға жетті.

Әрқашан қол астында

Әрине, қазақстандық мықты ойыншының украиндық Portmone желісін сатып алуының артында маңызды мақсат болуы да әбден мүмкін: заманға сай қаржы технологияларына жылдамдап қол жеткізу деген сияқты. Portmone 2020 жылдың тамызында өз елінде бірінші болып токен қаупсіздік жүйесін енгізді, енді араға бір жыл сала бұл технологиямен жұмыс жүргізуде оң тәжірибе қалыптастыра алды. Төлемдерді өңдеу барысында токенизация қауіпсіздігі төлем карточкасының номерін токенмен, яғни цифрлық кодпен алмастыруға мүмкіндік береді. Сөйтіп, интернет арқылы сауда жасаған қолданушы өзіне қатысты төлем мәліметтерін жария етпейді, ал бұл алаяқтардан қорғанудың ыңғайлы бір жолы. Токенизация онлайн коммерцияға сатып алу деңгейін ұлғайтуға жол ашады. Клиенттер дүкендерге көптеп кіре бастайды, жоғалған, бұғатталған не қолданыс мерзімі өтіп кеткен карточкалар проблемасы болмайды. Анығын айтқанда, Kaspi.kz Украинада өзінің жергілікті баламасын сатып алатын сияқты, былайша айтқанда, аймақтық амбициясы зор, құлаштап өсіп келе жатқан іргелі компанияны.

Батыржан Исмұхамбетов
ФОТО: © баспасөз қызметінің архивінен
Батыржан Исмұхамбетов

Қаржы әлемі жұлдыздарының сара жолы қалай басталады дегенге келер болсақ, әдетте finteh индустриясының тар алаңында өзінің жүйелі сөзімен, адымды қадамымен ерекшелене алған  өжет стартап жобадан деген дұрыстау шығар. Forbes Kazakhstan осындай жобалардың бірімен арнайы танысқан-ды. Қазақстандық кәсіпкер, СЕО ТуріРау Батыржан Исмұхамбетов осы аттас finteh стартабын ойдағыдай жүзеге асыруда. Бұл жоба мессенджер функциясы мен төлем жүйесін қатар ескерген. Нархоздың түлегі, экономист маман әрі телекоммуникация саласының бұрынғы қызметкері, Батыржан мұндай гибрид жобаны қалай дамыту керектігін жақсы біледі. Мамыр айында ТуріРау Ресей нарығынан қаражат тартып, тестілік бета-режимде жұмыс істей бастады.

Исмұхамбетовтың айтуынша, ТуріРау, ең алдымен, коммуникациялық сервис. Ол қазір стандартты қызмет түрлерін ұсынып отыр, яғни хабарлама алмасу, байланыс базасы, топтарға арнап чат құру, аудио- және бейне қоңырау шалу деген сияқты. Аңдап қарасаңыз, қарапайым чат-қосымша, бірақ, жоба әзірлеушілердің жоспары барынша мықты. «Біз Telegram,  Facebook сынды жобаларға құрметпен қараймыз. Осындай сапа мен технологиялық мүмкіндіктерді жүзеге асыра алатындай амбиция да, күш те біздің бойымызда бар», - деп отыр Исмұхамбетов.

Әйтсе де қазір телекоммуникациялар сервисі нарығында қатаң бәсеке белең алған. Жоғары лигада – бүкіл әлем бойынша телекоммуникация сервисін қамтамасыз етіп отырған он компания бар, мысалы Telegram, WhatsApp, WeChat, т.т. Бірінші лигадағы сервистерде өзіндік межелік индикатор көрсеткіші ескерілген: аудитория 50 млн қолданушыдан асатындай болуы тиіс. Исмұхамбетов, чат-қосымшалар нарығында жаңа ойыншыларды 99,9% жағдайда кіргізбеуге негізделген екі фактор бар дейді. Біріншісі – байланыс базасының шектен тыс қанықтығы. «Егер сіз WhatsApp жүктеп алсаңыз, сізде хабарлама алмасу үшін 300-ден астам байланыс тізімі болатыны анық. Ал егер сіз жаңа мессенджер жүктесеңіз, мейлі қазақстандық, мейлі басқа, – сіздегі байланыс тізімі де, коммуникациялық база да айтарлықтай ықшам болады», - деп түсіндіреді ол.

Екінші фактор – қолданушылық әдет-ғұрып. Мессенджер қолдануға үйреніп алған адам, олардағы опцияларға тез бейімделіп алады да, байланыс тізімін өзі толықтырып, кеңейтіп жатады. Қолданушының жаңа сервистерге кетіп қалу мүмкіндігі өте аз.

Исмұхамбетов, қолданушы үшін әрбір сервис қосымша құн енгізуі тиіс деген сенімде. «Біздің жағдайымызда біз екі бірдей маңызды функцияны қиыстырып, қатар алып жүргенді дұрыс деп таптық. Коммуникациялық сервиспен қатар, қаржылық қарым-қатынас та орнатып, қолданушылар өзара бір-бірімен чатта ақша алысып, берісіп, байланыс орната алады", - дейді ол. Маманның пікірінше, қолданушылар үшін бұл жаңа тәжірибе, яғни стандартты емес. Ақша аударымдарымен әдетте банктік сервистер айналысады, бірақ оларға тән проблема – банктер клиенттерді өздеріне меншіктеп, байлап алады. ТуріРау басқа жолды ұсынып отыр. Бұл сервис қолданушының телефон номерін сәйкестендірмей-ақ (өзіне байламай) оған арнап дебет карточкасын шығарады. Мұндай карточкалар анонимді электронды әмияндар принципі бойынша жұмыс істейді де, төлемдік транзакциялар үшін пайдаланылады. Жеке мәліметтерді ашу деңгейіне қарай, оған өзге опциялар да қосыла бастайды, мысалы қолма-қол ақша алу деген сияқты.

Әрине, төлем аударымдарын оператор банктің қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл тұрғыда Ресейде әріптес ретінде Московский Индустриальный Банк (Мәскеу индустриалды банкі) таңдалған. Ал Қазақстанда ТуріРау коммуникациялық сервисін тарата отырып, RBK Bank-пен интеграциялық негізде жұмыс істеп бастаған: банк картасын қашықтан ашуға мүмкіндік беріп. Жазылушылар стандартты қызмет түрлеріне қол жеткізеді – банк қосымшасы арқылы және тікелей чатта ақшалай аударымдар жасау, өзге банктердің карталарына ақша аудару, карточканы толықтыру, байланыссыз және QR-төлемдер, интернет арқылы тауар, қызмет түрлерін сатып алып, төлем жасау, өз балансы мен қаражат қозғалысын бақылап, басқару, т.т. Исмұхамбетов, компания техникалық тұрғыда алдағы уақытта мобильді банк болуды көздейтінін айтады, сөйтіп, серіктес банктерге олардың карта бизнесін одан әрі жылжытып, таратуға септік етпек. 

Қазақстанда бастағанға дейін ТуріРау әзірлеушілері өз жобасын 148 елде байқап көрген. Жобаға тіркелгендердің жалпы саны 2,7 млн адамнан асып кеткен. Қосымшаны жоймай, қалдырғандар саны шамамен 500 мыңды, ал ай сайынғы белсенді қолданушылар саны 100 мыңды құраған.

Бүгінде мессенджерлер мен әлеуметтік желілер әрі қарай дамып, клиенттер базасын монетизациялау үшін  жаңа қолданушыларды көптеп тартып, өздеріне бейімдеуі тиіс. Ұзақ мерзімге негізделген келешекте қолданушылардың сенім артып, бейілділігін арттыруға олардың тұтынушыға берер пайдасы, тиімділігі әсер ете алады. Жалпы, мессенджерлердегі ақшалай операциялар символикалық тұрғыда ғана деуге болады, өйткені бұл арада, ең бастысы сенім мәселесі алға шығады. «Әдетте қандай да бір мессенджер қаржылық сервис ұсына бастағанда, адамдар мұндай қосымшаны өшіре қоймайды. Айталық, біз дүкенде не кофейняда дисконт картасын алған болсақ,  оны сөмкеде, портмонеде, жұмыс столының тартпасында сақтап ұстаймыз. Тіпті, қолданбасақ та, лақтырмаймыз. Портмоне әсері деген де осы. Мысалы, сіз ТуріРау  қосымшасын жүктеп алсаңыз, тиімді қаржы инструменті әрқашан қол астында болады деген сөз", - деп түсіндіреді Батыржан Исмұхамбетов.

Дәл қазір жоба иелері монетизациялау қажеттілігін көздеп отырған жоқ. Экономика мен кіріс қажеттілігі алға шыққан тұста, мұндай жобадан пайда жоқ, деп есептейді Исмұхамбетов.  «Біз аударымдар үшін үстеме алмаймыз, жобадан ақша табуды мақсат етпейміз. Біз үшін қолданушылардың сенімі, оң ниеті маңыздырақ. Мұны көріп, байқай алған тұтынушы, бізді де сыйлап, кем дегенде, бізің қосымшаны өшірместен сол күйінде қалдырады", - дейді ол.

Әлбетте, бұдан ТуріРау сынды жобаларды finteh нарығының «қара жаяу»  байғұстары деп қарастырған дұрыс емес. Бұл жоба венчурлық инвесторлардың назарына іліге алған. Ал олар үшін компания дәл қазір пайда таба ма, жоқ па – маңызды емес. Ең бастысы, бизнесті масштабтап, өсіріп, капитал ауқымын ұлғайта білуі керек. Ал жоба ақша әкеле бастаған тұста, венчурлық инвестор өз үлесін мейлінше ірі стратегиялық не портфельдік инвесторға сатып жіберуі әбден мүмкін. 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить