Пандемия кезіндегі турбуленттілік

11829

Әуе тасымалына толыққанды сұраныс 2024 жылы қалыпқа келуі мүмкін

ФОТО: © Shutterstock

Турбуленттілік – авиа сала үшін жақсы таныс ұғым. Бірақ бұл жолы әуе тасымалындағы сілкініс әлем нарықтарын жайлаған COVID-19 салдарында туындап отыр. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (ІАТА) әуе компанияларына пандемиядан келген жаһандық зардапты 113 млрд АҚШ долларымен бағалады. Бұл тұрғыда залал нәтижелерін есепке алған қазақстандық компаниялардың шығын көрсеткіштері де айтарлықтай қомақты.

Отандық SCAT Airlines өкілдері төтенше жағдай кезіндегі (наурыз-сәуір) шығындар компания үшін оңай тиген жоқ деп отыр: салық және өзге де міндетті төлемдермен қатар, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық деңгейін қалыпта ұстап, жүзеге аспай қалған рейстер бойынша жолаушыларға билет құнын қайтарып беруге тура келді. Сол сияқты, репатриациялық рейстердің шығыны тағы бар. Оның сыртында, қызметкерлерге жалақы төлеп, ғимарат және ұшақ тұрағының жалдау шығынын өтеу керек. Әуе компаниясының 2020 жылдың наурыз-сәуір айларындағы тікелей шығындары 5,6 млрд теңгенің үстіне шыққан. Осы кезең аралығында компания көзделген табыстан қағылғанын ескерсек, шығын сомасы 18 млрд теңгеден асып кетеді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша SCAT әуе компаниясы 2,2 млн жолаушы тасымалын жүзеге асырған. «Біздің бүгінгі болжамдарымызға сай, 2020 жылдың қорытынды көрсеткішінде жолаушы тасымалы былтырғы ауқымның 50%-нан төмен болуы ықтимал. Егер елімізде қосымша шектеу шаралары қайтадан енгізілсе, көрсеткіш бұдан да төмен болуы мүмкін», – дейді компания өкілдері.

Өз кезегінде «Эйр Астана» акционерлік қоғамының қорытынды деректері бойынша, 2020 жылдың 9 айында әуе компаниясының таза шығыны 35,96 млрд теңгеге жеткен. Компанияның былтырғы жылғы таза пайдасы 9,09 млрд теңгені құраған болатын.

Жолаушы тасудан жүк тасуға дейін

Сала ішіндегі ойыншылардың пайымынша, «бүгінгі жағдай жыл соңына дейін түзеле қоймайды». Қыстың көзі қырауда – әуе тасымалын таңдайтын жолаушылар саны онсыз да аз. Оның сыртында, әлем бойынша коронавирустың екінші толқыны көрініс беруде, соған сәйкес Қазақстан билігі халықаралық рейстер санын қысқарту секілді шектеу шараларын қайтадан енгізуде. Әуе компанияларының соңғы үміті ішкі рейстер, бірақ бұл арада да өзіндік гәп бар.

Жергілікті санэпидемиологиялық органдардың шешіміне орай, биыл күзде еліміздің бірқатар өңірлерінде ұшақ жолаушыларынан коронавирусқа тапсырған тест нәтижесі теріс болғанын дәлелдейтін арнайы анықтама қағазы талап етіледі. Нәтижесінде қалың көпшілік тасымал транспортының өзге түрлеріне иек артуда, ал кей жолаушылар тіпті жолға шығу жоспарларынан бас тартуда. Сол себепті де отандық әуе компаниялары ішкі бағыттағы өз рейстерін қысқартуға не оларды ұшу кестесінен алып тастауға мәжбүр. Мысалы, FlyArystan Шымкенттен Өскемен бағытында ұшатын рейстен бас тартқан: биыл күзде Шығыс Қазақстан аумағында жұқпалы дертке шалдыққандар саны күрт өсіп кетті.

Әлбетте, денсаулық сақтау саласының өз ережелері, тәртіптері аз емес, ал пандемия жағдайында әуе компаниялары бұл талаптарды қатаң ұстануы тиіс. Сондықтан да олар өз иелігіндегі тасымал құралдарына қатысты қосымша мүмкіндіктерді қарастыруда. SCAT өкілдерінің айтуынша, карантин барысында әуе компаниясы жүзеге асырған жүк тасымалының көлемі 2 еседен астам өскен. Былтырғы жылдың наурыз-сәуір айларында әуе компаниясы 210 тонна жүк тасымалын жүзеге асырса, биылғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 450 тоннадан асқан. Сол сияқты, пандемия кезінде Қазақстанға өмірлік маңызы бар тауарларды жеткізу көлемін ұлғайту барысында SCAT қол астындағы жолаушы тасушы әуе кемелерінің бір қатарын жүк тасушы етіп қайта жабдықтауға ұшақ жасаушының ресми рұқсатын алған.

«Эйр Астана» да өзіне тиесілі ең ірі әуе лайнерін жүк тасу ұшағы ретінде қайта жабдықтағанын мәлім етті. Бұл үшін әуе компаниясы Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық агенттік (EASA) пен Қазақстанның Азаматтық авиация комитетінің рұқсатын алып, Boeing-767 және Airbus А321 модельдерінен бір ұшақтан пайдаланған. «Эйр Астана», сондай-ақ жалға алу мерзімінің соңын күтпей-ақ бір Boeing 757-200 және төрт бірдей Embraer E190 ұшағын қолданыстан шығаруға жөн көрген. Әрине, компания жаңа ұшақтар қатарын толықтыруға да мән беруде. 2015–2017 жылдары «Эйр Астана» Airbus A320neo лайнерлерін жалға алу туралы келісімге қол қойды. Келісімшарт бойынша 2020 жылдың екінші жарты жылдығында және 2021 жылы компания паркіне жеті бірдей әуе кемесі жеткізілуі тиіс. Ал Boeing-787 Dreamliner моделіндегі үш ұшақтың жеткізілуі 2023 жылдың еншісіне қалған.

Дағдарыстан келген шығындарға қарамастан SCAT та өз жоспарындағы инвестициялық жобалардан бас тартпаған. Әңгіме халықаралық «Шымкент» әуежайындағы жолаушыларға арналған жаңа терминал құрылысы туралы.

«Бүгінде мұндағы барлық жұмыс бекітілген жоспарға сай жүріп жатыр, – дейді компания өкілдері. – Қазірге дейін құрылыс-монтаж жұмыстарының 80%-дайы жүзеге асып, инвестиция түріндегі 5 млрд теңге игерілді. 2020 жылдың соңына дейін бұл сома 10 млрд теңгені құрауы тиіс».

ФОТО: © Shutterstock

Әйтсе де отандық әуе компанияларының «пайдаға шығу» кезеңін дәл қазір нақты белгілеп көрсету оңай емес. SCAT өкілдері алға тартқан оптимистік болжамдар бойынша, 2019 жылдың көрсеткіштеріне шығу үшін әуе компаниясына шамамен 1,5–2 жылдай керек. Өз кезегінде «Эйр Астана» сарапшылары, егер пандемия әрі қарай тереңдей түссе, ұшу бағыттарына қатысты шектеулер 2021 жылдың 30 маусымына дейін сақталуы мүмкін деп отыр. Оның өзінде халықаралық рейстердің үлесі едәуір қысқарып, ішкі рейстерге қатысты талаптар өз күшінде қалуы ықтимал.

Айта кетейік, елімізде карантин жарияланған тұста ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Азаматтық авиация комитеті бірлескен түрде отандық авиация саласын қолдау шараларын әзірлеп ұсынды. 2020 жылдың 20 сәуіріндегі қаулысымен ел үкіметі кейбір салықтар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерлемесіне қатысты «нөлдік» түзету коэффициентін белгілеу туралы шешім шығарды.

«Мысалы, қызметкерлердің жалақысына есептелетін салықтардан үш айға босатты, сөйтіп біз бұл қаражатты өндірістік қызметті қалыпқа келтіруге бағыттай алдық. Ұшақтардың техникалық қызметі мен лизинг бойынша заң қызметіне қатысты резидент емес тұлғаларға салынатын ҚҚС төлемінің мерзімі 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды. Әрине, бұл әуе компаниялары салық төлеуден мүлдем босатылды деген сөз емес, бірақ қалыптасқан жағдайға орай, біз шығындардың бір бөлігін кейінге қалдыруға мүмкіндік алдық», – деп түсіндіреді SCAT өкілдері.

Ішкі рейстерге сұраныс бар

Айта кету керек, авиа нарықтағы шектеулер тек әуе компанияларына ғана әсер етіп қойған жоқ: 2020 жылдың сәуір айында онлайн сервистердің әуе тасымалына билет сату сегменті біраз уақыт тоқтап қалды. Есесіне, мамыр айында – әуе рейстерінің қайтадан іске қосылуымен, билет саудасы өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға дейін ыршып өсті.

«Карантин кезінде оффлайн агенттіктер жұмыс істеген жоқ, мамыр айында әуе тасымалы билеттеріне онлайн сұраныстың артуының бір себебі осында, – деп түсіндіреді Aviata.kz директоры Николай Мазенцев. – Ал шілде айында өсім көрсеткіші 2019 жылдың сәйкес кезеңіне шаққанда 52%-ды құрады. Біз қазір де сұраныс өсе түскенін байқап отырмыз. Маңызды ескерту: биыл ішкі рейс-тер бойынша билет саудасының үлесі 97%-ды құрап отыр, ал былтыр 85% шамасында болатын. Яғни, қазақстандықтар ел ішінде белсене саяхаттап жүр деген сөз».

Әйтсе де биылғы көктем аталған сегмент үшін де оңай болған жоқ. Елімізде төтенше жағдай жария етілгенде жүзеге аспай қалған рейстердің жолаушыларына ақшасын қайтару деген ауқымды мәселе көлденең шықты. Бұл кезеңде тоқтатылған рейстер бойынша қайтарылған ақшаның жалпы сомасы шамамен 6,5 млрд теңгені құраған. 2020 жылдың 16 наурызы мен 11 мамыры аралығында Aviata.kz миллионнан астам жолаушының сұрақтары мен өтініштерін қарастырып, есепке алған.

«Бүгінде біз авиабилеттердің 95%-ның ақшасын қайтарып бердік. Ішкі рейстерге қатысты өтініштер бойынша қаражат 100% қайтарылды, халықаралық компаниялар бойынша клиенттердің барлық өтініштері қаралып, есепке алынды. Әуе компанияларының біразында билет құнын қайтарудың өзіндік тәртіптері, талаптары бар. Қазір клиенттердің бірқатары өз ақшаларын әлі де күтіп отыр, өйткені біз әуе компанияларының қаражатты қайтару жылдамдығына тәуелдіміз», – дейді Николай Мазенцев.

«Бүгінде көптеген елдердің шекарасы қазақстандықтар үшін әлі де ашылған жоқ, бірақ жағдай күн сайын өзгеріп отырғанын ескерсек, қысқа мерзімге негізделген келешекке де болжам айту оңай емес. Мысалы, биыл жазда Украина және Түркия бағыттарында рейстер ашылғанымен, бір аптадан соң қайтадан жабылып қалды. Дәл қазір әуе қатынасы қалыпқа келді деген бағыттар бойынша рейстер саны, пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда едәуір төмен», – дейді Aviata.kz басшысы.

Посткарантиндік кезеңдегі Қазақстан бойынша ең тартымды рейстер деп Николай Мазенцев Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтау және Атырау бағыттарын мысал етеді. Бұл бағыттар бойынша әуе тасымалына деген сұраныс өткен жылдан кем емес. Ал халықаралық рейстер бойынша сұранысқа ие ТОП-5 авиабағыт: Ташкент, Ыстамбұл, Бішкек, Минск және Анталья болса керек. 2019 жылы бұл тізімді: Мәскеу, Ыстамбұл, Ташкент, Баку және Тбилиси құраған. Аталған «бестік» бұл бағыттардағы рейстерге деген қолжетімділік көрсеткіші негізінде қалыптасқан.

Сарапшы, сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда, ішкі бағыттардағы билеттер бойынша орташа чек карантинге дейінгі кезеңнен 5–10% төмен деп отыр. Халықаралық рейстер бойынша жағдай ептеп өзгеше: пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, әуе қатынасына рұқсат берілген бағыттар қазір көп емес, сондықтан да саудаға түскен билеттер әп сәтте сатылып кетеді. Яғни, сервисті қолданушылар шетел бағытындағы билеттерді қымбат болса да дереу сатып алуға ниетті, сол себепті халықаралық рейстер бойынша орташа чек көрсеткіші едәуір өскен.

«Бүгінгі таңда сұранысқа ие негізгі үш бағытты салыстырсақ, Қазақстаннан Ыстамбұл бағытындағы орташа чек 41%-ға, Ташкент бағытында – 36%-ға, Мәскеу бойынша (рейстер саны ең аз бағыт) – 55%-ға өскен», – дейді ол.

Николай Мазенцевтің айтуынша, бүгінде халықаралық рейстер бойынша карантинге дейінгі ауқымның 11%-ы ашылып, жүзеге асырылуда. Оптимистік болжамдарға үміт артсақ, 2021 жылдың мамырына қарай Қазақстанмен әуе байланысы бар халықаралық бағыттардың 50% -ы іске қосылып, 2021 жылдың соңында 90%-ы орындала бастайды. Ал пессимистік сарындағы болжамдарға құлақ ассақ, алдағы жылдың көктеміне қарай – 20%-ы, жыл соңында 50%-ы ашылуы мүмкін. «Қаржылық жоспарларда біз осы болжамдарды негізге алып отырмыз», – дейді Николай Мазенцев.

Айта кетейік, Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) мәлім еткен болжамдар бойынша, әуе тасымалына деген толыққанды сұраныс тек 2024 жылы қалыпқа келуі ықтимал.

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить