Made in Kz: Қазақстандағы ұлттық қолөнер ұлттық брендке айналуы тиіс

14513

Құнды металдардан әзірленген отандық әшекей бұйымдар қалай бағаланады, нарықтағы бәсеке қандай, шетел нарығына шығуға не кедергі

2017 жылы Қазақстан нарығында Qazaq International Holding компаниясы өз жұмысын бастағаны белгілі. Бизнес индустрияның түрлі бағыттарын әлемдік деңгейде дамытуды қолға алған холдинг Qazaq Zerger, Qazaq Media, Qazaq Turizm, Qazaq Academy сынды жобаларды іске асыра бастады.

Forbes.kz солардың ішінде зергерлік өнердің нарықтағы орны, баға мен сапа жайында Qazaq International Holding негізін қалаушы Марат Мәуленнен сұхбат алды.

F: Қазіргі зергерлік бұйымдардың нарықтағы жағдайы қандай? Өндіріске қатысты дерек бар ма?

- Иә, 2018 жылдың қаңтар айына сәйкес отандық нарықтағы өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірісі 5978 кг жетті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға жоғары. Күміске қатысты бұл көрсеткіш 2017 жылғы кезеңмен салыстырғанда 12,2% қысқарып, 59 644 кг  құраған.

Алайда,  өндірістің тұрақтылығына және өсіміне қарамастан, отандық зергерлік нарығындағы шетелдік және контрабандалық өнімдердің үлесі жоғары деңгейде сақталынуда. Біздегі дерек бойынша Алматының өзінде зергерлік өнімдердің 70% заңсыз жолмен енгізіліп, төмен бағамен сатылады. Нәтижесінде, отандық зергерлер өз өнімдерінің бағасын 30-50% дейін төмендетуге мәжбүр. Сондықтан,  нарықтық экономикаға сәйкес шикізатты елде, зергерлік өнімдерді өңдеу мен өндіру шараларын қолға алу керек.

F: Qazaq International Holding» қашан және қалай құрылды? Миссиясы қандай?

– «Qazaq International Holding»   2015 жылдың 8-қаңтарында құрылды. 90 жылдары  Түркияда білім алып жүргенде «Алтын шаршы» аталатын алтын және күміс бұйымдары сатылатын орында көп болдым.  Сонда ерекше дизайнмен жасалған керемет  бұйымдарды көріп, қатты қызықтым. Осы кезде Қазақстанда неге  зергерлік компания құрмасқа деген  идея келді және бұл мақсат жүзеге асты. Оның миссиясы- отандық шикізаттан әшекейлерді және сувенирлік бұйымдардың өндірісін күшейту, бәсекеге қабілетті өнімдерді шығара отырып, ұлттық  брендты дүниежүзіне таныту.

F: Қазақстандағы зергерлік өнердің беталысы қандай? Сіздердің компаниямен  қолөнершілер, зергерлер арасында қандай байланыс бар?  Жұмыс жүйеленген бе?

– Біз зергерлік өнерді дамыту мақсатында «Qazaq Zerger» компаниясының шеңберінде «Qazaq Altyn», «Qazaq Kumis», «Qazaq Suvenir» жобаларын жүзеге асырудамыз. Әшекей бұйымдарды жасап, оны сатушылардан құралған зергерлер лигасы бар. Қазір сол орталықпен байланыстамыз. Болашақта қауымдастық құру ойымызда бар. Біздің мақсатымыз – өндірісті көбейту, бәсекелестікті  арттыру. Бұл бизнесті дамыту жоғары потенциалға ие. Алайда, шетелдік өнімдердің басымдылығы, қажетті инфрақұрылымның болмауы, шикізатқа деген басымдылық ішкі нарықта тұрақсыздық жағдайын тудыруда. Нәтижесінде зергерлік өнер мен өндіріс заман талаптарына сай даму мүмкіншілігіне ие емес.

F: Қазіргі күні қандай өнім түрлерін шығарасыздар?

- Қазіргі күні 40 астам астам бұйым шығарамыз. Оның ішінде күміс,алқа,білезік,сақина түрлері. Болашақта бұл көрсеткішті 500-ге жеткіземіз деген жоспар бар.  «Зергер –монтаждаушы» мамандарын қайта оқыту жолға қойылды. Жуырда 20 адамды жергілікті «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы «Атамекен» ҰКП реестрінен өтіп, қайта даярладық және мамандандыру бойынша 20 мекеменің қатарына кірдік.

F: Өзіңіз айтып өткен отандық брендті шетелге таныту үшін нақты не жасау керек?

– Біріншіден, зергерлердің басын қосатын арнайы шаралар өткізіп отыру керек.  Яғни, шикізаттан бастап, дайын зергерлік өнім шыққанға дейін өзара  байланыс болуы тиіс. Екіншіден, бұл бизнеске мемлекет тарапынан қолдау, қаржылық, шет елге шығу үшін құқықтық көмек керек.  Қазірде кәсіпкерлер палатасы, жергілікті әкімшіліктер тарапынан қолдау бар. Бірақ, бұл аздық етеді.  Үшіншіден, зергерлік  дүкендер санын көбейту керек. Ал  шетелге таныту үшін үкіметтің қолдауы керек. Мысалы, Түркияда белгілі бір зергерлік бренд экспортқа шығатын болса билік дүкендерді жалға алу үшін қаржылай көмек береді.  Біздің елде де солай болса. 

F: Қазақстандық әшекей бұйымдарға деген сұраныс қандай? Экспорт жолға қойылды ма? Олардың ауқымы қандай?

– Қазіргі уақытта әшекей бұйымдарына сұраныс жоғары, әсіресе жас буын арасында сән құралы ретінде танымал. Тұтынушылардың талғамы да, бұйымдарға деген көзқарасы да жақсарып келеді. Qazaq Zerger қазақи ою-өрнектермен заманауи стильде бұйымдар шығаруды қолға алуда. Экспортқа шығаруға келетін болсақ Қытайда, Моңғолиядан тапсырыстар  түсіп жатыр. Келешекте сол елдерде өз дүкенімізді ашсақ деген ниетіміз бар. Қазіргі күні Өзбекстан, Германиядан сұраныс бар.Бүгінгі таңда осы бағытта жұмыс басталды.

F: Қазір қандай бұйымдаға сұраныс жоғары? Олардың құны қандай?

- Сұраныс бәріне бар. Бірақ соның ішінде күмісті көп алатын болды. Олардың бағасы әртүрлі. Мәселен жеке саудадағы 1 грамм күміс 1000 теңге болса, көтерме саудада 1 грамм 800 теңге болады. Сәйкесінше, біздегі дайын күміс әшекей салмағына сай 10 000-15 000 теңге болуы мүмкін. 

F: Компания шикізат көзін қай жақтан алады? Сіздер жасап шығарған өнімнің құны қалай бағаланады?

– Qazaq Zerger шикізатты арнайы тапсырыспен мамандандырылған компаниялардан алады. Тауардың құны қалай бағаланатынына келетін болсақ, компаниядағы шығындарды екіге бөліп қарастыруға болады: айнымалы шығындар және тұрақты шығындар. Тұрақты шығындар қатарына шикізат шығыны, өндірістік шығындар және персонал еңбекақысы жатады. Ал айнымалы шығындар негізінен өндірілетін өнім көлеміне байланысты бола отырып, әртүрлі көлемде есептелінуі мүмкін. Соңында Холдинг бұйым бағасының үстіне өзінің белгілі бір пайдасын қосып, нарыққа ұсынады.

F: Жоғарыда контрабанда туралы айттыңыз. Олар қайдан келуде? Не істеу керек?

- Негізі зергерлік бұйымдар Қытай, Ресей, Украина, Түркия, Таиланд, Үндістан, т.б. елдерінен ресми және бейресми жолмен келіп жатады.  Олар негізінен Алматыдағы  базарларда сатылатыны мәлім. Арасында сапасы төмендері көп. Кейде алтын, күміспен басқа да металдардың араласып жатқанын байқаймыз. Оның бағасы да төмен болады. Ал күмісті таза 925-сынамамен өндіріп жатқан шеберлердің бұйымдары қымбат көрінеді. Шетелден зергерлік өнім әкелушілер салықтық шығындарды төлемейді. Нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлерге қатысты бағалық теңсіздікті қалыптастырады. Сондықтан осындай бейресми жеткізу мен көлеңкелі бизнеске тосқауыл қоюды үкімет болып қолға алған дұрыс.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube