Қазақстандағы туризмді дамытуды Швейцария қолға алатын болады

5981

Әлем саяхатшыларына әйгілі елдің тәжірибесі мен стандарттары қалай енгізіледі

Фото: pixabay.com

Неге Швейцария, аталған мемлекеттің бұл саладағы табысы қандай, бірлескен жұмыс қалай жүзеге асады, саяхат статистикасы қалай өзгеруі мүмкін? Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының басқарма басшысы Рашид Күзембаев мәлім етті.

Рашид Талапұлының айтуынша 2018 жылдың қараша айының басында «Kazakh Tourism» компаниясының өкілдері Швейцария Конфедерациясында болып қайтты. Аталған сапар барысында Женева мен Цюрих қалаларында 50 астам жергілікті туристік компаниялар мен инвесторлардың қатысуымен роуд-шоулар ұйымдастырылды. Қазақстан тарапы бұл басқосуларда ең тартымды деген Қазақстанның туристік өнімдері мен «Топ-10» республикалық туристік картаға кіретін бірқатар инвестициялық жобаларды таныстырды.

- Бұған қоса Мемлекет басшысының елімізде туризм университетін ашуға қатысты берген тапсырмасына сай біздің делегация «Ecole Hotelier Geneve» мектебінде болып қайтты. Онда арнайы мамандар және туризм саласында желілік қызмет ұсынатын қызметкерлер дайындалады. Білім ордасы өз кезегінде Қазақстанда университет ашуға ықпал етуге және біз үшін арнайы оқыту бағдарламасын әзірлеуге қызығушылық білдірді, – дейді басқарма басшысы.

Рашид Күзембаевтің айтуынша аталған сапарда тағы бір маңызды кездесу Женевада өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумның туризм мен саяхат бәсекелестігінің индексі жөніндегі өкілдерімен болды. Спикердің пікірінше бұл индекс қазіргі күні қолға алынып жатқан туризм туралы мемлекеттік бағдарламасының бірден бір индикаторы болуы тиіс.

- Сонымен қатар, бірқатар ресми кезделсулер өткіздік, оның ішінде Швейцария Мемлекеттік хатшылығының экономикалық мәселелері жөніндегі басшылғы (SECO), Swiss Tourism, Swiss Health, Swiss Education Group және бірқатар өзге де компаниялар бар.

Кездесу нәтижесінде Kazakh Tourism мен Swiss Tourism арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес, Швейцария тарапы Қазақстанның ұлттық саябақтары мен таулы аймақтарында жыл бойығы туризмді дамытуға атсалысып, тау гидтері мен шаңғы нұсқаушыларын дайындау бойынша стандарттарды бейімдеу мен енгізуге көмектеседі. Сондай-ақ, аталған құжат туристік өнімдерді ілгерілетуге, ақпарат алмасуға және екі ел арасында тығыз байланыс орнатуға негізделген, – дейді сұхбат беруші.

Компания өкілдері ұсынған дерек бойынша 2017 жылы Швейцарияның қонақ үйлеріне 98,1 млн турист орналасқан. Демалушылардан түскен пайда бір жылда 51,3 млрд CHF (швейцариялық франк) құраған. Яғни, аталған мемлекеттегі туризм кіріс жағынан фармацевтика, метал өндіру мен машина жасау, сағат жасау, қаржы саласынан кейінгі 5-ші орындағы индустрия болып табылады. Ал бұл салада жалпы 192 мыңнан астам адам жұмыс істейді екен.

Қазақстан өз кезегінде дамыған елдің тәжірибесін меңгеріп, қысқы, шаңғы және жыл бойы жалғасатын туризмді ұйымдастыруды қолға алатын болады. Қазір нақты іс-жоспарлар белгілі, тараптар арасында нақты келісімдер бар және 2019 жылдан бастап Швейцарияның өкілдері Қазақстандағы туризмді дамыту үшін арнайы келетін болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить