Қазақстандағы кітап нарығының жағдайы қандай

15574

Маркетинг пен менеджмент қаншалықты жолға қойылған

Фото: pixabay.com

Ғаламтор баспа бизнесі мен кітапқа деген сұранысқа қалай әсер етті? Кейінгі жылдары баспа өнімдерінің шығарылымы не себепті төмендеді, қандай баспаханалар көш бастап тұр, жазушы мен оқырман арасын жақындатудың жолы қандай? Forbes.kz ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының «Статистика және кітап нарығына мониторинг жасау» бөлімінің басшысы Алтын Абдрахмановадан сұхбат алды.

F: ҚР Ұлттық мемлекеттік палатасының тарихы кеңес кезінен бастау алатынын білеміз. Ал бүгінгі таңдағы миссиясы мен міндеті қаншалықты өзгерді? Халықаралық тәжірибе қаншалықты енгізілуде?

Алтын Абдрахманова
Алтын Абдрахманова

- ҚР Ұлттық мемлекеттік палатасына биылғы жылы 81 жыл толады. Міндеті мен мақсаты айтарлықтай өзгерген жоқ десек те болады. Кеңес заманында келіп түсетін басылымдардың библиографиялық сипаттамаларын қолмен, кейінірек машинкамен жазып толтырылған болса, қазіргі таңда Web-РАБИС бағдарламасына енгізіліп отыр. Web-RABIS толық мәтінді және гипермәтіндік дерекқорларды сақтауға мүмкіндігі бар. Бұл әлемнің кез- келген жерінен құжаттардың толық мәтінімен және мобильдік құрылғылар арқылы электронды каталогтарға шолу жасауға мүмкіндік береді.

F: Қазірде Қазақстандағы кітап нарығының жағдайы қандай? Өндіріс көлеміне, қаржы айналымына, тапсырыс пен таралым туралы сандар бар ма?

- Жалпы алғанда еліміздегі кітап шығару ісінде соңғы оншақты жылдың көлемінде ілгерлеушілік болғаны рас. Алайда 2016-2017 жылдары баспа өнімдерінің шығарылымы сәл бәсеңдегенін көреміз. Бұл өзгеріс өмірізге интернет желісінің дендей енуімен байланысты болар деп болжауға болады. Баспа өнімдерінің сапасы кейінгі технологиялардың ықпалымен жоғарылағанымен, оларға деген сұраныстың сәл кемігенін байқауға болады.

F: Кітап дүкендері қаншалықты артты? Ондағы оқулықтар мен әдебиеттер үлесі қандай? Қай елдердікі? Қазақша туындылардың үлесі қандай? Сұраныс қаншалықты артты? Олар негізінен қандай еңбектер?

 - Кітап дүкендері туралы мәліметтер Кітап палатасында сақталмайды. Олардың не сатып жатқанын жай оқырман, сатып алушы ретінде ғана айтсақ, қазақша туындылардың үлесі салыстырмалы түрде аз сияқты көрінеді. Ал қазір сұраныс балаларға арналған қазақ тілді басылымдарға көбейіп отырғанын байқауға болады.

F: Жарыққа шыққан оқулықтар мен көркем әдебиеттердің үлесі қандай?

- Біздегі мәлімет бойынша, Кітап палатасына 2017 жылы 4221 кітап, оның ішінде оқулықтар саны – 1671 (39,5%), көркем әдебиет – 681(16,1%) келіп түскен.

F: Қазіргі күні баспаханалар белсенділігі қандай деңгейде? Кейінгі жылдардағы көрсеткіштер қандай? Өндіріс бойынша кімдер көш бастап тұр?

 - Қазақстанда қанша баспа бар екенін нақты көрсете алмаймыз. Белгілісі, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына баспа және баспа ісімен айналысатын 290 мекемеден кітаптар келіп түскен. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 394-ке тең болатын. 2016 жылмен салыстырғанда 104-ке кеміген. Осы сияқты мәліметтер Кітап палатасынан жылына бір рет шығатын статистикалық жинақтарда жарық көріп отырады. Кітап палатасы жыл сайын таралымы бойынша, атау саны бойынша ең көп кітап шығарған алдыңғы қатарлы он баспаны анықтап отырады. Сол қатарда «Атамұра», «Фолиант», «Алматыкітап» , «Мектеп» т.б. баспаларды атап өтуге болады. Қазіргі кезде баспалар мәтін теруден бастап, редакциялау, түзеу сияқты қызметтермен қатар, түптеу, басып шығару, соңында сату, тарату істерін де бір өздері атқарады. Заманауи технологиялармен жабдықталған баспаханалары бар. Әрі жеке сайттары және сол арқылы онлайн тапсырыс жасау мүмкіндіктері қарастырылған.

F: Бүгінгі күні кітап саудасында шет мемлекеттердегідей маркетинг, менеджмент, жарнама мәселесі неліктен ақсап тұр? Осының бәрін бір жүйеге келтіруге бола ма?

- Қазіргі кезде кітап саудасы, оның маркетингі мен менеджменті енді ғана дамып келеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, баспалар кітап нарығын жаңа заманға бейімдеуді енді қолға алып жатыр. Ал сәл кейінге қалып жатса, оның көп себептерінің бірі – авторлардың да өз шығармасының әрі қарайғы өмірі туралы ойланып үйренбегендігі болар. Біздің жазушыларымыз таза шығармашылықпен ғана айнылысқысы келеді. Жазғаннан кейінгі өміріне немқұрайды қарайды. Ал шет елде автор өз шығармасының оқырманға жетуі үшін де өзі жүгіретін кездер аз емес. Біздің де жазушыларымыз жаңа заманға бейімделеді деп сенеміз.

F: Жалпы бүгінгі таңда қазақстандықтар қандай әдебиеттерді көп сатып алады, қандай туындыларға деген сұраныс жоғары?

- Қазіргі таңда заман талабына қажетті кітаптарға қызығушылық басым деп ойлаймын. Мысалы: Роберт Кийосаки «Бай әке, кедей әке», «Квадрат денежнего потока», өзін-өзі жетілдіріп білімін дамыту туралы.

F: Ғаламтордағы кітап дүкендерінің жүйесі қаншалықты дамуда? Онда жинақталған еңбектер санына қатысты деректер бар ма?

- Ғаламтордағы кітап дүкендерінен «Книжной город» дүкенін атап айтуға болады. Оқырмандардың «Атамұра», «Фолиант», «Алматыкітап», «Мектеп» баспалары шығарған басылымдарын flip.kz сайты арқылы тапсырыс беріп сатып алуға мүмкіндіктері бар. Кітап дүкендеріндегі жинақталған еңбектер туралы ақпарат бере алмаймыз. 2018 жылы Кітап палатасы мен Ақпараттық-технологиялық орталығымен бірлесе отырып, SMART QALAMGER әлеуметтік маңызды жобаны бастамақшымыз. Жобаның мақсаты: жас және аға буын ақын-жазушыларға, журналистерге, ғалымдарға жан-жақты қолдау көресету және тегін сайтпен қамтамасыз ету, интернет желісіне қосу, айта кетерлігі туындыларын өз сайтында саудаға қоюға мүмкіндіктері бар.

F: Жазушы мен оқырман арасын жақындату үшін не керек? Шет елдердегідей әдеби агенттіктер құру керек пе?

- Осыдан біраз уақыт бұрын біздің директорымыз Әлібек Асқар «Кітап шығару ісінде хаос» бар деген тақырыпта сұхбат берген болатын. Онда Палата басшысы «Кеңес заманында «Қазкітап», «ҚазТұтынуОдағы» деген ұйымдар болды. «Қазкітап» қалаға, «ҚазТұтынуОдағы» ауылдық жерлерге кітап тарататын. Әр қалада, аудан орталығында Кітап үйі деген болды. Оның бәрі жекешелендіру жылдары сатылып, кітап дүкендерінің көпшілігі азық-түлік дүкеніне айналып кетті. Бір кездері Иманғали Тасмағамбетов премьер- министрдің орынбасары қызметін атқарған тұста, сол кісінің тапсырмасы бойынша еліміздегі кітап дүкендеріне санақ жүргізіп, оның қаншасы жұмыс істеп жатқанын анықтағанбыз. Сол кезде әр аудан өз бюджетіне бір-бір кітап дүкенін ашып, тек Қазақстанда шыққан кітаптарды сатсын деген идея айтылған еді. Ауылдағы ағайынның жағдайы төмен болғандықтан, кітап сатпақ тұрмақ, онда жұмыс істейтін сатушының жалақысын тауып беру бізге қиындық тудырады деп әкімдер оны өз бюджетіне алудан бас тартты» деген болатын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить