Қазақстандағы криптонарық: FinTech Lab немесе сынақ алаңы

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әлемдік блокчейн экожүйесіндегі алдыңғы қатарлы Binance компаниясымен арада ынтымақтастық меморандумына қол қойды

ФОТО: © pixabay.com

2022 жылдың 25 мамырында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Binance криптобиржасының негізін қалаушы әрі бас директоры Чанпен Чжаоны қабылдады. Кездесу барысында еліміздің салалық құрылымдары мен Binance компаниясы арасында цифрлық қаржы, блокчейн технологиялары бойынша білім беру бағдарламаларын бірлесе жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланып, Қазақстанда криптоиндустрияның аймақтық хабын құру мәселесі әңгіме болды.

Binance – әлемдегі ең ірі криптовалюталық биржа. Криптовалюталық мәліметтердің әлемдік ірі агрегаторы болып табылатын CoinGecko деректерінше, Binance биржасындағы бір күндік споттық сауда ауқымы 14 млрд АҚШ долларынан асады, ал деривативтер бойынша көрсеткіш 50 млрд доллар шамасында.

Өз қолданушыларына цифрлық активтер мен қаржы өнімдерінің жиынтығын ұсынатын Binance – блокчейн индустриясына қажет инфрақұрылымдық шешімдер жеткізуді қолға алған. Әлемдік криптовалюта экожүйесінде бұл компания сауда және қаржы, білім және зерттеу қызметі, қайырымдылық, бизнес-инкубация, орталықсыздандыру тетіктері сынды өзге де бірқатар салалар аясында криптовалюталық өнімдер мен шешімдер ұсынады.

Отандық криптонарық қалай реттеледі?

Қаржы технологиялары, криптовалюта, биткойн, блокчейн – байқасақ, мұның бәрі жаңа технологиялармен байланысты ұғымдар. Қазақстанда криптовалюта әзірше тек «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) ғана реттеледі. Қазақстандық юрисдикцияда қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді реттеуге және пайдалануға дәл қазір біздің елде тыйым салынған, яғни олардың жұмысы Қазақстанда шектелген.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (Astana Financial Services Authority – AFSA) қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерге лицензия беріп, тіркеумен, аккредитациялаумен айналысатын бірден-бір жалғыз орган. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында 64 елден 1300-ден астам компания тіркелген. Олар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа да қызметтерді ұсынады.

2018 жылы AFSA аясында қаржы технологияларымен, цифрлық активтермен жұмыс істейтін компанияларды тіркейтін Fintech Lab атты шағын сынақ алаңы құрылды. Бұл алаңда тіркелген компаниялардың «өмір кезеңі» 2 жыл. Осы екі жылда аталған компаниялар өз қызметтерін дәлелдеп, AFSA талаптарына жауап беретін деңгейге жетсе, қаржы қызметтерін атқару туралы лицензия алып, қаржы орталығының тұрақты мүшесі-қатысушы бола алады. Ал егер сынақ кезеңіндегі екі жылда бұл талаптарды еңсере алмаса, онда Fintech Lab алаңынан кетіп, әрі қарай AFSA аясында да, жалпы, Қазақстанда да жұмыс істей алмайды деген сөз.

Қазір аталған лабораторияда 54 компания жұмыс істейді. 2021 жылы осы алаңшадағы 10 компанияның айналымы 22,6 млн АҚШ долларын құрады. Мұндағы компаниялар цифрлық активтер мен төлем жүйелеріне инвестиция тартумен, краудфандингпен айналысады. Айтқандай, Fintech Lab мүшесі ретінде қазақстандық компаниялармен қатар, өзге елдің компаниялары да тіркеле алады. 2021 жылы бұл алаңшада Қытай (Гонконг), АҚШ, Латвия, Канада, Сингапур секілді 20 шақты елден компания тіркелген.

Майнинг өндіруде төртінші орындамыз

Ашық көздердегі мәліметтерге жүгінсек, криптовалюта нарығындағы сауданың әлемдік ауқымы қазір кемінде 100 млрд АҚШ долларына жеткен, бұл дамушы елдердің бір жылдағы ішкі жалпы өніміне сай көрсеткіш.

Кембридж Баламалы қаржы орталығының ақпараттарына сүйенсек, Қазақстан әлемде цифрлық майнинг өндіру құрылғыларының мықтылығы жағынан төртінші орында (Қытай, АҚШ, Ресейден кейін). Бірақ дәл қазір біздің елде цифрлық активтер айналымы қалыптасты деуге әлі ерте.

Десек те, отандық криптомайнерлер шетелдік юрисдикцияда тіркелген арнайы криптобиржалар мен криптовалюта айырбастаушы онлайн биржаларды жағалап жүргені жасырын емес. Мұндай биржалар қазір әлем бойынша кең тараған. Бірақ олар қаншалықты қауіпсіз? Бұларда  айналымда жүрген қаражат қайдан шықты, кейін қайда бағытталмақ? Ол, тіпті, жымқырылған не терроризмді қолдауға негізделген қаржы болуы да ықтимал ғой? Оның сыртында қазір ел ішінде қаулап өскен қаржы пирамидалары да азаяр емес. ҚР ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы елімізде қаржы пирамидаларынан 31 мыңнан астам адам жапа шеккен, ал қаржылай залал шығыны 54 млрд теңгенің үстіне шыққан.

Критомайнинг нарығына бет алған әр инвестор есте ұстайтын басты қағида – шет елдердегі криптобиржалардың жұмысы Қазақстан тарапынан қадағаланып, реттеліп отырған жоқ. Яғни, инвестордың бұл нарықтағы қаражаты мемлекеттің бақылаушы және реттеуші органдары тарапынан қорғалмаған.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының мәліметінше, AFSA аясында криптобиржаларды тіркеу жұмыстары біртіндеп жолға қойылуда: дәл қазір мұнда 6 криптобиржа тіркелген. Бірақ әзірше олар жергілікті банктерде есеп-шот ашатын мүмкіндікке ие болған жоқ, сондықтан да өз қызметін толыққанды жүргізе алмайды.

Бұл тұрғыда, 2021 жылдың қазан айында құрылған арнайы жұмыс тобы Криптоиндустрия мен блокчейн технологиясын дамытуға қатысты Жол картасын бекітіп, AFSA-да тіркелген, арнайы лицензия алған криптобиржаларды отандық банктермен байланыстыруға негізделген пилоттық жобаны қолға алған болатын. Егер осы пилоттық жоба жүзеге асып жатса, AFSA криптобиржалары банк шоттарын ашып, қызмет көрсетуге көшуі әбден мүмкін.

Айта кетейік, жоғарыда айтылған Жол картасын жүзеге асыратын негізгі мекемелер – АХҚО, ҚР Ұлттық Банкі, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

АХҚО ақпаратынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағында тіркелген цифрлық актив инвестициялық құралдың бір түрі, бірақ ол төлем құралы болып табылмайды.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
14051 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить