Атырау облысында 400-ден астам ресейлік кәсіпкер ретінде тіркелген

21781

Биыл Ресеймен арадағы тауар айналымы 5% артып, 6 айда импорт пен экспорт көлемі 183 млн долларына жетті

ФОТО: pixabay.com

Атырау облысында жыл басынан бері 400-ден астам ресейлік кәсіпкер ретінде тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы сыртқы экономикалық қатынастар бөлімінің басшысы Ерлан Қазбековтің мәліметінше, Атырау облысы мен Ресей Федерациясының арасында тауар айналымының көлемі артқан.

«Қазір мұнайлы өңір 50-ден астам елмен әріптестік, экономикалық және сауда байланысын орнатқан. Сол елдердің қатарында Ресей Федерациясы да бар. Биыл Ресеймен арадағы тауар айналымы 5 пайызға артып, 6 айда импорт пен экспорт көлемі 183 млн АҚШ долларына жетті», – деп хабарлады Ерлан Қазбеков.

Оның айтуынша, Атырау облысына ресейлік тауардың басым бөлігі Астрахань қаласынан әкелінеді. Азық-түлік, оның ішінде консерванттар, май, ұн өнімдері тасымалданады. Құрылыс материалдары да Ресей Федерациясынан әкелінеді. Ал, Атыраудан көрші мемлекетке мұнай өнімдері, металл және металл қалдығы экспортталады.

«Соңғы кезде Атырау облысында ресейлік компаниялардың саны арта түсті. Мәселен, жыл басынан бері Ресейден 127 бизнес иесі келді. Бұлардың қатарында кәсібінің жергілікті жердегі филиалын ашқандар мен түбегейлі қоныс аударғандар бар. Ресей кәсіпкерлері көбіне көлік саласы, IT технология, көтерме сауда және мұнай саласын дамытуға үлес қосып жатыр. Осы кезге өңірде ресейлік 400-ден астам азамат өз бизнесін тіркеді», – дейді Ерлан Қазбеков.

Биыл Атырау мен Астрахань облыстары арасында денсаулық сақтау, білім және ғылым, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, туризм және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қою жоспарланып отыр. Ал, жақында өндірістік нысандар мен тұрғын үйлер үшін су тазартуды іске асыру мақсатында бірлескен келісім жасалған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить