Анимацияға инвестиция тарту арқылы үлкен бизнес жасауға бола ма?

12824

Қазақстанда бұл сала қаншалықты даму үстінде, әлемдік тәжірибе қандай?

Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне Қазақстандық анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы, «Astana Film» жастар киностудиясының негізін қалаған әрі оған жетекшілік ететін Жәнібек Нұрбекұлы айтып береді.

F: Сіз басқаратын студияның негізі қалай қаланды, қалай құрылды?

Жәнібек Нұрбекұлы
Жәнібек Нұрбекұлы

- Студия 2009 жылы Астанаға алғаш диплом алып келгенде құрылды. Басында тапсырыс алу өте қиын болды. Анимациялық фильмдерді жасауға көп уақыт кетеді, көп қаржы кетеді. Көптеген телеарналарға бардық, бірақ көңіліміз қалған кездер өте көп болды. Себебі, оларға 30-40 сериалы дайын өнімдер қажет болды. Оның үстіне жаңадан құрылған студия болғандықтан көбі сенбеді, сенгілері келмеді. Сосын мәдениет министрлігіне хат жаздық, «Astana Film» жастар киностудиясы атынан, өнер академиясын бірге бітірген және бірлесіп құрған жеті адамның атынан жолдадық. Ал, министрлік «Қазақфильмге» жолдады, онда анимациялық кино шеберханасы болатын. Сол жерде «Аңшы» деген сценарий жобасын ұсынып, сол жақта алғашқы бойтұмарымыз бекітіліп, 15 минуттық мультфильм жасадық.

F: Жалпы командаңызда қанша адам бар? Олар кімдер?

- Біздің командада негізі тұрақты жұмыс істейтін 8 маман бар. Олардың бәрі тәжірибелі, білікті, анимациялық режиссураның кәсіпқойлары. Сонымен бірге 3д форматының арнайы курстарын оқып шыққан мамандар істейді. Яғни, бұл тұрақты фильмдерді жасайтын команда. Ал, тапсырыс болғанда 20-30 адамға дейін барады. Бұл тек аниматорлар ғана, актерлар, музыканттар, сценарий жазушыларды қосып отырғаным жоқ.

F: Қазақстанда анимация қаншалықты дамуда? Не қажет?

- Қазақстанда анимация жақсы дамып келе жатыр. Өйткені бізде тарихи негіз бар, ең алғаш 1967 жылы Әмен Хайдаров атамыздың режиссерлығымен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты мультфильм жасалды. «Ақсақ құлан», «Қожанасыр-құрылысшы» деген туындылар жарыққа шықты. Бірақ, кейін экономикалық жағдайға байланысты оның бәрі үзіліп қалды. Сосын 2000 жылдардан кейін Әмен Хайдаровтың бастамасымен «Қазақфильм» ішінен анимациялық кино бірлестігі құрылды және сол кезден бастан қысқаметражды туындылар шығарыла бастады. Ал, онда Ермек Аманшаев келген кезде жылына 4-5 анимациялық фильм шығару жолға қойылды. Бұл жас мамандар үшін үлкен қолдау болды. Студенттер үшін осы жерде жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Ал оның соңғы нәтижесі 2018 жылы «Мұзбалақ» және «Күлтегін» атты толықметражды 2 фильмнің шығуы болды. «Balapan»` арнасында 3д форматында 2д форматында 5-6 анимациялық жоба, сапалы сериалдар көрсету жолға қойылды. Осының бәрі жас мамандардың жемісі.

F: Қазір мамандар жеткілікті ме?

- Иә, қазір жеткілікті. Сонымен бірге сапа да жақсаруда. Тек, Астананың өзінде 4 анимациялық студия бар. Алматыда көп. Бұрын оқу орны тек өнер академиясында болса, қазір Астанада, Шымкентте және өзге қалаларда ашылуда. Мысалы, Астанадағы «Qazart» деген 3д анимациялық студия бар, олардың жасаған туындылары Швейцарияда Үндістан, Беларусия,Украинаны басып озып, «Альпі таулары аңыздары» атты сериалды жеңіп алды. Бұл сапа жағынан да, баға жағынан да лайық болды. Қазақстанның Еуропадан тапсырыс алуы анимациялық кино мамандарының жоғарғы деңгейін көрсетеді. Сонымен бірге, тағы бір мақтанатын жағдай Еуразия кинофестивалінде менің шікіртім Мейіржан Сандыбай гран-при жеңіп алды. Бұның өзі үлкен жетістік.

Сонымен қатар, Астана мен Алматыда жұмыс істейтін, жастардан құралған 7 студия бірігіп, Қазақстандағы анимациялық киностудияларының қауымдастығын құрдық. Оның мақсаты-анимациялық киноны дамытуға дұрыс бағыт беру, тәжірибе алмасу, дамыту. Алда жоспар көп. Астана анимациялық киноның ордасына айналса деген ойымыз бар, мемлекеттен қолдау тапсақ, тұрақты түрде қаржы бөлу мәселесін шешсек деген жоспарымыз бар. Осылайша телеарналар аударып көрсетіп жатқан ескі туындыларды жаңартуға мүмкіндік туар еді. Оның үстіне бұл саланы мемлекет өз қамқорлығына алса екен. Себебі, бізде жылына бөлінетін ақша көлемі Американың, Еуропаның бір толықметражды туындысының қаржысына да жетпейді.

F:  Сіз үшін бұл сала қаншалықты табысты? Тапсырыс көлемі қандай?

- Енді бұл өте жас сала. Қаржы мемлекеттен және тек «Қазақфильм мен ««Balapan» телеарнасына бөлінеді. Ал оны мықтап қолға алатын болса үлкен бизнеске айналдыруға болады. Қазақстан географиялық тұрғыдан қолайлы, Орталық Азия, Қытайға шығуға мүмкіндгіміз бар. Бұл үшін кейіпкерлер мен қаһармандар қалыптастырып, олардан ойыншықтар, кітаптар, комикс жасап нарыққа шығару керек, тіпті шет тілдеріне аудару керек. Мысалы, «Күлтегін» мен «Мұзбалақ» және «Balapan» сериалдары кинотеатрларға шыққанда өте көп көрермен келді. Бұған тек мемлекет емес, кәсіпкерлер қаржы салса үлкен табыс табуға болады. Бір сөзбен айтқанда бренд жасау керек.

F: Сапалы әрі кассалық туындыларға қанша қаражат жұмсалады, көлемі белгілі ме, жалпы жақсы анимациялық кино жасау қанша уақытты талап етеді?

- Әлемдік стандарт бойынша Еуропада, Азияда, оның ішінде Үндістан, Ресей, Қытайда бір толықметражды фильмге $15-20 млн бөлу қалыпты жағдай. Ал, енді Голливуд, Уолт Дисней компанияларының бір толықметражды фильмге салатын ақшасы $100 млнға дейін жетеді. Ал, Қазақстанда бір жылдық анимациялық жобаларға $3 млн болса, оның өзі үлкен қуаныш болар еді. Мысалы, жоғарыдағы елдер мен компаниялар бір туындыға 3-4 жыл уақыттарын кетіреді. Ал бізде 9 ай уақыт береді. Себебі, көктемде қаржы бөледі, жаңа жылға дейін есеп талап етеді. Бұл сапаға әсер етеді, шығармашылықты шектейді. Сондықтан, 1 жылда 1 толықметражды анимациялық фильм, кемінде 10 қысқаметраждыны тұрақты жасау керек деп ойлаймын.

F: Сіздің Қытайдан келгеніңізді білеміз? Қай өңірінде тұрдыңыз? Қайда білім алдыңыз?

- Қазақстанға 2003 жылдың тамыз айында келдім. Шынжаң ұйғыр автономиясының Шонжы ауданынан боламын. Қытайда 12 жылдық мектепті аяқтаған соң, Алматыға келіп Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы анимациялық кинорежиссура мамандығын оқыдым. Ал, 2009 жылы диплом алғаннан кейін Астанаға келіп, Қазақ ұлттық өнер университетінде 2010-2012 жылдар аралығында магистратурада оқыдым. Бүгінгі таңда Еуразия Ұлттық университетінде «Түркітану» мамандығы бойынша докторантураның бірінші курсында оқудамын.

F: Ал, Қытайдың бұл бағыттағы тәжірибесі қандай? Қаншалықты дамыған.

- Қытай Оңтүстік Корея, Жапония анимациясының негізінде дамыған. Біріншіден оларда маман жеткілікті. 2007 жылы тәжірибе алуға барғанда бір компанияда 1000, 2000-нан астам аниматор жұмыс істейтінін көрдік. Оның үстіне бізде кафедра ішінде бір ғана мамандық болса, оларда анимациялық кино академиясы бар, оның ішінде 4 факультет бар, оның ішінде бірнеше мамандық бар. Жыл сайын оқу бітіретіндер өте көп. Бұл бір ғана Пекинде. Бұдан бөлек мамандар даярлау орындары әрбір қалаларда бар. Ал, Жапония, Оңтүстік Кореяны айтатын болсақ, оларда да көп. Себебі сұраныс жоғары. Анимацияны айтпағанда, қағаз жүзіндегі комикстар жасау өте жақсы дамыған. Оқырман оларды жол үстінде, метрода, автобуста оқып кете береді. Бұл мамандарға деген сұранысты арттыруда, қысқасы үлкен табыс көзіне айналған. Бір кейіпкерді оқулық, ойыншық, анимацияға айналдыру арқылы бренд жасайды. Бізде де осындай дәрежеге жету үшін үлкен мүмкіндік бар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить