Әзербайжан Қарабақты қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстан инвесторларын шақыруда

13917

Әлем елдерінен қандай компаниялар келді, Қазақстаннан қандай компаниялар қатысады?

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов айтып берді.

F: Құрметті Елші Мырза, ресми Баку екінші Қарабақ соғысынан кейін Әзербайжанға қайтарылған аудандарға қандай жоспар құрып отыр? Тұрғындарды көшіру, қоныстандыру қай кезде басталмақ?

- Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылдың қыркүйегінде басталған Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыс 44 күнге жалғасып, Әзербайжан, Ресей президенттері және Армения Премьер-министрінің үш жақты келісімімен аяқталды. Осыдан кейін мыңдаған тұрғын үшін туған жерге қайта оралатын мүмкіндік туды. Бірақ бұл процес белгілі бір уақытты талап етеді. Бұл үшін қалаларды, ауылдардағы инфрақұрылымды қалпына келтіру керек. Тек осыдан кейін ғана онда адамдарды көшіру, қоныстандыру басталады. Алайда, қазіргі минасыздандыру жұмыстары инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отыр. Себебі қатер әлі сейілмеді. Өкінішке орай біздің қолымызда қауіпті аймақтардың картасы жоқ. Сондықтан аймақтарда әлі де адам шығыны тіркелуде. Олардың ішінде туыстарының зиратына барған бейбіт тұрғындар, құрылысшылар болды. Дегенмен, біз бұл жұмысты ілгерлету үшін Түркиядан және өзге елдерден саперлар тобын тарттық, жоспарды жуық арада орындау үшін өзіміздің мамандарымызды дайындауға барынша көңіл бөлудеміз. Сарапшылардың айтуынша аймақты толық залалсыздау үшін 10-15 жыл қажет. Бірақ біз бұл процесті барынша жылдамдатамыз, бұл жұмысты одан бұрын, санаулы жылдардың ішінде бітіреміз деген ойдамын.

F: Аудандарға бөлінетін инвестиция көлемі белгілі ме? Оның ішінде мемлекеттің, жеке сектордың үлесі қандай?

- Әзербайжан үшжақты келісімнен кейін соғыс салдарынан зардап шеккен, қираған елдімекендердегі, жалпы елге қайтарылған жеті аудандағы инфрақұрылымды қалпына келтіруді бастап кетті. Біз 2021 жылға өз есебімізден $1 млрд 300 млн қаржы қарастырдық. Азат етілген аймақтарға бағытталатын инвестицияның көбі Әзербайжан тарапынан қарастырылады, сонымен қатар, бұл жобаларға инфрақұрылымдық банктер, халықаралық қаржы институттары және өзге мемлекеттер қатысатын болады. Қазірдің өзінде Әзербайжан Физули ауданында тұңғыш әуежайдың құрылысын бастап кетті. Жалпы бұл аудандарда үш халықаралық әуежай салу жоспарлануда, болашақта олардың саны онға жетеді. Одан бөлек, біз Физули ауданы мен Шуша қаласын жалғайтын кең жолақты тас жолдың құрылысын қолға алдық, оның ұзындығы 80 шақырым болады, 8 жолақты жолды жылдың аяғында тапсыруымыз тиіс. Жол құрылысына Әзербайжанмен бірге Түркияның екі компаниясы қатысуда. Қазіргі күні біз Иран Ислам Республикасы шекарасының бойымен Физули, Ағдам ауданын Армян шекарасындағы Зангеланмен байланыстыратын және оларды Шушамен жалғайтын темір жол құрылысын бастадық. Біздің ойымызша бұл бағыт келешекте Арменияның Зангезуры арқылы Нахычеваньды жалғайды және темір жол торабы Түркиямен түйіседі. Яғни, бұл Оңтүстік Шығыс Азия, Орталық Азия елдерін, оның ішінде Қазақстанды Каспий теңізі арқылы Түркия, Батыс елдерімен, тіпті Лондонға дейін байланыстыратын баламалы дәліз болуы тиіс. Жобаны Әзербайжан, Армения, Нахычевань автономиясы және Түркия арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Қазір бұл бағытты жобалау жалғасуда, ал кейбір жерлерде құрылыс басталып кетті.

Рашад Мамедов
Рашад Мамедов

F: Инвестиция қай салаларға тартылуы мүмкін? Қандай бағыттарға басымдық беріледі?

- Біз баламалы қуат көздерін дамытамыз. Қарабақ айналасында «жасыл аймақ» қалыптасады. Су, жел, күн энергиясын өндіретін кешендерді саламыз. Қазірдің өзінде соғысқа дейін қоладынста болған гидроэлектрстанцияларды қалпына келтіруді бастадық. Сонымен қатар, жоғарғы вольтты электр желілерін салу жүріп жатыр, олар қуат беру жүйесі істен шыққан Кельбаджар, Лашын, Губатлы, Зангелан, Физули, Ағдам және басқа аудандарда іске асуда. Осыдан кейін жолдарды жаппай қалпына келтіру басталады, олар үлкен қалалармен аудандарды және ауылдарды байланыстырады. Әзербайжан бұл аймақтарда «Smart-қалалар» мен «Smart- елдімекендер» салуды жоспарлап отыр. Біз бұл жобалардың пилоттық нұсқасын Зангелан ауданындағы үш ауылға енгіздік. Жобаға Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай мен Еуропа елдерінің жетекші компаниялары қатысуда. Қазірдің өзінде жел электр станцияларын салу бойынша шамамен $300 млн-ға бағаланатын келісімдер жасалды. Біз пилоттық жобаны іске асырып болған соң аймақты одан әрі қалай дамыту керектігіне нақты көз жеткіземіз.

F: Әзербайжан бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қандай компанияларды шақыруда?

- Біз аймақта жаңа әрі соңғы технологиялардың бәрін қолдануға бел буып отырмыз, бұл үшін әлем тәжірибесін зерттеудеміз. Қазіргі күні Әзербайжан қалалар мен елдімекендерді қалпына келтіру үшін ең алдымен достық қарым-қатынастағы мемлекеттердің және әлем елдерінің озық компанияларын шақыруда. Алда 10 суқойма салуды жоспарлаудамыз, қазір оларды жобалау жүріп жатыр, олар кешелекте азат етілген аудандарды ғана емес, Әзербайжанның ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беретін болады.

F: Қазіргі күні Әзербайжанға қаржы салуға қызығушылық танытып отырған елдер, компаниялар қаншалықты көп? Олардың ішінде Қазақстан бар ма?

- Иә, Әзербайжан ең алдымен өзіне қолдау көрсеткен, соғыс кезінде бірге болған елдерге басымдық береді. Біз оларды шақырдық және олардың ішінде Қазақстанның инвесторлары да бар. Компания өкілдері Әзербайжанға келіп, жағдаймен танысып жатыр, келіссөздермен арнайы құрылған мемлекеттік мекеме айналысады. Таңдау компаниялардың меңгерген технологияларына, тәжірибесіне, тиімділігіне қарай жасалады және олар осы жобаларға қатысады деп жоспарлап отырмыз. Жалпы біздің мемлекет жыл сайын аймақты қалпына келтіруге қажетті бюджетті бекітіп отырады, мысалы биылға жоспарланған $1 млрд 300 млн қаржыны жыл аяғына дейін игеріз деген ойдамыз. Қазіргі күні бірқатар елдердің мемлекет басшылары, біздің жобаларға қатысқысы келетін компания өкілдері Әзербайжанға белсенді түрде келуде. Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жаңа технологияларды меңгерген қазақстандық компанияларға ақпарат бергім келеді. Бұл үшін олар тікелей Әзербайжанға немесе біздің елшілікке хабарласа алады. Біз өз тарапымыздан олар ұсынған құжаттардың пакетін Әзербайжанға жолдауға немесе кәсіпкерлердің Бакуге барып қайтуына, онда кездесулер ұйымдастыруға барынша қолдау көрсетеміз.

F: Қазіргі күні елге келіп, іске кірісіп үлгерген инвесторлар бар ма?

- Әрине. Бүгінгі күні Түркия, Италия компаниялары өз жұмысын бастап үлгерді, Еуропаның өзге елдерінен келіп жатыр. Мысалы Оңтүстік Корея, Қытайдан келген компаниялар бар. Олардың ішінде Әзербайжанда жұмыс істеп жатқан Қазақстан компаниялары болғанын айта кету керек. Қысқасы ондаған компания жұмыс істеуге ниет білдірді, өз ұсыныстарын жасады, олар аудандарға барып қайтты, қазір біз олардың мүмкіндіктерімен танысудамыз. Әзербайжандағы Қазақстан елшілігі де бұл процеске белсене араласуда, олар да инвесторларды тарту бойынша жұмыс істеп жатыр. Әрине, Әзербайжан үшін жұмыс көлемі өте ауқымды, аудандарды қалпына келтіру көп уақытты әрі қаржыны талап етеді, сондықтан біз әлем инвесторларының, оның ішінде бауырлас Қазақстан компанияларының келгенін қалаймыз. Ең бастысы бұл жобалардан әркім өз пайдасын көруі тиіс.

F: Жуырда Бакуде Қазақстан компанияларының қатысуымен жиын өткен еді? Оны кімдер ұйымдастырды, оған кімдер қатысты?

- Иә, бұл PR акцияны Қазақстан Республикасының елшілігі ұйымдастырды. Дипломаттар оған Әзербайжан ішінде жұмыс істеп жатқан қазақстандық компанияларды шақырған болатын. Яғни, олар Әжербайжанда қандай жобалар жүзеге асып жатқаны туралы, оларға қандай компаниялардың қатыса алатыны жайында кеңінен мәлімет алды, инвестициялық жобалармен танысты. Бұл қазақстандық команияларды кеңінен ақпараттандыруға бағыттталған өте бір керемет идея болды. Себебі елшілік үкімет пен компаниялар арасындағы жұмысты жолға қою үшін оны барынша жүйелеп, оларды өзара үйлестіру жөніндегі механизмін әзірледі. Жалпы, Әзербайжанда біраздан бері істеп келе жатқан қазақстандық компаниялар жеткілікті, олардың ішінде құрылыс компаниялары үшін «ақылды үйлер» технологиясын енгізумен айналысатын фирмалар, жаңа технологияларға негізделген жеделсатыларды орнатумен айналысатын компаниялар, Әзербайжан компанияларында істейтін Қазақстан азаматтары көп. Сондықтан Қазақстан компанияларының қызығушылығы өте жоғары, қазірде бізге көптеген ұсыныстар келіп түсуде, біз олармен тығыз байланыс орнатып, олар жайлы мәліметтерді ресми Бакуге жолдаймыз.

F: Қазір Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық байланыс қандай деңгейде? Екі ел қандай жетістіктерге жетті?

- Біздің мемлекеттеріміз географиялық тұрғыдан өте қолайлы орналасқан. Тоғыз жолдың торабында, Азия мен Еуропаның арасын жалғап жатыр. Сондықтан екі ел тәуелсіздік жылдарынан бастап арадағы ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуды қолға алды. Қазақстан Жезқазған-Бейнеу теміржолын салып оны Қытаймен жалғады, Ақтаумен байланыстырды, одан кейін «Құрық» портын салды. Бұл бағыт арқылы Қазақстан ішкі және транзиттік жүктерді Әзербайжанға, Грузияға, Түркия мен Еуропа елдеріне жөнелте алады. Қазір екі ел арқылы тасымалданатын жүк көлемі артуда, бұған 2019-2020 жылдардың көрсеткіші дәлел. Әзербайжан өз кезегінде «Әләт» портын салды, Грузияға дейін темір жол тарттық, Түркия өз аумағында темір жол салды. Осылайша Баку-Тбилиси-Карс жобасы іске асты және ол Орталық Азия, Каспий, Түркия және Еуропа арасындағы алтын көпірге айналды. Батумиде Қазақстанның порты, Кулевиде Әзербайжанның порты бар, бұл арқылы біз тек транзиттік қана емес, екі мемлекет үшін Каспийден өндірілетін энергетикалық ресурстарды тасымалдауға мүмкіндік туды. Ұзындығы 1800 шақырым болатын, тасымалдау мүмкіндігі жылына 50 млн тонна болатын Баку-Тбилиси-Джейхан жобасы Қазақстан мұнайын Қара теңізді айнала өтіп, оны Жерорта теңізіне жеткізуге жол ашты. Бұл өзара бірлесіп қол жеткізген ірі жобалардың негізгілері және бұдан бөлек мұнай-газ тасымалдау бойынша және басқа салаларда миллиондаған доллардың жобалары жүзеге асуда.

F: Әзербайжанның бүгінгі экономикалық көрсеткіші қандай? Елге және Қарабақ айналасындағы аудандарға тартылатын инвестиция оған қалай ықлап етпек?

- Әзербайжан Қазақстан сияқты жас мемлекет және бәрін жоқтан бастады. Біз 1918 жылы алғаш тәуелсіздігімізді жарияладық, бірақ Республика ғұмыры небары 23 айға ғана жалғасты, себебі Кеңес Үкіметі орнады, біз 70 жыл бойы КСРО құрамында болдық. Ал 1991 жылы тәуелсіздігімізді қалпына келтіріп, бір ғасыр бұрын негізін қалаған Әзербайжан Демократиялық Республикасының заңды мұрагері атандық. Алғашқы жылдары өте қиын болды, Армениямен соғыс басталды, жеріміздің 20% айырылдық, 1 млннан астам адам босып кетті. 1993 жылы ел билігіне Ұлт Көшбасшысы Гейдар Әлиев келген сәттен бастап Әзербайжанда өрлеу кезеңі басталды. Елдің ішкі және сыртқы саясаты нақтыланды, жаңа мемлекеттің құрылысы басталды. Біз президенттің бастамасымен Әзербайжанның мұнай стратегиясын әзірледік, сөйтіп 1994 жылды қыркүйегінде әлемдегі ірі мұнай компанияларымен Каспий шельфіндегі қара алтын өндірісі бойынша келісімдер жасадық, осылай алғаш ашық теңізден мұнай бұрғылау басталды. Осылай елге нвестиция тартылды, 2000 жылдың басында біздің мемлекетіміз үлкен көлемде мұнай өндіре бастады, уақыт өте оның көлемі 45 млн тоннаға дейін жетті. Бұл жалпы аумағы 86 мың шаршы шақырымды құрайтын ел үшін үлкен жетістік болды. Тәуелсіздік жылдарынан бастап Әзербайжан экономикасына $250 млрд инвестиция тартылды, оның жартысы еліміздің тарапынан салынды, яғни бұл мемлекеттің өз табысы еді. Ал елдің сыртқы қарызы ішкі жалпы өнімнің 17% құрайды. Біздің алтын-валюта қорымыз, мұнайдан түскен қордың жалпы жиынтығы $54 млрд болады. Біз ішкі жолдарымыздың бәрі жөндедік, Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-Батыс күре жолдары қалпына келді, темір жол толық жөнделді, жаңа портымыз бар. Әзербайжанда 250 астам кеме қолданылады, олар тек Каспий емес, әлем мұхиттарында жүзеді, жүк тасымалдайды. Біз барлық тараппен жүк тасымалын жолға қойған Кавказдағы ірі көліктік хабқа айналдық. Бұның бәрі экономиканы әртараптандыруға жол ашты. Кезінде электр қуатын Ресейден импорттасақ, қазір керісінше оны Түркияға және өзге елдерге экспорттаймыз. Елде газдандыру, жарықтандыру толық жүзеге асты. Мемлекетте көптеген индустриалды парктер салынды, мұнай-химия зауыттары іске қосылды, онда өзіміз инвестиция салдық және қосымша сырттан тарттық. Тек сырттан қаржы тартып қана қомай, Әзербайжан Грузияға $5 млрд инвестиция, Түркияға $20 млрд инвестиция салды. Біздің компанияларымыз әлем елдерінде жемісті еңбек етуде. Ал елге шақырылып жатқан инвесторлар, азат етілген аймақтарға тартылатын қаржы экономикаға, салық пен бюджетке кіріс әкеліп, дамуға жаңаша серпін береді деген сенімдеміз.

F: Түркі Кеңесі туралы ойыңызды білгім келеді. Қазіргі күні бұл ұйым жұмысы жаңаша түрлене бастады, мәдени, рухани байланыстан бөлек, экономикаға, инвестицияға басымдық берілуде. Бұл мүше мемлекеттер үшін не береді деп ойлайсыз?

- Әзербайжан кішкентай мемлекет болғанымен Түркі Кеңесіннің белсенді мүшесі болып табылады, біздің ел қатысушы мемлекеттердің арасындағы байланыстың драйвері атанды деуге болады. Біздің тарихымыз ортақ, біздің түбіміз бір, бізді көп нәрсе байланыстырады. Сондықтан біз тек мәдени, рухани құндылықтарды жаңғыртып қана қомай, саяси, экономикалық байланысты нығайтудамыз. Бұл сауда, тауар айналымын ұлғайту, инвестиция т.б. Бұның бәрі экономикалық тұрғыдан дамуымызға жол ашады, біздің мемлекттеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың деңгейін одан сайын арттыратынына сенімдімін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить