Инвесторлар бағытындағы «үш мәрте» соққы: Қор индекстері бірінші тоқсанды құлдыраумен аяқтады

26686

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сараптамалық орталығы назарларыңызға 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы бағалы қағаздар нарығының жағдайына қатысты кезекті шолуын ұсынады

ФОТО: pixabay.com

Кезеңге тән негізгі тенденциялар:

• Геосаяси шиеленістер мен қаңтардағы қайғылы оқиғалар аясында күшейе түскен монетарлық жағдай жергілікті инвесторлардың көңіл-күйіне кері әсер етті.

• Нәтижесінде KASE индексі 2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 8,9%-ға төмендесе, AIXQI – 15,5%-ға құлап түсті. Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылы KASE индексі 37%-ға, ал AIXQI – 10%-ға өскен болатын (2021 ж. шілдесінен бастап).

• Әйтсе де нарық ішіндегі теріс динамикаға қарамастан, елдегі бөлшек инвесторлар базасының серпіндеп өсуі тоқтаған жоқ.

• Есепті кезеңде елімізде (KASE+AIX) жеке тұлғалар тарапынан 103 мың жаңа шот (+27,4%) ашылған. Осылайша, олардың жалпы саны 481,1 мыңға дейін өсті, оның 35%-ы немесе 167,7 мыңы AIX (AIX CSD) бағалы қағаздарының орталық депозитарийінде ашылған.

• Бұл тұрғыда – жұмыспен қамтылған халық көрсеткішіндегі бөлшек инвесторлардың үлесі – жыл басындағы 4,3% белгісінен 5,5%-ға дейін өскен.

• Дегенмен, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) кепілдіктері арқасында жинақ түріндегі салымдардың тәуекелсіз құралы болып табылатын депозиттер мөлшерлемесінің өсуі, сондай-ақ БЖЗҚ-дан қаражатты алу бойынша шекті шаманың артуы бөлшек инвесторлар базасының одан әрі өсуіне кедергі келтіруі мүмкін.

• Дамушы елдердің нарықтарынан капиталдың жаһандық жылыстауы аясында шетелдік инвесторлар теңгелік позициядан шығуды әрі қарай жалғастыруда. 2021 жылдың қарашасындағы ең жоғары мәнге шаққанда, ҚР Ұлттық Банкі ноталарындағы бейрезидент тұлғалардың үлесі 16,2%-дан 8,6%-ға дейін, ҚР мемлекеттік бағалы қағаздар ауқымындағы үлесі 2,9%-ға дейін (5,6% -дан) төмендеп кеткен.

• Геосаяси оқиғалардың даму бағытындағы белгісіздік пен Федералдық резервтік жүйе тарапынан монетарлық жағдайды күшейте түсуі ағымдағы жылға жоспарланған бірқатар квазимемлекеттік компаниялардың IPO-дан өтуіне қолайсыз инвестициялық ахуал туғызуда.

• Естеріңізге сала кетсек, ел үкіметінің бұған дейін жария етілген жоспарлары бойынша биыл ҚазМұнайГаз, Тау-Кен Самұрық және Air Astana IPO-дан өтуі тиіс.

ФОТО: © ҚҚҚ

 

ФОТО: © ҚҚҚ

 

ФОТО: © ҚҚҚ
ФОТО: © ҚҚҚ

ТҮЙІН

• Соңғы 6 жыл қатарынан өсу көрсеткішін бастан кешкен отандық қор нарығы қазіргі таңда түзетуге негізделген құлдырауға ерік берген. Жергілікті нарықтың тәуекелге бейімділік деңгейіне барынша әсер етіп отырған елеулі үш фактор бар, олар: геосаяси шиеленістер, қаңтар қасіреті, монетарлық жағдайлардың жаһандық тұрғыда күшейіп, қатаюы.

• Соңғы фактор, әдетте, экономиканың өсуіне, эмитенттер қарызына қызмет көрсету құнына, сондай-ақ нарықтардағы өтімділік көлеміне теріс әсер етеді. Соған сәйкес, қор алаңдарының даму келешегі біршама көмескі тартып, сату толқынын тудыруда.

• Мұндай жағдайда алдағы дивиденд төлеу маусымы (компаниялардың біразы ірі сома төлеу ниеті туралы жария етті), тартымды құнына орай акцияларды кері сатып алу әрекеті, сондай-ақ геосаяси ортаның жақсару мүмкіндігі нарыққа өзіндік қолдау көрсете алады.

• Көп жағдайда таза пайданың 50–100%-ын құрайтын іргелі көрсеткіштер мен дивидендтік жоғары төлемдер аясында орта мерзімді перспективада жергілікті қағаздарды қалпына келтіру мүмкіндігі басымырақ (өзге де тең жағдайларды есепке алғанда). Мысалы, сәуір айының басынан бері Лондон биржасында Халық банкі мен Kaspi-дің GDR акциялары сәйкесінше 10 және 36%-ға өсті.

• Айтқандай, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында "көгілдір фишкалар" арасында Halyk Bank, Kcell және Қазатомөнеркәсіп акциялары неғұрлым көбірек саудаға түскен, жиынтық тұрғыда алғанда, жалпы сауда ауқымында олардың үлесі 66%.

• 2020 жылдың басынан бері байқалған нарық ішіндегі бөлшек ойыншылар санының көбею көрсеткішінде өзіндік іркіліс, баяулау орын алуы ықтимал, бұған депозиттер мөлшерлемесінің ұлғаюы, БЖЗҚ-дан қаражат алуда шекті шаманың артуы және "жоғары база" әсері ықпал етуі мүмкін. Соған сәйкес, бөлшек ойыншылар саны өсу шыңынан өтті деуге болатын сияқты.

• Сол сияқты, геосаяси оқиғалардың даму бағытындағы белгісіздік пен Федералды резервтік жүйенің монтарлық жағдайды жеделдетіп күшейту шешімі – ағымдағы жылға жоспарланған бірқатар квазимемлекеттік компаниялардың IPO-дан өтуіне қолайсыз инвестициялық ахуал туғызып отыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить