Теңізге тікелей шыға алмайтын Қазақстан халықаралық тасымалды қалай тоғыстырды

9965

«Қорғас-Шығыс қақпасы» Еуропа мен Азия арасындағы көлік хабына айналалуы тиіс

Фото: Архив пресс-службы

Тоғыз жолдың торабындағы темір жол, халықаралық көлік дәлізі, әлемнің кез келген нүктесіне жектізетін әуе жолы. Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жүк айналымы қалай артты, алып жоба инвесторлар мен тасымалдаушылар үшін несімен тиімді, отандық логистика теңіз тасымалымен қалай бәсекеге түседі. Forbes.kz «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА  аппарат басшысы Жеңісбек Жұртановпен сұхбаттасты.

F: «Қорғас – Шығыс қақпасы» жобасына құрғақ порт, логистика және өндірістік аймақ кіретінін білеміз. Қазір не дайын, инфрақұрылымдар әзір ме?

Жеңісбек Жұртанов
Жеңісбек Жұртанов

- Дұрыс айтасыз, сіз атап өткендей, «Қорғас – Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағы (АЭА) үш зонаға бөлінген және 2016 жылдың қараша айында ресми түрде іске қосылған. Қазіргі таңда жобамыздың 600 Га ауданы толықтай инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, инвесторлардың өз жобаларын дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Атап айтсақ: электр қуаты, су, канализация, тасжол желісі, жарықтандыру, интеллектуалды бейне бақылау жүйесі және кең жолақты интернет АЭА-тың қатысушыларына қазіргі таңда толықтай қол жетімді. Бұл бір үлкен тарихи жобаға айналуы тиіс. Себебі, орталық Қытайдың Люянюньгань терминалынан бастап, Еуропа, Таяу шығысты байланыстыратын, қысқасы Жібек жолын жандандыратын  бірегей орталық. Бұл ең алдымен еліміздің транзиттік әлеуетін арттырады.

F: Жалпы жобаға қанша қаражат құйылды? Қандай инвесторлар тартылды, олардың үлесі қандай?

- АЭА-тың инфрақұрылымын құру және дамыту мақсатында Республикалық бюджеттен 36,8 млрд теңге бөлінген, осыған қоса Құрғақ портты жабдықтауға «Қазақстан Темір Жолы» АҚ, COSCO Shipping компаниясы мен Ляньюньган порты тарапынан сәйкесінше 10,3 млрд және 26 млрд теңге бөлінген. Айтуға тұрарлық жай -  жобамызға тартылған инвестицияның басым бөлігі шет ел мекемелері мен жекеменшік компаниялардың үлесінде. Жобамыздың қатысушысы атанған халықаралық нарықтың көшбасшы корпорациялары да бар: CMA CGM (Франция), COSCO Shipping (ҚХР), PBP (БАӘ), Verno (РФ), Hubei Kelison (ҚХР) және т.б. отандық мекемелерді айта кетсек, олар: «Заря», «Pheonix Feed Mils», «Khorgos Industry», «East Gate Partners», т.б.  Қазіргі таңда АЭА-та іске асырылып жатқан жобалардың жалпы саны 14-ке тең, тартылған инвестиция жалпы көлемі 191,2 млрд теңгені құрайды.

F: Логистика, құрғақ порттан бөлек ондағы индустриалды аймаққа қатысатын қазақстандық және шет елдік инвесторларға кедендік және салықтық жеңілдіктер жасалатыны айтылған еді. Олар қандай? Қызығушылық танытып отырған компаниялар бар ма? Олар кімдер?

- Мемлекет тарапынан АЭА-тың барлық қатысушыларына жасалатын жеңілдіктерді айта кетсек, олар:

  • Корпоративтік табыс салығынан босату;
  • Жылжымайтын мүлік салығынан босату;
  • Жер салығынан босату;
  • Еркін кеден аймағы артықшылықтары;

Жобамыз салыстырмалы түрде жас болғанына қарамастан, АЭА-қа инвестиция жасап, өндірісті дамытуға қызығушылық танытып отырғандар компаниялар жеткілікті. Олардың басым бөлігі логистика, құрылыс, өнеркәсіптік және қосалқы өндіріс салаларынан болып табылады.   

F: «Қорғас – Шығыс қақпасы» батыс пен шығыс арасындағы темір жол, тас жолдан бөлек әуе тасымалын түйістіреді деген жоспар болған. Әуежай мәселесі не болды, инвесторлар бар ма? Жоба құны қаншаға бағаланады?

- Иә, АЭА қарамағында халықаралық жүк-жолаушы әуежайын салатын жоспар бар. Қазіргі таңда темір жол мен тас жол тоғысып, жүк тасымалының тиімді де ыңғайлы тәсілін іске асыруға үлесін тигізсе, болашақта әуежайдың пайда болысымен, жобамыз халықаралық сауда мен тауар айналымының маңызды орталығына айналатына кәміл сенеміз. Әуежай құрылысына инвестиция жасауға қызығушылық танытып отырған тараптар да бар, басым бөлігі халықаралық компаниялар. Бұл жобаны қаржыландырып, дамытуға үлесін қосатын мекемені таңдау – жуырда біздің тарапымыздан атқарылатын маңызды жұмыстың бірі. Әуежай жобасының құны жайлы сұраққа келсек, бұл ақпарат жүргізіліп жатқан техникалық-экономикалық негіздеу және одан кейінгі мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша белгілі болады.

F: Құрғақ порт толықтай іске қосылғанын білеміз, логистика мен өндіріс аумағында да инвесторлар өз жұмысын бастады. Қазірде жүк айналымына қатысты деректер бар ма? Контейнерлер негізінен қай тарапқа қарай бағыт алуда? Тауар қайдан-қайда жөнелтілуде?   

- Құрғақ порт 2015 жылдың шілде айынан бастап, бүгінгі күнге дейін 100 000-ға жуық контейнерді терминалдық өңдеуден өткізді. Жыл сайын өндіріс көрсеткіштері екі еселеніп, бұл жобамыз трансшекаралық тасымалдау саласының елеулі құрамдас бөлігі болып келуде. Контейнерлердің тасымал бағыты  жайына келсек, ҚХР мен ҚР темір жол ені әртүрлі болғандықтан (сәйкесінше 1435мм және 1520мм), Қытайдан жол алған пойыздар Қазақстан шекарасына бой аттап, құрғақ портта қазақстандық темір жол стандартына сай келетін пойыздарға жүктеледі. Сондықтан да жобамызда өңделетін контейнерлердің бәрі Қытайдан, басым бөлігі еліміздің қатысуы бар Ляньюнган портындағы Қытай-Қазақстан халықаралық терминалынан жөнелтіледі. ҚХР, Корея, Жапон және Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде шығарылған тауарлар атап өткен терминалда бірегей шоғырланып, Құрғақ порттқа тасымалданады. Ал жүктің жолдану бағыты жайына келсек, Құрғақ порттан контейнерлер ҚР қалаларына, Еуропа елдеріне, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Иран, Түркия мен Әзірбайжанға бет алады. 

F: Тасымалдаушылар үшін Қазақстан транзитін пайдалану қаншалықты тиімді?

- Қазіргі таңда ҚХР-да шығарылған тауарлардың басым бөлігі Еуропа нарығына теңіз тасымалдауымен шамамен 50 күннің ішінде жеткізілсе, темір жол тасымалдауы тек 14 күнді қажет етеді. Сондықтан да нарыққа жеткізу уақыт сезімталдығы зор, шапшаңдықты талап ететін тауарлар үшін Қазақстан арқылы өтетін темір жол бағыты теңіз тасымалының бәсекелес баламасы болып, жақын арада орасан дамуын үмітпен күтеміз.  

F: Келешекте ел экономикасында қандай өзгерістер күтеміз? Жұмыс орындарына қатысты болжам қалай? Аймақ үшін не береді?

- «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құрылуының басты мақсаты – еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтып, өндірістік инфрақұрылымның бой алып, қазақстандық өнімнің жалпыәлемдік өндіріс пен өткізу жүйесіне кірігуін жүзеге асырып, бәсекеге қабілетті отандық өнім жасау. Бүгінгі күні жобамыздың аясында 422 жұмыс орны пайда болды,  2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 16 000 жұмыс орнына жетуі мақсат етілген. Осыған орай, жобамыздың еліміздің экономикасына, нақты айтсақ жергілікті аймақтың экономикасына қосатын үлесі зор – жаңа жұмыс орындары пайда болып, АЭА-тың қатысушыларының қызметінен жергілікті бюджетке төленетін салық көлемі өсуде, АЭА-тың дамуына сай, тұрғын үй және қосалқы инфрақұрылымның құрылысы ұлғаюда.

F: Әлемдік логистикамен, порттармен қандай байланыс орнатылды? Нәтиже қандай? «Қорғас-Шығыс қақпасы» Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланысқа қалай әсер етеді? Еуразия нарығына қандай ықпалы болмақ?

- «Сандық Қазақстан 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Сандық Жібек жолы» бығытына сай, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ның басқарушы компаниясы халықаралық логистика көшбасшыларымен байланыс орнатып, сандық дәліз құру мақсатында қарқынды жұмыс атқаруда. Ақпараттың сандық түрде алмасуы жүк тасымалдауды, шекара және кедендік бақылауды жүйелеп,  процесстерді тұнықтандырып, уақытты үнемдеумен қатар, еліміздің транзиттік әлеуетін ұлғайтуға зор үлесін тигізетіні анық. Қазіргі таңда ҚХР құзырлы ұйымдарымен келісім сөз жүргізіп жатырмыз, жуырда осы жобаны дамытуға халықаралық компаниялар да қызығушылығын танытуда. Атап айтқанда, Дубай қаласының сауда, логистика және кедендік рәсімдеу процедураларының бірегей платформасы болып табылатын “Dubai Trade” компаниясы біздің жобаға инвестиция тартып, аталған платформаны отандық нарыққа бейімдеуге ниетін білдіруде. Сандық дәліз бен бірегей платформа ақпарат алмасуды жаңа деңгейге шығарып, «Жібек жолы» бойындағы елдердің экономикасы мен өзара қарым-қатынасына оң әсерін тигізумен қатар, логистика саласындағы бүгінгі күнгі өзекті мәселелерді шешуге ықпалын тигізеді.        

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить