Қазақстан Шанхайда өткен Халықаралық көрмеде не ұсынды

6129

Қытайға қандай компаниялар барды және алда қандай нәтиже күтеміз

Forbes.kz Шанхайда өткен шараға қатысты шағын шолу жасады және туристік көрмеде Қазақстан ұсынған бағарламалар жайында баяндайды.

Шанхай. 2018 жылдың 16-18 қарашасында әлемдік туристік қауымдастықтың назары Қытайға ауды. Шараға қатысқан «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясының мәліметінше «China International Travel Mart 2018» халықаралық туристік көрмесіне дүниежүзіндегі 71 елден 527 экспонент орналастырылды. Көрме қорытындысына сүйенсек онда әлемнің әр түкпірінен жалпы саны 100 мыңнан астам адам келген. Айтулы көрмеде Қазақстан делегациясы да өз бағдарламасын ұсынды және олардың қатысуының стратегиялық маңызы зор болды. Себебі, аспан асты елі бізге көрші болғанымен, бізге келетін туристер әзірге санаулы ғана болып тұр. Статистикаға сүйенсек, қытайлықтар Қазақстанға қарағанда, Моңғолияға жиі саяхаттайды екен. Қазірде Қытайдан бұл елге баратын туристер жалпы санның 52% құрайды.

Осы ретте Шанхай көрмесіндегі негізгі лек қытай компаниялары болғандықтан, Қазақстанды саяхаттауға жақсы таңдау екенін жеткізу басты меже болып табылды. Бұл мақсатта құрамында «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясының және бірнеше туристік фирманың өкілдері бар. Қазақстан делегациясы бұл шараға жоспарлы түрде дайындық жүргізді. Қазақстан стендінде ұлттық бұйымдармен жабдықталған киіз үй және Алматы облысындағы «Айғайқұм» бейнесіндегі фотоаймақ орнатылған, меймандарды «Арлан жете» театры әртістері қарсы алды. Таңдалған бағыт та қазіргі уақытта сұранысқа ие бағыттардың бірі - Қазақстанды этномәдени элементтері бар экотуризм орталығы ретінде таныстыру негізге алынды.

Қайрат Сәдуақасов
Қайрат Сәдуақасов

- Биыл осымен екінші рет Қытайдағы көрмеге қатысуымыз. Осыған дейін Бейжіңде роуд-шоу өткізіп, Қазақстанға қытайлық миллионер-блогерлерді де шақырдық. Қысқы демалыс пен тау-шаңғы туризмі бағыты бойынша жұмыс істейтін туроператорларға арнайы тур ұйымдастыру да жоспарда бар. Қазақстанға деген қызығушылық тұрақты түрде артуда, сол себепті жоғарыда аталған жұмыс келер жылы өз нәтижесін береді деп күтудеміз - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ төраға орынбасары Қайрат Сәдуақасов.

Көрмеде #Travel2Kazakhstan хештегі бойынша қонақтар арасында байқау өткізіліп, ұлттық тағамдардан дәм татуға мүмкіндік берілді. Қазақстанды таптырмас туристік бағыт ретінде таныстыратын бейнероликтер көрсетіліп, қытай тілінде ақпарат қағаздары үлестірілді. Бұдан бөлек Abdi Travel, Explore Central Asia, Intertourasia, QTrip, Uni tour, SkyWay Travel, Triumph Travel туристік фирмалары өз топтамаларын ұсынды.

- Бізге еліміздің жаңаруының осы маңызды кезеңінде ерекше, құрметті міндет және рөл берілді. Біз оның шексіз туристік әлеуетімен, оның сан ғасырлық бірегей қонақжайлылық дәстүрімен Қазақстанды әлемге танытатын боламыз. Біздің отандастарымыздың әл-ауқатын жақсарту және өмір сүру сапасын арттыру үшін еліміздің жаңа экономикасының жаңа, стратегиялық маңызды саласын қалыптастырамыз. Біздің миссиямыз – әлемдік туристік нарық жүйесіне біріктірілген, тиімділігі жоғары бәсекеге қабілетті отандық туристік саланы құру мен дамытуға қатысу. Елдің имиджі мен туристік брендін жылжыту, инвесторлар тарту және туристердің үдемелі ағынын қалыптастыру деді төраға орынбасары.

Әлемдік көрмелерге тұрақты түрде қатысып келе жатқан Қазақстан үшін Шанхай көрмесі 2018 жылы өткен халықаралық деңгейдегі көрмелердің соңғысы болды. Айта кету керек, бүгінгі таңда Қытай әлем бойынша саяхатшылар саны жағынан көш бастап келеді, сонымен қатар Қытай Қазақстан туризмі мен нарығы үшін маңызды мемлекет саналады. Кейінгі жылдары Қазақстанға деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Сондықтан, 2019 жылы Қазақстан туризмінде түбегейлі өзгерістер болуы тиіс және туристік көрсеткіш уақыт өткен сайын арта бермек.

Жалпы, статистикаға сүйенсек, 2018 жылдың жарты жылдығында Қазақстанға келген туристердің саны өткен жылмен салыстырғанда 22% өскен. Бұл Қазақстан туризмінің тарихындағы бұрын- соңды болмаған нәтиже болып отыр. Ал ішкі туризм бойынша көрсеткіш 7% өсімді көрсеткен.

Айта кету керек, қазіргі күні Қазақстанда 2025 жылға дейінгі ішкі және кіру туризмін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленуде. Оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бірқатар министрліктермен өзара бірлесіп іске асырады және 7 жыл ішінде бірқатар іс- шаралар орындалуы тиіс. Бұл ең алдымен туризм саласына инвестиция тартуға мүмкіндіктер жасау, кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізу, басымдық берілетін туристік аймақтарды құру. Құжат 2019 жылы Президент әкімшілігіне ұсынылатын болады және Мемлекет басшысының тапсырмасына сай мәжіліс депутаттары бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуі тиіс. Жоспар жүзеге асқан жағдайда Қазақстандағы туризм саласы алдағы 7 жылда жалпы ішкі өнімнің 8% құрауы тиіс деген болжам айтылады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить