Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы тауар айналымы екі есеге артты

Қос мемлекеттің арасындағы байланыс қандай, қандай инвестициялық жобалар жүзеге асуда

Рашад Мамедов
Фото: Архив пресс-службы
Рашад Мамедов

Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Мамедов айтып берді.

F: Құрметті Елші мырза Қазақстандағы дипломатиялық миссияңыз қашан және қалай басталды? Астанада қызмет етіп жатқаныңызға қанша уақыт болды?

- Иә, мен Елші қызметіне 2016 жылдан бастап кірістім. Бірақ Қазақстанда 2008 жылдан бері қызмет етіп келемін. Ресми Астананың бастамасымен Ақтауда Әзірбайжан мемлекетінің Бас Консулдығы ашылғанын білесіздер, оған батыстағы 4 облыс қарайды, 2015 жылдың аяғына дейін Бас Консул қызметін атқарып, кейін Астанаға ауыстым. Қазақстанда жұмыс істеп жатқаныма біраз уақыт болды десем болады. Мен барлық өңірде болдым, аймақтардағы Әзірбайжан компанияларына сапарлармен барамыз, жергілікті диаспора өкілдерімен жүздесеміз, елді жақсы білемін, оның ішінде Астананың алар орны ерекше. Бұл сөз жоқ, елдің мақтанышына айналған заманауи, әдемі, керемет қалаға айналды. Қазақстандықтармен бірге әрбір Әзірбайжандық бұл жетістікті керемет әрі жоғары бағалайды.

F: Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы байланыстың беталысы қандай? Екі елді қазірде не байланыстырады?

- Біздің халқымыздың түбі бір, құндылықтары ортақ, біз салт-дәстүрімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп келеміз, арамызда алауыздық болған емес. Кеңес одағы ыдырығаннан кейін біз тәуелсіз мемлекеттер ретінде байланысты жақсарттық. Экономикалық, гуманитарлық, мемлекет аралық қатынас өзгерді. Қазіргі күні екі ел арасында экономикалық байланыс жөніндегі үкімет аралық комиссия жұмыс істейді. Оның тең төрағалары болып қос елдің энергетика министрлері тағайындалды. 2018 жылы аталған ведомствалар экономикалық байланыстардың жол картасына қол қойды. Біз арадағы тауар айналымын артыру жөнінде мақсат қойдық. Оның ішінде көлік және логистика дамуда , Қазақстан Каспий маңында миллардтаған ақшаға бағаланатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, порт және өзге инфрақұрылымды қалыптастырды, Әзірбайжан өз кезегінде теңіз жағасында арнайы инфрақұрылымды жасады,оның ішінде темір жолдар салып, ежелгі Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға атсалысуда. Бүгінде көптеген елдер,тасымалдаушылар Қазақстан мен Әзірбайжанды, Каспий жүйесін стратегиялық маңызы бар, қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан тиімді аймақ санайды. Баку-Тбилиси-Карс темір жолын іске қосқан сәттен кейін бұл бағыт одан сайын тартымды бола бастады. Біз Батыс пен Шығыстың арасының жалғастыратын жаңа баламаны жасадық. Бұл екі елдің әлемдік қоғамдастықтағы беделін арттырады. Егер сандарға келетін болсақ, тек 2018 жылдың бірінші тоқсанына қарап арадағы байланыстың қарқыны қалай артқанын аңғаруға болады. Мәселен 2017 жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы тауар айналымы $17 млнды құраса, 2018 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш $50 млнға жетті. Екі елдің арасындағы тауар айланымының екі есеге артуы бұл біздің байланысымызға нақты баға берсе керек.

F: Әзірбайжан инвесторларының Қазақстанға деген қызығушылығы қандай?

- Иә, Әзірбайжан компаниялары Қазақстан экономикасында белсенді түрде жұмыс істеп келеді десек артық айтқандық емес. Әзірбайжан өз темір жолдарын дамыту үшін Қазақстан зауыттарына $500 млн-ға бағаланатын локомотив пен вагондарға тапсырыс берді, бұл алдағы бірнеше жылда жүзеге асырылуы тиіс. Біз Қазақстаннан бидай сатып аламыз, біз көмірсутек ресурстарын тасымалдаймыз, бұл Әзірбайжан арқылы, Қазақстан порты, Кулеви порты,Батумидегі Қазақстан порты арқылы және біздің құбырлар арқылы іске асады. Бұл инфрақұрылымдар Қазақстан экономикасының дамуына ықпал етіп отыр. Жалпы еліміздегі коммуникацияны, инфрақұрылымдарды жақсарту арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашудамыз. Біз бәсекелес емеспіз, керісінше өзара ынтымақтасу арқылы бір- бірімізді толықтырудыз деуге болады. Бұл экономикадағы сұраныстың артуына әсер етіп отыр. Кейінгі жылдары біздің инвесторларымыз көптеп келуде, бірлескен компаниялар бар, барлық саланы қамтуда деуге болады, ресми жария етілген инвестиция көлемі $200 млн көлемінде. Бірақ,бұл көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары. Себебі, олар жергілікті компаниялар құрып, нақты инвестицияны ресми түрде рәсімдей бермейді. Бастысы олар Қазақстан нарығынан кері қайтқан емес, керісінше осында тұрақты жұмыс істеуде.

F: Әзірбайжан инвесторларының бізде белсенділігі артып келе жатқанын айттыңыз. Олар қандай салаларды қамтып отыр?

 - Соңғы кездері Қазақстанға Әзірбайжан компаниялары көптеп келе бастады. Олардың ішінде жол құрылысы, тұрғын үй құрылысына қатысуда, ауыл шаруашылығында, агроөнеркәсіптегі өсімдік жүйелерін дамытуға бағытталған бірқатар ірі компаниялар бар, өңдеу саласы бойынша сервистік компаниялар бар, елдің батысында инвестициялақ жобалар жүзеге асуда. Біздің рухани байланысымыз жақсы, сондықтан олар өздерін жайлы сезінеді, кеңес кезінде бір мемлекет құрамында болдық, бұл барлық психолгиялық кедергілерді жоюға жол ашып отыр, сонымен қатар кейінгі жылдары Қазақстанда қабылданған заңнамалар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, инвесторларды қорғауға барынша жағдай жасады.

F: 2018 жылдың шілдесінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылғанын білесіздер. Әзірбайжан компаниялары бұл жобаға қатысуға ниетті ме?

 

- Иә, Экспо көрмесі өткен қалашықта халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастады. Онда британдық сот қызмет етеді. Бұл өзгерістердің барлығы, заңнамалардағы артықшылықтар Қазақстанды инвестициялық тұрғыдан тартымды ететіні сөзсіз. Бұл тек әлем компанияларын ғана емес, оның ішінде Әзірбайжан инвесторлары үшін тартымды әрі бәрегей жоба болмақ. Бұл керемет жоба, бұл тұтас алғанда аймақтың қаржы орталығына айналады. Қазірде Әзірбайжанның мемлекеттік құрылымдары, бизнес қауымдастық орталықпен ынтымақтастық жасау мүмкіндігін қарастыруда, жан-жақты талдау жасалып жатыр. Бірқатар келісімдер жүрді, әлі де жалғаса береді. Менің ойымша «Астана» қаржы орталығы бізбен бірге, Кавказ аймағы үшін тартымды әрі қызық жоба болмақ.

F:  Каспий мәртебесі туралы ойыңыз қандай? Ондағы екі елдің мүддесі қалай тоғысты?

- Каспий бізді біріктіреді. Каспий бізді бір-бірімізден ажыратпайды, керісінше жақындастырады, онда тікенек сым орнату мүмкін емес. Біздің арамызда шешілмеген саяси мәселе жоқ, керісінше Каспий қосымша келісім, ынтымақ алаңына айналды. Барлық бастамаларымыз екі тараптан қолдау табады. Қазақстан мен Әзірбайжан біраз жыл бұрын өзара келісімге келіп, Қаспийдің өз аймақтарындағы құқықтық мәртебесін айқындап алды. Қосымша Ресей Федерациясы, Қазақстан және Әзірбайжан арасында келісім жасалған. Қазіргі күні, яғни Қазақстан тарапы жария еткендей Каспий маңы елдерінің арасында оның мәртебесін айқындайтын қорытынды әрі нақты құжатқа қол қойылуы тиіс. Бұл тек Қазақстан мен Әзірбайжан үшін ғана емес, теңіз жағасындағы өзге елдер үшін жаңа мүмкіндіктерге жола ашады деген сенімдеміз.

F: Арадағы туризм көрсеткіші қандай?

- Әзірбайжан туризм кластерін қалыптастырды. Бұл саланы дамытатын туризм институтының негізі қаланды. Статистика бойынша 2016 жылы Қазақстандық туристер 17%, 2017 жылы 47% дейін артты. Біз туризм саласы бойынша Түркия, Араб Әмірліктерінің тәжірибесін зерттедік, келіп кетушілер үшін тіркеу мәселесін жеңілдеттік. Қазақстандық туристер 10 тәулік тіркеусіз, 90 күн тіркеумен жүре алады. Қазір Парламентте заң қаралып жатыр, келешекте Әзірбайжанға келген туристер тіркеусіз 10 тәулік емес, 15 тәулікке дейін бола алады.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
4881 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
12 декабря родились
Мухтар Кул-Мухаммед
сенатор
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить