АҚШ Үкіметі Қазақстанға COVID-19 пандемиясымен күресін қолдау үшін 365 миллион теңге бөлді

   Коронавирус и Казахстан
30316

Қазақстан мен Америка арасындағы экономикалық байланыстардың беталысы қандай?

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне АҚШ-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уильям Мозер айтып берді.

F: Құрметті Мозер Мырза! АҚШ қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты қандай шараларды қолға алды, Қазақстан неліктен басым елдердің бірі болып табылады?

- Коронавирус немесе COVID-19 деген жаһандық пандемия қазіргі заманның басты сын-қатерлерінің бірі болып табылады және оны жеңу үшін жаһандық тұрғыда жауап беру қажет. АҚШ 26 наурыз күні жедел медициналық және гуманитарлық көмек қорына шамамен $274 млн бөлу арқылы COVID-19 пандемиясының таралуына қарсы әрекет ету үшін тез арада теңдесі жоқ ресурстарды жұмылдырды. Осы қаражаттың арқасында әлемдегі аса қауіпті жағдайда қалып отырған 64 ел, оның ішінде Орталық Азия елдері пандемиямен тиімді күресу үшін ресурстарды ала алады. Сонымен бірге, ЮСАИД агенттігі қауіпті жағдайдағы елдерге коронавирустың өршуімен байланысты гуманитарлық көмек қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін халықаралық ұйымдар мен іске асырушы серіктестер арқылы апаттан зардап шеккендерге арналған Халықаралық есеп шоттан $110 млн АҚШ доллар бөлінетіндігін хабарлады. Қазақстан осы қаражатты алу үшін басым елдердің қатарына кірді.  Жуырда АҚШ үкіметі АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күресін қолдау үшін 365 млн теңге ($800,000 аса) бөлді. АҚШ пандемиямен күресу шараларын жалғастыра беретіндігін атап өткім келеді. Бұл қаржыландыру Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және ЮНИСЕФ сияқты көпжақты ұйымдар үнемі көрсететін қаржылық қолдауға қосымша жарна болып табылады. Президент Трамп мақұлдаған және біздің конгрессіміз ұсынған $1,25 млрд көлеміндегі қосымша көмекті жақын арада әлемнің әртүрлі елдері ала алады. АҚШ-тың жеке секторымен қатар, америкалықтар осы пандемиямен күресте жетекші рөл атқарып жатыр. Қаржыландыру АҚШ-тың ондаған жылдар бойы медициналық және гуманитарлық көмек көрсетудегі жетекші рөліне негізделген. 2009 жылдан бастап АҚШ бүкіл әлемде медициналық көмекке 100 млрд АҚШ доллардан астам және гуманитарлық көмекке шамамен 70 млрд қаражат бөлді. Сонымен қатар, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары осындағы Денсаулық сақтау министрлігімен қаншалықты тығыз байланыста жұмыс жасайтындығы туралы, сонымен бірге ЮСАИД агенттігінің тұрақты көмегін, оның ішінде 17 наурыз күні Нұр-Сұлтандағы Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ) тапсырғаны туралы атап өткім келеді.

F: Елші Мырза, Сіз 2019 жылға дейін бірқатар мемлекеттерде жұмыс істедіңіз. Қазақстанда алғаш емессіз. Кезінде Алматыдағы елшілікте қызмет еткеніңізді білеміз. Ал Қазақстанның астанасындағы қызметіңіз неден басталды? Жалпы мемлекет туралы не ойлайсыз?

- Иә, рас, Қазақстанда бірінші рет емеспін. Мен 24 жыл бұрын Алматыдағы елшілікте қызмет жасадым. Мен АҚШ елшісі ретінде Қазақстанға қайта келгеніме аса қуаныштымын, өйткені осы елде болған кезімнен алған әсерім ерекше. Елші ретінде қайта оралғаннан кейін тәуелсіздік алғаннан бері сіздің еліңіз қандай жоғары деңгейге қол жеткізгенін өз көзіммен көруге мүмкіндік алдым. Қазақстандықтар шынында да керемет адамдар. Осы уақыт ішінде елордаларыңыз көп өзгерді! Мұнда бір жылдан астам уақытты өткізгеннен кейін, елші ретінде ел көру және сіздің ұлы еліңізбен танысу сияқты мүмкіндіктерімнің бары ерекше қуантады деп айта аламын. Қазақстанда тұрып, еңбек ету мен үшін үлкен құрмет.

F: 2018 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаев пен Д. Трамп арасында жаңа келісімдерге қол қойылғаны белгілі. Бұл бағытта қандай бірлескен жобалар қолға алынды, алда не күтеміз?

- АҚШ пен Қазақстан арасындағы келісімдер туралы және екі ел арасындағы ынтымақтастық пен серіктестік туралы әрдайым қуана айтамын. Біріншіден, сол кездегі ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Ақ үйде Д. Трамппен 2018 жылдың қаңтар айында кездесуі біздің Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің көрнекі дәлелі болғанын және болып қала беретінін тағы бір рет атап өткен жөн. Осы кеңейтілген серіктестікті нығайту үшін 2018 жылдың қазан айында АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росс Қазақстанға ресми сапармен келді, бұл маңызды кезең болып табылады және біздің елдеріміз қатынастарымызды одан әрі адал түрде дамытқысы келетіндігін көрсетеді. 2018 жылы екі президент аймақтық қауіпсіздікті нығайту, технологиялық инновацияларды ынталандыру, сауда мен кәсіпкерліктің өсуін жеделдету және жоғары білімге, соның ішінде ағылшын тілінде берілетін білімге, қол жетімділікті кеңейту бойынша екі елдің бірлескен жұмыс жоспарын бекітті. Президент Тоқаев қоғамның үкіметке деген сенімін арттыру мақсатымен, экономикалық өркендеу мен демократияны нығайтуға бағытталған ауқымды реформалар бағдарламасын белгіледі. Біз бұл қадамдарды құптаймыз. Сонымен қатар, жақында Президент Трамптың әкімшілігі Орталық Азияға арналған жаңа стратегиясын жариялады, онда Қазақстанның тәуелсіздігі мен өркендеуі біздің тәсілдемеміздің негізі болып табылады. Біз Қазақстанның кез-келген елмен өз қалауынша бизнес жүргізу еркін таңдауын толығымен қолдаймыз. Әрине, елдер америкалық компаниялармен серіктестік орнатқан кезде жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдіміз, мысалы, әділ мәмілелер, жергілікті жұмыс орындарын құру, келісім-шарттардың ашықтығы және сапалы жұмысқа деген адалдық. Келісімдер бойынша серіктестігіміздің үлгісі ретінде біз жақында жолаушылар әуе тасымалы үшін «ашық аспан» келісіміне қол қойғанымызға қуаныштымыз, бұл тек әуе компанияларға ғана емес, сонымен қатар екі елдің көптеген салаларына да мүмкіндіктер туғызады. Сонымен қатар, біз АҚШ пен Қазақстанға аймақтық қауіпсіздіктің маңызды мәселелерімен байланысты ақпарат пен технологиялар алмасуды жақсартуға мүмкіндік беретін Жалпы ақпараттық қауіпсіздік туралы келісім (GSOIA) жасадық. Бұл келісім екі ел халықтарының, сондай-ақ бүкіл аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің ынтымақтастығымызды нығайтады.

F: Жалпы Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси, экономикалық байланыс 90-шы жылдардың басынан бастау алады. Ал осы күнге дейін Қазақстанға салынған инвестиция көлемі қандай? АҚШ инвесторлары негізінен қандай бағыттарда жұмыс істейді?

- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері АҚШ компаниялары тарапынан $30 млрд астам тікелей шетелдік инвестиция тартты. Бұл қаражаттың көп бөлігі мұнай-газ саласына салынды, бірақ америкалық компаниялар сонымен бірге Қазақстан экономикасының көптеген салаларында, соның ішінде ауылшаруашылық, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, тау-кен, электр қуатын өндіру, көлік өндірісі, туризм және кәсіби қызмет салаларында жұмыс істейді. Америкалық сауда палатасының (немесе AmCham) 200-ден астам мүшесі бар және олардың саны өсіп келеді. АҚШ бизнес-қоғамдастығы біздің екі ұлы мемлекет арасындағы ұлғайып келе жатқан серіктестіктің негізін қалады деп айту артық болмас. Энергетика саласында АҚШ-тың Chevron және ExxonMobil сияқты ірі компаниялары Қазақстанның болашағына инвестиция салуды жалғастырып келеді. Олар қазақстандықтарды жұмысқа тартып, Қазақстанға табиғи ресурстарды экспортқа шығаруға көмектеседі және еліңіздің cұлу табиғатын қорғауға және сақтауға ерекше назар аударады. Өңірлік экономикалық өзара байланыстылықты жеңілдету – АҚШ-тың Қазақстанға көмек көрсетуінің басты басымдығының бірі. ЮСАИД бағдарламалары Қазақстан мен оның көрші мемлекеттер арасындағы сауда қатынастарын кеңейту мақсатында көлік пен логистиканы жетілдіруге бағытталған. Қараша айында ЮСАИД агенттігі Қазақстан Үкіметімен бірге Шымкентте аймақтық Орталық Азиялық сауда форумын өткізу үшін жұмыс істеді, онда 500-ден астам ірі кәсіпкерлер жаңа серіктестіктер құру және сауданы жылжыту жолдарын талқылау үшін бас қосты. Мұндай серіктестіктер екі ел үшін де тиімді және олар Қазақстанның әл-ауқатын арттырудың, аймақтық экономикамен байланысын нығайтудың және оның әлемдік экономикамен байланысын ынталандырудың жақсы тәсілі болып табылады. Біз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне көмектескіміз келеді – бұл нағыз достықтың белгісі.

F: Тәуелсіздік жылдары қолға алынған бірлескен жобалар Қазақстан мен Америка экономикасына қалай ықпал етті деп ойлайсыз? Қазір қандай қорытынды жасауға болады?

- Америкалық компаниялар Қазақстанның үш ірі кен орындарындағы басқа инвесторлармен бірлескен жобаларға қатысты, бұл ел үшін үлкен экономикалық пайда әкелді. Мәселен, тек ғана «Теңізшевройл» компаниясы қазақстандық компаниялар мен қызметкерлерге $143 млрдтан астам қаржы төледі. Мұнымен қоса, мұнай компаниялары Қазақстанның бизнес салаларына пайдасын тигізіп қана қоймай, елдің әлеуметтік инфрақұрылымына да өз үлестерін қосады. Мәселен, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің басшылығымен басталған және іске асырылатын жергілікті жобаларға $390 млннан астам қаражат жұмсаған. Екі онжылдыққа созылған ұзақ мерзімді мысал – «Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясы, ол Қашаған жобасының жергілікті әлеуетті арттыру және дамыту мақсатымен мамандардың біліктілігін көтеру және қайта даярлау үшін $263 млн АҚШ доллар жұмсады. Барлық шетелдік инвестициялардың бірдей емес екендігін түсіндіргім келеді. Мәселен, АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестицияларының 100% -ы тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ), яғни бұл инвестициялар ұзақ мерзімді және қазақстандық жұмысшылар мен тұтынушыларға тікелей пайда әкеледі. АҚШ компаниялары инвестициялар салған кезде, жергілікті заңдарға қоса, олардың қызметіне қатысты шетелдегі АҚШ заңдарын да ұстанады. Америкалық кәсіпорындар жергілікті серіктестермен сапалы жобалар жасағанда бұл жергілікті жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. АҚШ бүкіл әлемде ашық, тұрақты, сапалы жеке меншік сектордың инфрақұрылымын дамытуға мүдделі. Жақында біз халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін инфрақұрылымдық жобаларды таңдайтын «Көк нүкте желісі» (Blue Dot Network) брендинг сертификаттау тетігін іске қосуға көмектестік.

F: Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымының деңгейі қандай? Құрылғанына 20 жыл толған Қазақстан-Америка бизнес қауымдастығы бұл көресткішті арттыруға қандай үлес қосуда? Келешектегі іскерлік байланыс пен бизнестің бағыты қандай болуы мүмкін?

- Сауда көрсеткіштері 90-жылдардың басынан бері әдеттегідей ауытқып отырса да, 2018 жылы АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі $2,1 млрд ұрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 60% көп. Сонымен қатар, Қазақстанның АҚШ-қа экспорты $1,4 млрд құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 75% -ға көп. 2019 жылдың сауда-саттық көрсеткіштері әзірше шыға қойған жоқ. AmCham және Қазақстан-Америка бизнес қауымдастығы сияқты бизнес қауымдастықтар компанияларға тығыз корпоративтік қатынастар орнатуға көмектеседі. Бұл күш-жігер өз нәтижесін беріп отыр. Tyson Foods және Valmont Industries сияқты америкалық компаниялардың Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды зерттеп жатқанына біз өте қуаныштымыз. Осындай мәмілелердің арқасында сауданың айтарлықтай өсуіне мүмкіндік бар деп, ал Қазақстан мен АҚШ арасындағы іскерлік қарым-қатынастардың болашағы қуантарлық және жарқын болады деп санаймын.

F: АҚШ Үкіметі жыл сайын Қазақстанның даму көрсеткіштеріне қатысты баяндама жасап отырады. Кейінгі жылдары қандай тенденция байқалады?

- 2019 жылы Қазақстан АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің Адам саудасы (АС) жөніндегі жыл сайынғы баяндамасында Екінші деңгейлі бақылау тізіміне енді, өйткені осы мәселелерді шешу үшін заңнамалық өзгерістер қажет. Бұл баяндама үкіметтерді адам саудасының барлық түрлеріне барынша жан-жақты және тиімді шаралар арқылы жауап беруге шақырады. Соңғы бірнеше ай ішінде Қазақстан осы салада маңызды нәтижелерге қол жеткізді, оның ішінде, адам саудасы үшін жазаны қатайту. АҚШ баяндамада берілген ұсыныстарды орындау бойынша Қазақстанмен серіктестік қатынастарды дамытуға ниетті. Адам саудасының құрбандарын, әсіресе зардап шеккен шетелдік азаматтарды және мәжбүрлі еңбек құрбандарын анықтау және оларға көмек көрсету бойынша жұмысты күшейту; зардап шеккен шетелдіктерге көрсетілетін қолдауды арттыру; адам саудасына байланысты көбірек қылмыстарды тергеу және қылмыстық қудалау шұғыл түрде орындалуды қажет ететін ұсыныстардың бірі болып табылады. Бұл жұмысқа қол жеткізуге болады, бірақ заңнама мен саясатты өзгерту бойынша ұлттық күш-жігерді, сондай-ақ зардап шеккен шетелдік азаматтарға көмек көрсетудің жалпы тәсілін қажет етеді.

F: Білім беру, мәдениет саласында қандай жаңашылдықтар бар? Бұл бағытта Қазақстан мен АҚШ-ты қандай жобалар байланыстырады?

- Біздің халықтарымыз арасындағы қатынастар АҚШ пен Қазақстан арасындағы серіктестіктің негізі болып табылады. Біз бүкіл Қазақстан бойынша адамдарды толғандыратын мәселелер бойынша жұмыс істеп келеміз, оның ішінде студенттерге сапалы білім алуға көмектесу, экономикалық өсуді қолдау, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтауды қолдау, инновациялар мен шығармашылықты ынталандыру және мәдени алмасуларға ықпал ету. Біз Қазақстан мен АҚШ кино, өнер, би, музыка, білім және пікір алмасу арқылы үш онжылдық ішінде бір-бірімен байланысып келе жатқанын көріп отырмыз. Солардың бір мысалы, жыл сайынғы Go Viral фестивалі мен «48 сағатта түсіру» кино байқауы сияқты іс-шаралар мен бағдарламалар арқылы. Біз өзара түсіністік пен пікір алмасуды жеңілдету үшін режиссерлерді, музыканттарды, кәсіпкерлерді, ұстаздарды, прогрессивті ойшылдар мен суретшілерді Қазақстанға шақыруға әрдайым қуаныштымыз. Әрине, ағылшын тілі әлемдік экономиканың тілі болып табылады және Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өсуі үшін қажет. АҚШ пен Қазақстан бірлесе отырып, Қазақстанның 2030 жылға қарай үштілді қоғам қалыптастыру сияқты ауқымды мақсатына жетуге көмектеседі. Біз осы талпынысты толықтай қолдаймыз және жыл сайын ағылшын тілін оқытуға арналған $1 млн астам гранттар бөліп, өз қолдауымызды арттырамыз. Жыл сайын, жазда АҚШ-та Summer Work Travel бағдарламасы бойынша өткізетін 2000-нан астам студентті, сонымен қатар АҚШ-та оқитын әрі мансаптық және білімдік мақсаттарын анықтау үшін біздің миссиямыздан кеңес алу үшін жүгінетін 1800-ге жуық адамды есепке алмағанда, миссия барлық салаларда шамамен 350 студент пен маман алмасуларды белсенді түрде жүзеге асыруға жәрдемдеседі. 11 Америка бұрышынан және MakerSpaces-тен тұратын ұлттық желіміз арқылы бүкіл Қазақстан бойынша адамдармен қарым-қатынас орнатуға болады. Кез-келген адам Америка бұрышына келіп, инновациялық бағдарламалармен танысып, түрлі іс-шараларға қатысып, ағылшын тілін үйренуге ресурстар таба алады немесе сол жерде демалып, уақыт өткізіп, жаңа достармен танысады.

F: Түлектерге арналған бағдарламалар мен шағын гранттар бағдарламасы жөнінде айтып өтсеңіз. Бұл бастаманың мақсаты қандай, оған кімдер қатысуда және нәтижесі қандай болды?

- Түлектерге арналған бағдарламалар - бұл бұрын АҚШ Үкіметі қаржыландыратын академиялық немесе кәсіби алмасуларға қатысқан мыңдаған қазақстандықтар үшін ерекше мүмкіндік. Оған,соның ішінде, арнайы іс-шаралар, конференциялар және гранттық мүмкіндіктер кіреді. Біздің басымдықтарымыздың бірі – осы бағдарламалардың түлектерінің желісін құру әрі оларға және олардың қоғамдастықтары үшін маңызды жобалар бойынша пікір алмасу және бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін жасау. Біз олардың алмасу бағдарламасы аясында алған тәжірибелерінің олардың АҚШ-тан кетуімен аяқталғанын қаламаймыз, керісінше олардың АҚШ-та алған дағдыларын пайдаланып, Қазақстанда қолдана алуын қалаймыз. Шағын гранттар жыл сайынғы бағдарламасы Қазақстандағы азаматтық қоғамды қолдауға және қазақстандықтардың мүдделері мен еріктерін алға жылжытуға арналған бағдарлама. Гранттар коммерциялық емес ұйымдарға негізгі адами және әлеуметтік құндылықтарды нығайтуға ықпал ететін әртүрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін беріледі. Бұл қолдау болашақта Қазақстанға ашық, транспарентті, толерантты, инклюзивті, сөз бостандығы мен заң үстемдігін қамтамасыз ететін мемлекет болуға көмектеседі деп сенеміз. Өткен жылы мен Петропавл қаласындағы инклюзивті білім берудің ресурстық орталығында болдым, оның мақсаты – осы мектепті мүгедек балаларға пайдалы ету. Шағын гранттар бағдарламасы аясындағы тамаша бағдарламалардың тағы бір мысалы – Степногорск қаласында ашылған тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған баспана, ол құрбан болған жандарға өмірдің қиын кезеңдерінен өтуге көмектеседі.

F: АҚШ «Жусан» гуманитарлық операциясына қолдау көрсеткені белгілі. Осының нәтижесінде аналар мен балалр елге оралып, олармен оңалту шаралары жүргізілді. Сіздің ойыңызша Қазақстанның бастамасы мен тәжірибесі өзге елдерге қаншалықты пайдалы болуы мүмкін?

- Осы сұрақты қойғаныңыз үшін рақмет. АҚШ Қазақстанның әлемдік аренада көрсеткен сындарлы көшбасшылығын жоғары бағалайды. Бұл күштерге елдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі екі жылдық және Орталық Азия елдері үшін бірінші мүшелігі; Ливанда БҰҰ-ның бітімгершілік күштерінің құрамында контингент орналастыру және Қазақстан азаматтарын, басым көпшілігі әйелдер мен балаларды, Таяу Шығыстағы қақтығыстар аймақтарынан репатриациялау кіреді. Сонымен қатар, біз Қазақстанның аймақтық қауіпсіздік пен даму мәселелеріндегі, әсіресе Ауғанстанға қатысты рөлін жоғары бағалаймыз. «Жусан» операциясы өзге мемлекеттерге үлгі болды. Мемлекеттік хатшы Помпео Қазақстанға осы мәселедегі жетекші рөлі үшін алғысын білдірді және біз адамдарды репатриациялау, сондай-ақ сауықтыру мен қалпына келтіру күрделі ұзақ мерзімді міндеттері бойынша Қазақстан мен басқа елдердің озық тәжірибелерімен алмасуға көмектесу үшін жұмыс жасадық. АҚШ бұл мәселеде көмектесуге бел буды. Мәселен, өткен жазда біз C5 + 1 тұғырнамамыздың аясында Бішкекте конференция өткіздік, онда қазақстандық қатысушылар өздерінің аймақтық серіктестеріне елге оралған адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жасаған бағдарламалар туралы айтуға мүмкіндік алды. Сол сияқты, желтоқсан айында біз Сыртқы істер министрлігімен бірге Алматыда сол тақырыпқа арналған «Күшті қалалар желісі» конференциясын өткізу үшін бірлестік. Мен Мемлекеттік хатшы Помпео C5+1 тұғырнамасының исламдық терроризм мен радикалды экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы жетістіктеріне, сондай-ақ басқа да жетістіктерге берген жоғары бағасына қосылғым келеді. Қазақстан ерте кезеңнен бастап топта бірнеше рет жетекші рөл атқарды және оң нәтижеге қол жеткізуге көмектесті.

F: Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. Сіз оның болашағынан не күтесіз? Бұл институт Қазақстан экономикасына, қаржы нарығына қалай ықпал етеді деп ойлайсыз?

- АХҚО шетелдік инвесторларды тарту мен қорғаудың инновациялық тәсілін таңдады және біз бірқатар америкалық компаниялардың АХҚО-мен ынтымақтасатынын білеміз. Біз АХҚО-ның дамуын, әсіресе оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін үлкен қызығушылықпен қадағалаймыз. Тағы айта кететінім, біз Қазақстанның елге тікелей шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі күш-жігерін құптаймыз. Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін инвесторлар үшін қолайлы бизнес-ортаны құру керек және АХҚО-ның мақсаты да осы. Өйткені оның табысқа жетуі Қазақстанның инвесторлар үшін маңызды бірқатар аспектілері бойынша қолайлы инвестициялық ахуал жасау мүмкіндігіне байланысты болады.

F: Сіз «Нұр-Сұлтан» қаласындағы бос уақытыңызды қалай өткізесіз. Қандай асхана, қандай демалыс түрі жаныңызға жақын?

- Сүйікті жерді таңдау қиын! Маған сіздің әдемі қалаңыздағы көптеген кафелер мен мейрамханалар ұнайды. Мұнда ұсынылатын көптеген тағамдар өте дәмді екен. Маған сиыр етінен жасалған тағамдар ұнайды. Қазақстандағы көптеген сиыр тұмдары АҚШ-тан әкелінген ангус сиырларынан шыққанын білесіз бе? Көп адамдар АҚШ-тың сиыр етін өндіретін аймақтары Қазақстанға өте ұқсас екенін білмейді, сол себептен біздің екі еліміз де тамаша стейктер жасау үшін өте қолайлы. Мен АҚШ пен Қазақстан «дәмді» серіктестік орнатқанын мақтан етемін.

F: Ағылшыннан бөлек орыс, неміс, француз тілдерінде еркін сөйлейді екенсіз. Қазақша үйрену ойыңызда бар ма?

- Мен бұрын меңгерген тілдердің кез-келгенін жақсы білемін деп айта алмаймын. Бірақ қазақ тілінен сабақ алып, оны үйреніп жүрмін. Бүгінгі Қазақстан 90-жылдардағы мен білетін Қазақстаннан мүлдем өзгеше. Мен өзім қазақ тілінің, әсіресе жастар арасында оның қолдануы мен танымалдылығының өскеніне куә болдым. Жиырма жыл бұрын Алматыда жұмыс істеген кезімде, көшеде адамдардың қазақша сөйлейтінін сирек еститінмін. Бүгін қазақ тілі адамдар арасындағы күнделікті қарым-қатынас тіліне айналғанын көріп отырмын. Мен алматылық такси жүргізушілерінің арқасында орыс тілін үйрендім деп әзілдеймін, бірақ елшіліктегі ұстазымның көмегімен қазақ тілін үйренуге бар күшімді саламын.

Все материалы по теме «Коронавирус и Казахстан» вы можете посмотреть по этой ссылке.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить