Зейнеткер болу оңай ма?

9780

Қазақстанның зейнетақы жүйесі кезекті өзгеріс алдында

ФОТО: © Shutterstock

Отандық зейнетақы жүйесінде биыл екі бірдей елеулі жаңалық бар. Біріншісі – 2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшыларының бірқатары зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін мақсатты негізде мерзімінен бұрын пайдалана алады. Екіншісі – биыл қарашада «2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыр-ту тұжырымдамасына» өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жоба талқыға түсті.

Инвестиция әлде тәуекел...

Байқауымызша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық тартымдылығы туралы отандық сарапшылардың пікірі біржақты емес. Қаржыгер-экономист Мұрат Темірхановтың айтуынша, Қор жария еткен есептерге орай, БЖЗҚ өз қызметін ойдағыдай атқарып отыр, оның ішінде Ұлттық банкке сеніп тапсырылған зейнетақы активтерін басқару тұрғысында да. «2020 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша, соңғы 12 айда Зейнетақы қорындағы активтердің табысы зейнетақы салымшылары үшін 11,38%-ды құрады (жылдық инфляция 7,00%). Яғни, зейнетақы активтері бойынша нақты табыс 4,38% деңгейінде деген сөз. Бұл тиімді көрсеткіш. Алайда бұл арада ескеретін жайт – оның 30%-дан астамы шетелдік валюта түріндегі зейнетақы активтерін қайта бағалау есебінде мүмкін болды. Тарата айтсақ, коронадағдарыс аясында теңге айтарлықтай әлсіреп, валютаны қайта бағалаудан елеулі табыс түсті. Бірақ бұл табыс әп сәтте шығынға айналуы мүмкін, айталық, теңге қайтадан нығая бастаған тұста», – деп түсіндіреді Мұрат Темірханов.

Өз кезегінде, ENPI.kz зейнетақы платформасының негізін қалаушы сарапшы Бота Жұманова, БЖЗҚ-ның инвестициялық қызметіне баға беру үшін оны өзге елдердегі зейнетақы қорларының жұмыс нәтижесімен салыстырған дұрыс деп есептейді. Бірақ 2020 жылғы көрсеткіштер негізінде емес, өйткені биыл әлемдік экономика тұтастай алғанда барлық бағытта дағдарысқа ұшырады. Сарапшы, бұл тұрғыда, отандық БЖЗҚ қызметінің 2019 жылғы нәтижесін, мысалы, Норвегия зейнетақы қорының сәйкес көрсеткіштерімен салыстыруды ұсынады. «БЖЗҚ-мен салыстырғанда, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Норвегия зейнетақы қорының нақты табысы ұлттық валютада 10 есе жоғары болған: крона түріндегі 20% көрсеткішті теңге түріндегі 2%-бен салыстырып көріңіз», – дейді Бота Жұманова.

Ал коронадағдарыс аясында туындаған БЖЗҚ тәуекелдері бойынша сарапшы Мұрат Темірханов Қор салымшылары үшін әзірше еш қауіп жоқ деген сенімде. «Теңгелік құнды қағаздарға бағытталған зейнетақы түріндегі салымдар – Қазақстанның мемлекеттік құнды қағаздарына салынған инвестиция. Бұл ақша қалайда қайтарылады, оған күмән келтірудің қажеті жоқ. Бірақ олардан түсетін табыс айтарлықтай төмен болмақ. Жалпылай алғанда, БЖЗҚ-ның инвестициялық қызметінің COVID-19 аясындағы тәуекелдері ептеп өскенімен, қауіпті деңгейге жеткен жоқ», – дейді сарапшы.

Осы арада отандық салымшы қауым үшін тағы бір өзекті мәселе туындайды: егер отандық Зейнетақы қорының табыс көрсеткіші «айтарлықтай төмен» болып қала берсе, онда Қазақстанның зейнетақы жүйесі болашақта өз салымшыларына лайықты зейнетақы төлей ала ма? 20–25 жылда зейнетке шығатын отандастарымыздың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі жоқ. Олар зейнетақы төлемдерінің ынтымақтық бөлігіне үміт арта алмайды, яғни оларға тиесілі зейнетақы мөлшері тікелей бүгінгі жинақ ауқымына тәуелді.

«Зейнетақы жүйесіне тән негізгі проблема – ел үкіметінің бұл тұрғыда орта мерзімге және ұзақ мерзімге негізделген нақты экономикалық жоспары, есептеулері жоқ. Қазірдің өзінде зейнетақы төлемдері мемлекеттік бюджеттің ең ірі шығыс бөлігі болып табылады әрі бұл шығындар әрі қарай өсіп барады. Егер өсу көрсеткіші осылайша жалғаса берсе, онда бюджет ауыртпалығы мұнай бағасы тиімді болған жағдайда да жеңілдей қоймайды», – дейді Мұрат Темірханов.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылдың қаңтары мен қазаны аралығында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлемдеріне 641,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 1 трлн 430,2 млрд теңге бағытталған. 2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сай, Қазақстандағы зейнеткерлер саны 2 млн 221 мың адамды құраған.

«БЖЗҚ-ның толық циклына (40 жыл) қатысып, ай сайынғы кірісінің 10%-ын тұрақты түрде Зейнетақы қорына аударып отырған салымшы үшін алмастыру коэффициенті (зейнетақы алушының соңғы жалақысы мен зейнетақы сомасының арақатынасы) 40%-дан төмен болмауы тиіс, – деп түсіндіреді сарапшы Темірханов. – Бірақ бұл да тиімді көрсеткіш емес. Алмастыру коэффициентін, айталық, 60%-ға дейін көтеру үшін, Қорға аударылатын ай сайынғы жарна салымшы жалақысының кем дегенде 15%-ын құрауы тиіс».

Олай болса, зейнетақы жинағына қатысты жинақтаушы шартты компонент енгізуді ниет еткен мемлекеттің табанды талабы енді түсінікті болды: айта кетейік, 2023 жылдан бастап жұмыс беруші Зейнетақы қорына қосымша 5% төлеуге міндеттелмек. Дегенмен, экономист мамандар бұл тұрғыда да күмән мен күдік басым деген пікірде. «Жұмыс беруші еңбекақы көлемін 5%-ға төмендетіп, сыйақы, әлеуметтік пакет сынды қызметкерлерді қолдау шараларынан бас тартуы ықтимал, қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл жинаққа мемлекет тарапынан кепілдік болмайтынын ескерсек, ертеңгі күні зардап шегетін тағы да қарапайым қызметкер», – дейді қаржыгер Дана Жарылғапова.

Айтқандай, инфляция деңгейіне орай зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекет тарапынан берілетін кепілдік – шартты жинақтау компонентіне қатысты ескерілмеген.

Инвестор болам десеңіз...

Зейнетақы жүйесіне қатысты қоғам ішін толғандырып отырған тағы бір маңызды мәселе – зейнетақы салымдарына мерзімінен бұрын кім қол жеткізе алады деген тұрғыда. 2021 жылы БЖЗҚ салымшыларынан 720 мыңдай адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспана мәселесін жақсартуға не емделуге (ем айтарлықтай қымбат тұратын болса) жұмсаумен қатар, қаржы компанияларына басқаруға бере алады. Әрине, мұндай мүмкіндік баршаға бірдей беріліп отырған жоқ. Бұл арада «жеткілікті шек» деген талап бар, яғни салымшы белгілі бір жасқа жеткенде, оның зейнетақы қоржынында жеткілікті қаражат сомасы болуы керек. Мысалы, зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу үшін 30 жастағы салымшының Қорда 2 млн 518 мың теңгеден астам жинақ ақшасы болуы тиіс.

«Меніңше, жинақталған қаржыны баспана мәселесін жақсартуға жұмсау жөнінде әлі де болса нақтылық, айқындылық жетіспейді, мысалы баспананы жөндеуге қатысты, – дейді қаржыгер Дана Жарылғапова. – Үкімет кезінде бірінші деңгейдегі нарық туралы айтқаны бар, яғни жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге қатысты. Бірақ БЖЗҚ салымшыларының басым бөлігі өз жинағынан әрі кетсе 1–2 млн теңге ғана шешіп ала алады. Ендеше бұл ақшаны олар қазір өздері тұрып жатқан пәтердің не жекеменшік үйдің кем-кетігін реттеуге жұмсаса да болады ғой».

Ал Қордағы ақшаны емделуге жұмсау үшін жергілікті денсаулық сақтау органдарының растау, мақұлдау қорытындысы болуы тиіс. Өйткені, бұл ақша тек қымбат тұратын емдеу шараларына жұмсалуы шарт. Сарапшы Жарылғапованың пікірінше, бұдан кезекті бюрократиялық кедергілер белең алуы мүмкін. «Айталық, науқасқа отандық дәрігерлер тарапынан «қатерлі ісік» деген диагноз қойылды дейік, бірақ науқас өзі жинақтаған ақшаны шетелде тексерілуге жұмсай алмайды. Сонда «елімізде емдеу мүмкіндігі жоқ қымбат ем» деңгейіне жету үшін науқас қанша уақыт күтуі тиіс?» – деп сауалдайды Дана Жарылғапова.

Сарапшы, сондай-ақ мемлекет басшысы 2019 жылғы жолдауында зейнетақы жинағын білім алуға бағыттауды ұсынған-тын деп ескертеді. «Президент былтырғы жолдауында салымшының өзі не оның отбасы мүшелері жинақ қаржысынан білім алуға ақша ала алады деген болатын, бірақ бұл жайында қазір бір ауыз сөз жоқ», – дейді ол.

Ал сарапшы Бота Жұманованың пайымынша, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын мақсатты негізде пайдалану жөніндегі ұсыныс – салымшылардың меншік құқын қалыпқа келтіріп, мойындау жолын-
дағы қисынды қадам. «Қарап отырсақ, міне, 2021 жылға дейін БЖЗҚ-ның 10 млн салымшысының өз меншігіне қатысты толыққанды құқығы болмаған екен. Бұл арада меншік құқы деп мен салымшының өз жинағына иелік ету, одан пайда табу және өз жинағын заңды негізде басқару құқын айтып отырмын», – дейді ол.

Келесі қадам – Қордың инвестициялық қызметінің жекеменшік басқару компанияларына берілуі: Ұлттық банкке балама ретінде. «Егер салымшы жекеменшік инвестициялық компанияны таңдап жатса, инфляция мөлшеріндегі ең төменгі инвестициялық табысқа мемлекеттік кепілдіктің болмауы дұрыс шешім. Жинақ ақшаңызды мемлекеттік институтқа сеніп тапсырам десеңіз – өз қалауыңыз, ал егер ондағы көрсеткіштер сізге ұнамаса, онда жекеменшік компанияларды таңдаңыз. Әрине, оларда табыстылық көрсеткіші елеулі болуы мүмкін, бірақ соған сәйкес тәуекелдер де айтарлықтай жоғары. Тең бәсеке тұрғысынан алып қарағанда, Ұлттық банк беретін кепілдіктің жекеменшік компанияларға қатысты ескерілмеуі – ойын ережесі екі жаққа да бірдей дегенді білдіреді», – дейді Бота Жұманова.

Отандық инвестиция нарығының кенжелеп дамуы салдарында, қазақстандықтардың инвестициялық мәдениеті әлі де дұрыстап қалыптаса қойған жоқ. Мұны мойындау керек. Оның сыртында, салымшыларға зейнетақы жинағын жылжымайтын мүлікке салу мүмкіндігі беріліп отыр. Мұндай жағдайда жекеменшік басқарушы компанияларға деген сұраныс қаншалықты өзекті болмақ?

«Иә, жылжымайтын мүлік – отандық салымшылар үшін түсінікті де таңдаулы инвестициялық құрал. Мақсатты қаржыға қол жеткізген салымшылардың көпшілігі өз жинағын баспанаға, тұрғын үйге инвестициялауға мән беретіні анық. Олай болса жекеменшік компанияларға ұсынылуы ықтимал қаржы ауқымы айтарлықтай көп болмайды. Екіншіден, түсетін табысқа мемлекет тарапынан кепілдіктің болмауы – салымшылар үшін елеулі тәуекел, олар бұған психологиялық тұрғыда дайын емес», – дейді сарапшы Жұманова.

Яғни, жинақ ақшаны жекеменшік қаржы компанияларына басқаруға бергенде мемлекет тарапынан бұл жинаққа қатысты ешқандай кепілдік берілмейді. Заң жобасында бұл анық көрсетілген.

«Сондықтан да бұл компанияларға және олар қолданып отырған қаржы құралдарына қатысты тиісті талаптар белгілеп, салымшы тарапынан өз ақшасын қайтару және реттеу мүмкіндігін заң жүзінде бекітуді ескеру керек», – дейді қаржыгер Дана Жарылғапова. Сарапшының пайымынша, егер басқарушы компаниялар шын мәнінде клиенттерге бағытталып, салымшы сенімінен шығып жатса, онда мұндай тәжірибе нарық ішінде түпкілікті тамыр жаюы әбден мүмкін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить