Цифрлық теңге: ақшаның үшінші формасы

22679

Биыл шілде айының басында ҚР Ұлттық банкі мен Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы «Цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделі» атты зерттеуін жария етті. Аталған зерттеу негізінде елімізде 2022 жылдың соңына дейін цифрлық валюта енгізу жөнінде түпкілікті шешім қабылданбақ

ФОТО: © Depositphotos/Deacons_docs

Пилоттық жоба

Еліміздің бас банкі келтірген ақпаратқа сүйенсек, цифрлық теңгенің енгізілуі – төлем және қаржы қызметтеріне деген қолжетімділікті арттыруы тиіс, оның ішінде офлайн төлемдер негізінде де.

Ұлттық банк мамандарының айтуынша, цифрлық теңге ұлттық төлем инфрақұрылымының маңызды бір бөлігі бола алады, өйткені ол программалау мүмкіндіктері мен офлайн төлемдердің жаңа функциясын қамтамасыз етуде тиімді құрал. Бұл функциялар, өз кезегінде, интернетке қосылу деңгейі тұрақсыз өңірлерде қаржы қызметтеріне деген қолжетімділікті арттыруға үлес қоспақ.

Цифрлық теңгенің инфрақұрылымы мемлекеттік органдар мен қаржы нарығының ойыншыларына blockchain және таратылған тізілім технологиялары базасында инновациялық сервистер әзірлеуге жол ашатын қосымша мүмкіндік болмақ. «Цифрлық теңгенің енгізілуі таяу келешекте трансшекаралық төлемдердің тиімділігін еселей түседі» делінген бас банктің ақпаратында.

Цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдауда Ұлттық банк – төлем қызметтерін тұтынушылар үшін түпкілікті нәтиже қаншалықты тиімді болатынына мән бермек.

CBDC – цифрлық валюта

Айтқандай, цифрлық теңге – Қазақстандағы қолма-қол және қолма-қол емес ақша түріндегі төлемдерді алмастырады деген сөз емес. Finprom зерттеу орталығы сарапшыларының шолуына ден қойсақ, цифрлық теңге параллельді негізде қолданысқа түсуі ықтимал.

Finprom.kz мәліметінше, бүгінде әлем бойынша жүзден астам ел өз цифрлық валютасын әзірлеу мүмкіндігін зерттеуге кіріскен: CBDC (Central Bank Digital Currency – орталық банктердің цифрлық валютасы – F) енгізуде Қазақстан топ-25 елдің қатарына кіреді.

«Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 95%-дан астамын еншілеп отырған 105 ел бүгінде осынау қаржы құралын әзірлеу мүмкіндігін есепке алуда. Валютаның бұл түрін «ақшаның үшінші формасы» деп те атайды. Өйткені оны елдің орталық банкі шығарады» деп көрсетеді өз шолуында Finprom.kz.

Сарапшылардың пікірінше, цифрлық теңге қаржылық инклюзивтілікті жақсарту әлеуетіне ие. «Цифрлық теңге төлем индустриясындағы бәсекелестік пен инновацияларды дамытуға оңынан ықпал етіп, Қазақстанның қаржы секторының жаһандық нарықтағы бәсекелестік қабілетін арттыруға серпін береді» дейді олар.

Atlantic Council сараптамалық орталығына сілтеме жасаған Finprom.kz өз шолуында, бүгінде әлем бойынша 10 ел толыққанды цифрлық валютаны іске қосқанын хабарлайды. Сол сияқты, тағы 15 ел – оның ішінде Қазақстан да бар, цифрлық валютаны пилоттық режимде енгізу мүмкіндігін қарастыруда. 24 ел өз цифрлық валютасын әзірлеу деңгейінде, ал 43 ел бұл мүмкіндікті барынша зерттеуге кіріскен.

Бір қызығы, осыдан бір жыл бұрын дүние жүзінде толығымен іске қосылған бірде-бір цифрлық валюта жоқ болатын.

Шешім биыл қабылданбақ...

Елімізде цфрлық теңгені қолданысқа енгізу ойдағыдай жүзеге асып жатса, бұл қазақстандықтар үшін қандай жаңалық әкелмек, қаржы нарығы қалай өзгермек?

Седред Асретов
Седред Асретов

Бұл тұрғыда Ranking.kz СЕО Седред Асретов былай дейді:

- Цифрлық теңге жобасы дәл қазір әлі де әзірлік үстінде, ол әзірше өз мәресіне жеткен жоқ. Цифрлық теңгені әзірлеумен бізде ҚР Ұлттық банкі айналысуда. Егер цифрлық теңге «эмиссияланып» жатса, онда бұл реттеуші органның міндетіне айналмақ. Реттеуші орган шілденің басында жария еткен осы жобаның пайдасы мен шығынын бағалау моделі туралы зерттеуі негізінде биыл жыл соңына дейін цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы шешім қабылданбақ.

Бұл жобаға екінші деңгейдегі банктердің қайсысы қатыспақ?

- Әзірше бұл белгісіз, отандық банктер мұндай ақпаратты әлі де нақтылап, пысықтай қойған жоқ. Бірақ, біздің пайымымызша, олардың ішінде цифрлық инфрақұрылымы мықты ірі банктер болуы тиіс. Әлбетте, бұл банктер жаңадан құрылып жатқан бірегей нарықты игеруге дайын әрі барынша ниетті деп ойлаймыз.

Цифрлық теңгенің айналымға түсуі қарапайым тұтынушыға не береді?

- Біз қазір криптавалюталарды блокчейнмен теңдестіреміз, бірақ блокчейн – бұл криптоиндустрия ғана емес, оның қолдану аясы айтарлықтай кең. Мысалға, транзакцияларды қадағалаудан, оларды тоқтаусыз, үздіксіз жүргізуге дейін немесе логистиканы оңтайландырудан – ашық сайлау өткізуге дейін.

Бұл технологияның алдағы мүмкіндіктері мен артықшылықтарына қарамастан, қазір ол әлі де дамудың бастапқы кезеңінде, өйткені, жалпы, блокчейндустрия әлі де толыққанды дамып, қалыптасқан жоқ. Бұл технологияның күнделікті өмірде, қарапайым тұтынушылық негізде кеңінен енгізіліп, айналысқа түсуі үшін уақыт керек. Бірақ сол уақыт келгенде, біз оның тиімді әсері мен барлық артықшылық, басымдық тұстарын «көзбен көріп, қолмен ұстап» дейтін деңгейде байқап, сезіне аламыз.

Бірақ, бұл жоба пилоттық деңгейде ғой?

- Бұл жобаның нақты белгіленген мерзімі бар, яғни іске қосылғаннан кейін 1 жыл деңгейінде делінген. Ал Ұлттық банк цифрлық теңге жобасына 2021 жылы кірісті. Соған сәйкес, осы бір жылдағы нәтиже көрсеткіштеріне орай, биыл жыл соңына дейін бұл жобаны одан әрі жүзеге асыру қажеті бар ма, жоқ па деген шешім қабылдануы тиіс.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық банкінің ақпаратына сәйкес, «Цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделі» зерттеуі аясында 2022 жылдың соңына дейін цифрлық теңге туралы пилоттық жобаның технологиялық, экономикалық және реттеуші аспектілері сарапқа салынбақ.

Цифрлық теңгені қолданысқа енгізу туралы шешім қабылдауда – пайда және тәуекел мүмкіндігі толыққанды зерттеліп, оның еліміздің ақша-кредит саясаты мен қаржы тұрақтылығына ықпалы және ұлттық төлем жүйесі мен оған қатысушыларға әсері жан-жақты зерттеліп, бағаланбақ. Тек содан кейін ғана цифрлық теңге бойынша тиісті шешім қабылданады, делінген ҚР Ұлттық банкінің ақпаратында.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить