Сарапшылар болжамы: инфляция әлі де көтеріледі

23790

Сарапшылардың инфляцияға қатысты пайым-болжамдары соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткішке шықты, деп мәлімдейді ҚҚҚ сарапшылары

ФОТО: © Depositphotos/AndreyPopov

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сараптамалық орталығы қазан айындағы бірқатар қаржы индикаторлары бойынша қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың кезекті пікір, болжамдарын жария етті.

Әдеттегідей бұл жолы да ҚҚҚ зерттеуі отандық банк, сақтандыру компаниялары, брокерлік ұйымдар мен сараптамалық, қазынашылық бөлімшелер мамандарының пікіріне негізделген.

Онда Brent маркасындағы мұнайдың бағасынан бастап, АҚШ долларының қазақ теңгесіне және ресейлік рубльге қатысты құны, сондай-ақ инфляция, жалпы ішкі өнім және ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі сынды көрсеткіштер есепке алынған.

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, отандық қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың алдағы жылға қатысты инфляциялық болжамдары мәз емес. Бір жылдан кейін күтілетін инфляцияға олардың тарапынан берілген орташа баға бұл жолы 12,9%-ға дейін өскен.

Нарықтағы кәсіби мамандардың пікірін сарапқа салған ҚҚҚ сарапшылары – «бұл 2017 жылдан бергі ең жоғары болжамдық көрсеткіш» деген түйін жасайды. Айта кетейік, келер жылға қатысты бұған дейінгі инфляциялық пайымдар 12,5% шамасында болатын.

Сарапшылар талқыға салған кезекті сауал: «26 қазанға белгіленген кезекті отырысында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемеге қатысы қандай шара қолдануы мүмкін?» деген мазмұнда. Бұл тұрғыда қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылар әртүрлі болжам айтқан: 50%-ы базалық мөлшерлеменің көтерілуін күтсе, 43%-ы «бүгінгі деңгейде қалады» деп есептейді, ал 7%-ы «мөлшерлеме төмендейді» деген пікірде.

Ал ҚҚҚ сарапшыларының түйіні: «Мамандардың арасында консенсустың болмауына қарама-қайшы ақпараттар легі ықпал етсе керек» дегенге саяды. Яғни, бір жағынан алғанда, Халықаралық валюта қоры базалық мөлшерлемені көтеру жөнінде ұсыныс айтуда. Ал, екінші жағынан алғанда, ел үкіметі таяу арада базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін зерттеп жатқаны туралы есеп берді.

Айтқандай, отандық қаржыгерлердің ұлттық валютаға қатысты болжамдары төмендегідей: биыл қарашаның басында АҚШ долларының қазақ теңгесіне қатысты орташа бағамы $1–477,1 теңге деңгейінде қалыптасуы ықтимал (ағымдағы бағам 469,04 теңге). Ал келесі жылғы көрсеткіш 496,4 теңге шамасында тұрақтауы мүмкін (бұған дейінгі болжам 492 теңге болатын).

Ішкі нарықтағы кәсіби ойыншылардың валюта бағамына қатысты соңғы пайым-болжамдарын «бекітілген сипатта» деп көрсеткен ҚҚҚ сарапшылары, бұл «негізгі сыртқы факторлардың өзгеруіне қатысты айырбас бағамының икемділігі (сезімталдығы) төмендей түсуімен түсіндірілсе керек» деп қосады.

Ал мұнай бағасы, қаржыгерлер болжамынша, алдағы 12 айда жоғары деңгейде қала бермек. Бұған, сірә, OPEK+ мәлім еткен нарықтағы балансты сақтауға негізделген шаралар әсер етсе керек.

«Мұнайдың бағасы жоғары деңгейде қалады деген болжамдар еліміздің ЖІӨ динамикасына тиісті деңгейде әсер етпек. Сарапшылардың пайымынша, бір жылдан кейін ел экономикасы 3,2%-ға өсуі тиіс (ағымдағы көрсеткіш – 3,2%)», - деп түйіндейді нарықтағы ойыншылардың пікірін Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить