Сарапшы қауым пікірі: Қыркүйекте базалық мөлшерлеме өзгермейді

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы отандық қаржы нарығындағы кейбір индикаторларға қатысты кәсіби ойыншылар арасында жүргізілген кезекті сауалнама қорытындысын жария етті

ФОТО: © Depositphotos/MaxZolotukhin

ҚҚҚ зерттеуіне қатысқан банк, сақтандыру нарығы, брокерлік ұйымдар өкілдері мен сараптамалық, қазынашылық бөлімшелердің қызметкерлері төмендегідей индикаторларға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, болжам жасаған: Brent мұнайының құны, АҚШ долларының Қазақстан теңгесіне және Ресей рубліне шаққандағы құны, инфляция, ЖІӨ көрсеткіші, ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі.

ТҮЙІН

  • Сарапшылардың болжамынша, жыл басынан бері базалық мөлшерлемені едәуір көтеріп келген (9,75%-дан 14,5%-ға дейін) Ұлттық Банк 5 қыркүйекке белгіленген алдағы отырыста кідіріс жасауы ықтимал.

  • Респонденттердің басым бөлігі базалық мөлшерлеме сақталады деп күтеді – 73%-ы. Ал қалған 27%-ы – 15%-ға көтеріледі деген пікірде. Олардың бұл тұрғыдағы болжамдарына мұнай бағасының едәуір құлдырауы (мәндік көрсеткіште 124-тен 96-ға дейін), азық-түлік бойынша жаһандық бағалардың төрт айға жалғасқан төмендеуі (FAO (Food and Agriculture Organization) индексі 160-тан 141 пунктке төмендеген) және ел ішіндегі инфляциялық қысымның шарықтау шегінен жеделдеп өту мүмкіндігі септік етсе керек.

  • Айтқандай, отандық сарапшылар бір жылдан кейін инфляция 11,7%-ға дейін бәсеңсіп, базалық мөлшерлеме 12,0%-ға дейін төмендейді деп күтеді. Ескерте кетсек, әдетте, пайыздық мөлшерлемелер шикізат бағасымен бір бағытта жылжып отырады.

  • Ал мұнай бағасына қатысты тамыздағы пайым-болжамдар көңілге қонымды емес: сарапшылардың пікірінше, бір жылдан кейін Brent мұнайының бір баррелі 89 АҚШ доллары деңгейінде тұрақтауы ықтимал, ал бұдан бір ай бұрынғы болжам 106 АҚШ доллары шамасында болатын (-16%). Мұнай бағасы бойынша мұндай теріс болжамдарға шикізат бағасына енгізілген түзетулер (әсіресе, сауалнама жүргізіліп жатқан тұстағы) мен пайыздық мөлшерлеменің жаһандық деңгейдегі шарықтауы аясында әлемдік экономика құлдырай түседі деген пайымдар әсер етсе керек.

  • Әрине, мұнай бағасы төмендеп, рубль әлсірейді деген болжамдар ұлттық валюта бағамына да әсер етпей қоймайды. Отандық сарапшылардың болжамынша, USD/KZT жұбы бойынша бір жылдан кейінгі көрсеткіш 1 АҚШ долларына 495 теңге деңгейінде қалыптасуы ықтимал (ағымдағы көрсеткіш 477 теңге – болжамды өсім +3,5%) .

  • Сол сияқты, сарапшы қауым, бір жылдан кейін елдегі ЖІӨ өсуі 2,9% шамасында баяулайды деген жорамал айтады (ағымдағы көрсеткіш 3,4%). Олардың бұл пікіріне мұнай бағасының төмендеуіне қатысты болжамдармен қатар, республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің өсу қарқынын шектеуге негізделген фискалдық ережелердің сақталуы ықпал етуі мүмкін.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
16637 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Лилия Рах: Из деревни - к звёздам мировой индустрии моды Смотреть на Youtube