Санкцияның банк секторындағы салдары

18177

Қазақстанда жыл басында ресейлік үш банк жұмыс істеп тұрды: «Ресей жинақ банкі» АҚ ЕБ, «Альфа-Банк» АҚ ЕБ және «ВТБ Банк (Қазақстан)» АҚ ЕҰ. 2022 жылғы қаңтарда осы банктердің активтеріндегі жиынтық үлес біздің елде жұмыс істейтін екінші деңгейлі банктер активтерінің жалпы үлесінің 15,1%-ын құрады. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 14,2%-ды құраса, бес жыл бұрын небәрі 9% еді

ФОТО: © Studio Good Time

Салыстыру үшін айтайық, мысалы, Қытай банктерінің біздің елдегі екінші деңгейлі банктер активтеріндегі үлесі 2%-ға жетпейді. Бұл ресейлік банктердің Қазақстан қаржы нарығында салмағы болғанын білдірсе керек. Алайда кейінгі жарты жылда жағдай күрт өзгерді. Ресейдің Украинаға соғыс ашуы ресейлік банктердің біздің елдегі еншілес бөлімдеріне айтарлықтай ықпал етті.

Санкцияға дейін...

Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) мәліметінше, санкция салынған компаниялар тізімінде «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстандағы еншілес бөлімі мен «ВТБ банк–Қазақстан» банкі енгізілді. «ВТБ Банк» ВТБ SDN тізімінде болғандықтан, қатаңдау санкцияға ұшыраған. Бұл банктердің санкцияға ұшырауы Қазақстан экономикасына белгілі бір деңгейде ықпал етпей қоймайды. Бір себебін банк активтерінің көлеміне байланыстырып жоғарыда келтіре кеттік. Сол ойды жалғастырсақ, активтер бойынша «Ресей жинақ банкі» АҚ ЕБ жыл басындағы есеп бойынша, қазақстандық алпауыт «Қазақстан Халық жинақ банкінен» кейін екінші орында тұрды және активтері бір жылда 27,5%-ға өсіп, теңгеге айналдырғанда 4,2 трлн теңгені құрады.

Елімізде екінші деңгейлі 22 банк бар болса, соның арасында «Альфа-Банк» АҚ ЕБ мен «ВТБ банк–Қазақстан» АҚ активтері бойынша тиісінше 11 және 14-орынға жайғасқан еді. Мысалы, «Альфа-Банк» активі 926,9 млрд теңгені құрап, жылына 16,3% өсім көрсетіп келе жатқан. Ал «ВТБ банк–Қазақстан» активтерінің көлемі 36%-ға өсіп, 474 млрд теңгені құраған.

Кейінгі жылдары ресейлік банктер несиелеу көлемін айтарлықтай арттырғаны байқалды: несие портфелінің жалпы үлесі бір жылда 15%-дан 17,4%-ға дейін өсті. «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстан ЕБ республикамыздың екінші деңгейлі 22 банкі арасында 2,7 трлн теңге көлемімен екінші орынға шықты, бұл 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 1,5 есе көп. «Альфа-Банктің» несие портфелі 36,8%-ға, яғни 534,8 млрд теңгеге, ВТБ Банк – 24,1%-ға, яғни 218,2 млрд теңгеге дейін өскен.

Депозиттерге ден қойсақ, 2022 жылдың қаңтарында ресейлік банктердегі депозиттер көлемі 3,5 трлн теңгені құрады, оның 2,5 трлн теңгесі екінші деңгейлі банктер арасында осы көрсеткіш бойынша үздік үш банктің қатарына кірген «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстан ЕБ тиесілі. «Альфа-Банк» депозиттерінің көлемі 618,6 млрд теңге, ВТБ Банк – 338,6 млрд теңгені құрады. Осы тұста айта кетерлігі, ресейлік еншілес банктердегі депозиттердің 60%-дан астамы корпоративтік депозитті құрайды. Ресейлік банктердің корпоративтік сегментке назар аударуының өз себебі бар: елімізде шетелдік компаниялар қатысуымен 37,8 мың заңды тұлға тіркелген, соның ішінде Ресейдің қатысуымен тіркелген кәсіпорындар саны 11,5 мыңға жуықтайды. Соның есебінен «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстан ЕБ-нің заң-ды тұлғалар депозиттерінің көлемі 1,4 трлн теңге, «Альфа-Банк» – 405,2 млрд теңге, Банк ВТБ – 255,4 млрд теңгеге жетті.

Ресейлік еншілес банктердегі жеке тұлғалар депозиттерінің үлесі де қомақты, жыл басындағы дерек бойынша – 1,4 трлн теңге. Жеке салымдардың ең үлкен көлемін «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстан ЕБ (1,1 трлн теңге), одан кейін «Альфа-Банк» (213,4 млрд теңге) және Банк ВТБ (83,2 млрд теңге) құрады.

Мұның барлығы осы жылдың басындағы деректер. Ал санкциядан кейін не өзгерді?

ФОТО: © Shutterstock.com

Санкциядан кейін

Санкциядан кейін «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстан ЕБ мен «Альфа-Банк» ресми сайты арқылы тұтынушыларын тыныштандыруға тырысып, барлық транзакцияның қолжетімді екенін хабарласа, «ВТБ Банк–Қазақстан» АҚ шетелде жүрген тұтынушыларына қолма-қол ақша алуды немесе басқа банктердің картасымен төлем жасауды ұсынды. Үш банктің де ресми сайтында санкция туралы бірде-бір сөз айтылмады, барлық ақпарат жеке және корпоративтік тұтынушыларға кеңес берумен шектелген.

Тек сәуір айында «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстан ЕБ кредиттердің бір бөлігін Халық банкке өткізетінін хабарлады. Мәміле Қазақстан даму банкінің жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бойынша берілген автонесиелерге, кепілсіз несиелердің бір бөлігіне, шұғыл қажеттіліктерге берілген несиелерге және ипотекалық несиелерге қатысты болды. Аударылған несиелер бойынша негізгі қарыздың жалпы сомасы 330 млрд теңгені құрады.

«Бүгін банк үкіметтің барлық ақшасын, соның ішінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бойынша берілген ақшаны қайтарды. Несие портфелінің бір бөлігін тағайындау қаржы секторында кең таралған тәжірибе. Клиенттер үшін бұл басқа банктегі қызметтерге ауыртпалықсыз ауысумен көрінеді. Біздің серіктес банк үшін бұл несие портфелін ұлғайту мүмкіндігі», – деді «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстан ЕБ сол кездегі басқарма төрағасы Ельдар Теңізбаев.

23 тамызда «Сбер» Қазақстандағы еншілес банкін сату туралы келісімге қол қойғанын хабарлады. Осылайша «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен Сбербанк тобы «Сбердің» Қазақстандағы еншілес банкі («Ресей жинақ банкі» АҚ ЕБ) акцияларының барлық пакетін сатып алу-сату мәмілесін жасасуды аяқтады. Сатып алушы тарап «бұрынғы тұтынушылар үшін банк өнімдері бойынша бар-лық шарт өзгеріссіз қалатыны, «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстан ЕБ-ге ребрендинг жүргізілетінін» мәлімдеді, ал 14 қыркүйек күні банк атауы «Береке банк» болып өзгерді.

Ребрендинг «Альфа-Банк» АҚ ЕБ-ға да жүргізілді. АҚШ-тың OFAC санкциялық тізіміне енгізілгеннен кейін банк бірқатар уақытша шектеу енгізді. Банк бұл шектеулер клиенттер қаражатының сақталуына және қолжетімділігіне әсер етпейтініне кепілдік береді деп мәлімдеді. Ал 2022 жылғы 14 сәуір күніне банк заңды тұлға клиенттері үшін 300 мың теңгеге уақытша тәуліктік лимит белгіледі. VISA және MasterCard карталары сол күні тек банк терминалдары мен банкоматтары желісінде жұмыс істеді. «Банк шектеулерді алып тастау үшін барлық шараларды жасап жатыр» деген мәлімдеме де банктің сол кездегі жағдайынан хабар берсе керек.

Көп ұзамай, яғни 6 мамыр күні «Банк ЦентрКредит» АҚ «Альфа-Банк» АҚ Қазақстан ЕБ-ның жай акцияларының 100%-ын сатып алу жөніндегі мәміле жарқ етті. Қайта тіркеуден кейін банк толық атауы ECO BANK ЕБ АҚ деп өзгерді, банк ECO BANK жаңа брендімен жұмыс істей бастады.

Ал «ВТБ Банк» (Қазақстан) – ВТБ халықаралық қаржы тобының еншілес банкі болғандықтан, санкция салдарын жылдам еңсерді деуге болады. Қаржы тобының құрамына Германия, Ұлыбритания, Кипр, Грузия және Анголадағы еншілес және қауымдастырылған банктер, сондай-ақ Қытай мен Үндістандағы ВТБ банкінің бір-бірден филиалы, ВТБ Капитал Сингапурдағы филиалы кіреді. Осындай алып топ Қазақстандағы еншілес банктің акцияларын қосымша капиталдандыру шеңберінде оның қосымша эмиссиясын жүзеге асырды. Қосымша эмиссия қорытындысы бойынша Банктің орналастырылған акцияларының саны 7 млн 375,7 мың данаға дейін ұлғайды. «ВТБ Банк» (Қазақстан) бұл қаражатты капиталын ұлғайтуға жұмсайды, бұл олардың қажетті нормативтерді орындауына және Қазақстандағы қызметін одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Санкция салдары жарты жылда ресейлік екі банктің қазақстандық қаржы институтына айналуына ықпал етті. Үшінші банк тұрақтылығын сақтап тұр. Бұл банктердің қалыпты жұмыс істе-уі Қазақстан экономикасы үшін маңызды. Бір мысал, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша «Ресей жинақ банкі» АҚ Қазақстан ЕБ 2017 жылдан бері ел бюджетіне 118,8 млрд теңге, «ВТБ Банк–Қазақстан» ЕҰ 12 млрд теңгеге жуық салық төлеген. «Альфа-Банктің» төлеген салығы туралы мәлімет аталған комитет ресурсынан көрінбеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить