Салық жоспары 110%-ға орындалды

17315

2022 жылдың алғашқы төрт айында мемлекеттік бюджетке 4 917,2 млрд теңге салық түсті, деп хабарлайды ҚР қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе немесе 1 873,5 млрд теңгеге жоғары көрсеткіш

ФОТО: pixabay.com/Edar

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, аталған кезең бойынша бастапқыда белгіленген салық түсімдерінің жоспары биыл 110,1%-ға орындалған. «Бекітілген жоспар – 4 466,4 млрд теңге болатын, ол 450,8 млрд  теңгеге асыра орындалып, 4 917,2 млрд теңге түсті» делінген ресми ақпаратта.

Салық түсімдері бойынша көрсеткіштерді тарата айтар болсақ, Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сай, биылғы жылдың алғашқы төрт айында:

  • Республикалық бюджет 100,7%-ға орындалды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 1,8 есе немесе 1 494,5 млрд теңге. Бұл тұрғыда бастапқы жоспарланған көрсеткіш 3 290,9 млрд теңге болса, ол 23,9 млрд теңгеге асыра орындалып, республикалық бюджетке 3 314,8 млрд теңге салық түскен.
  • Жергілікті бюджет 136,3%-ға орындалды: 2021 жылдың сәйкес кезеңіне шаққанда өсім 31,0% немесе 379,0 млрд теңге. Бекітілген жоспар 1 175,5 млрд теңге болса, ол 427,0 млрд теңгеге асыра орындалып, салық түсімі 1 602,5 млрд теңгені құраған.

2021 жылдың алғашқы төрт айымен салыстырғанда биыл қаңтардан мамырға дейінгі кезеңде республикалық бюджетке түскен салық сомасының елеулі ауқымын мұнайға салынатын корпоративті табыс салығы құраған: 571,0 млрд теңгеге көп немесе 2 есе жоғары.

Сол сияқты, ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы бойынша өсім – 433,2 млрд теңге немесе 4,6 есе, экспорттық кеден баждары бойынша 311,9 млрд теңге өсім немесе 2,1 есе.

Үшінші елдерден келетін импортқа салынатын ҚҚС 90,4 млрд теңгеге немесе 39,0%-ға өскен, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің импортына қосылған құн салығы 53,1 млрд теңгеге немесе 21,0%-ға, ал пайдалы қазбалардың өндірісіне салынатын салық 41,1 млрд теңгеге немесе 42,2%-ға өскен.

Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, салық түсімдерінің биыл жыл басындағы елеулі өсіміне төмендегідей факторлар әсер еткен:

  • 2022 жылдың алғашқы төрт айында, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, негізгі экспорттық позициялар бойынша баға қарқындап өсті. Атап айтсақ – мұнайдың бағасы 65,1%-ға, алюминий – 51,9%-ға, мырыш – 40,9%-ға, қорғасын – 16,5%-ға, мыс – 15,4%-ға қымбаттады.
  • Шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажының мөлшерлемесі 56,4%-ға өсті (1 тонна үшін орташа мөлшерлеме 2021 жылғы қаңтар–мамырда – 55,0 АҚШ доллары, 2022 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында – 86,0 АҚШ доллары).
  • Ағымдағы жылдың төрт айында үшінші елдермен тауар айналымы 1,5 есеге ұлғайды (экспорт 1,7 есе, импорт 1,2 есе өсті).
  • Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2022 жылдың төрт айында тауар, өнім өткізу айналымы 24,4%-ға өсті: 31 565 млрд теңгеден 39 266 млрд теңгеге дейін.

Айта кетейік, электронды шот-фактуралар негізіндегі деректер бойынша, 2022 жылдың алғашқы төрт айында төмендегідей қызмет және өндіріс түрлері бойынша салық төлеу көрсеткіштері айтарлықтай өскен:

  • үй қызметкерлерін жалдаумен айналысатын, өзі тұтынатын тауарлар мен қызметтерді өндіретін үй шаруашылықтарының қызметінде – 5,8 есе,
  • ақпарат және байланыс қызметінде – 1,8 есе,
  • өнер, ойын-сауық және демалыс – 1,6 есе,
  • өзге де қызмет түрлерін ұсыну – 58,4%-ға,
  • кен өндіру өнеркәсібі және карьер қазу – 53,0%-ға,
  • білім беру – 37,4%-ға,
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 35,8%-ға,
  • кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 35,6%-ға,
  • әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызмет – 25,6%-ға,
  • көтерме және бөлшек сауда – 23,8%-ға,
  • құрылыс – 23,5%-ға.
   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить