Отандық экспорттың 60 пайыздайы мұнайға тиесілі

26144

ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов төлем балансының ағымдағы көрсеткіштеріне тоқталып, еліміздің экспорттық әлеуеті туралы деректерді алға тартты

Ақылжан Баймағамбетов
ФОТО: архив пресс-службы
Ақылжан Баймағамбетов

«Тамыз-Қыркүйек 2022» болжамдық раунды кезеңінде еліміздегі макроэкономикалық негізгі көрсеткіштерге берілген бағаларды жаңартқан ҚР Ұлттық Банкі «төлем балансының ағымдағы шоты оң аймаққа өтіп, профицитпен қалыптасады» деп отыр.

Төлем балансының ағымдағы шоты туралы

Еліміздің бас банкінің болжамынша «базалық сценарий жағдайында» 2023 жылы мұнайдың бағасы қазіргімен салыстырғанда, орташа есеппен алғанда, бір баррель үшін 90 АҚШ долларына дейін біртіндеп төмендеуі ықтимал. Мұндай жағдайда биылғы төлем балансының ағымдағы шоты оң аймаққа ауысып, профицитпен қалыптаспақ.

Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, бұл соңғы 8 жылдағы алғашқы профицит болмақ және ол ел экспортының негізін құрайтын шикізат өнімдері бағасының қымбаттауы негізінде орын алуы мүмкін.  

«Тіпті, импорттың жоғары деңгейі мен шикізат секторындағы шетелдік инвесторлардың кіріс төлемдерін ескергеннің өзінде, базалық сценарий жағдайында профицит 7,0 млрд АҚШ долларын құрайды», - дейді ол. 

Ұлттық Банк мәліметінше, 2023 жылы профицит 7,5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаймақ, бұған экспорттың жоғары деңгейі септік етеді деген пайым бар.

Мұнай бағасының экспорт көрсеткіштеріне әсері

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары өз дерегінде «2022 жылы төлем балансы әдіснамасы бойынша экспорт 35,2%-ға, яғни 81,6 млрд АҚШ долларына дейін артуы тиіс» деп отыр. Өсім мұнай және мұнай емес тауарлардың, оның ішінде, қара және түсті металл, уран, сондай-ақ дәнді дақылдар бағасын қамтымақ.

Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, экспорттың артуындағы негізгі үлес мұнай есебінен болмақ, өйткені «бүкіл қазақстандық экспорттың шамамен 60%-ы мұнайға тиесілі». 

2023 жылдың экспортына қатысты болжамдар

Базалық сценарийге сүйенсек, Ұлттық Банк болжамынша, 2023 жылы экспорт құны жоғары болуы тиіс, бұл тұрғыдағы өсім 83,3 млрд АҚШ доллары деңгейінде күтілуде. Биылғы база жоғары болғанын ескерсек, дейді бас банк өкілі, жалпы өсім бар болғаны +2,2% деңгейінде болмақ.

«Бұл көрсеткішке Энергетика министрлігі болжағандай, 2022 жылы өндіріс көлемін 85,7 млн тоннадан 92,6 млн тоннаға дейін ұлғайту есебінен қол жеткізіледі», - деп отыр Ақылжан Баймағамбетов.

Мұнай экспорты туралы

Бүгінде отандық мұнай экспортының негізгі арналары – КҚК және Атырау–Самара құбыр желілері және де бұл арада КҚК үлесі айтарлықтай ауқымды: жалпы экспорттың 80%-ы деңгейінде. Осы себепті де КҚК бойындағы ақаулар мен желінің тоқтау қаупі сынды түйінді мәселелер еліміздің төлем балансының жағдайына ықпал етпей қоймайды.   

«Мұнай экспортын бағалауда біз Энергетика министрлігінің мұнай өндіру көлемі бойынша болжамдарына сүйенеміз. Осы жылдың соңында мұнай өндіру көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталып, 85,7 млн тоннаны құрайды деп отырмыз.

Ия, биыл КҚК жұмысында кейде ішінара, кейде толықтай тоқтап қалған жағдайлар болды. Дегенмен, Энергетика министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында экспортқа шығарылған мұнай ауқымы былтырғы деңгейде сақталды деуге тұрарлық, ептеген төмендеу бар – 2,2% шамасында немесе 33 млн тоннаға дейін», - дейді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.

Мемлекеттік кіріс комитетінің дерегінше, биылғы бірінші жарты жылдықта мұнай экспортының 84,7%-ға, яғни 24,8 млрд АҚШ долларына дейін өсуі, Brent мұнайына деген дисконтқа қарамастан, баға факторымен түсіндіріледі.

Мұнай экспортындағы ерекшеліктер туралы

Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, биыл экспорттағы мұнайдың 20%-ға жуығы айтарлықтай дисконтпен сатылуда. Бұл мұнай, негізінен, Атырау–Самара құбыры арқылы ресейлік Urals маркасымен бірге тасымалданады. Thomson Reuters агенттігінің мәліметінше, Brent маркасына шаққандағы Urals маркасындағы мұнайдың орташа дисконты жыл басынан бері бір баррель үшін, шамамен, 18 АҚШ долларын құраған.

Айта кетейік, Қазақстан мұнайының елеулі үлесі CPC Blend маркасы түрінде КҚК желісі арқылы экспортталады. Бұл марка бойынша орташа дисконт биыл бір баррель үшін 3 АҚШ долларын құраған. Яғни, қазақ мұнайының негізгі көлемі сыртқа минималды дисконтпен сатылуда деген сөз.

«Осыны және болжамды өндіріс көлемін ескере отырып, біз базалық сценарий жағдайында 2022 жылы мұнай экспортының 60,7%-ға, яғни 50 млрд АҚШ долларына дейін өсу мүмкіндігін шындыққа сай деп бағалаймыз», - дейді Ақылжан Баймағамбетов.

Экспортты әртараптандыру туралы

Ақылжан Баймағамбетов алға тартқан мәліметтерге сай, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында жалпы ресми тауар экспорты 56,2%-ға артып, 42,2 млрд АҚШ долларына дейін екі есе өскен.

«Осынау өсім көрсеткішін әр салаға бөліп қарастырсақ, оның 52,3%-ы шикізат пен оларды алғашқы өңдеу негізінде қамтамасыз етілгенін байқай аламыз, ал дайын өнім үлесі бар болғаны 3,9% ғана», - дейді ол.

Әйтсе де, Ұлттық Банк  дерегінше, экспортқа шығарылатын дайын өнім үлесі біртіндеп болса да өсіп келеді: 2014 жылғы 5,1%-дан 2021 жылы 8,5%-ға дейін. Номиналды түрде алғанда, бұл көрсеткіш 4,1 млрд АҚШ долларынан 5,1 млрд долларға дейін өскен.

«Экспортты әртараптандыру – бір күндік шаруа емес, ол тынымсыз күнделікті жүргізілетін жұмыс. Үкімет 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын 41 млрд долларға дейін өсіруді мақсат етіп отыр, оның ішінде тауарлар үлесі 29,5 млрд долларды құрамақ. Бұл тұрғыдағы жұмыс ауқымын әрі қарай күшейтіп, жалғастыра беру керек», - дейді Ақылжан Баймағамбетов.

ҚР Ұлттық Банкі баспасөз қызметінің материалдары негізінде

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить