Отандық банктер қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыруға ниетті

16973

Тауар және қызмет құны бойынша есеп айырысуда қазақстандық кәсіпорындар қолма-қол ақшасыз төлемдерге басымдық беруде

ФОТО: © unsplash.com/Jonas Leupe

Ranking.kz таяуда жария еткен зерттеу қорытындысына көңіл бөлсек, соңғы екі жылда елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдайтын кәсіпорындардың саны едәуір өскен. Сарапшылардың айтуынша, цифрлық шешімдерге негізделген бұл үрдіс отандық төлем нарығында COVID-19 пандемиясы аясында 2020 жылы қалыптасып, тұрақтаған.

«Жаһандық пандемия аясында еліміздің төлем нарығында бірқатар жаңа цифрлық ұсыныстар қарқындап дамып, жедел де тиімді әрі жаппай жүргізілетін төлемдерге деген қажеттілік арта түсті», - деп көрсетеді сарапшылар өз зерттеуінде.

Ranking.kz мәліметінше, 2022 жылдың маусым айының соңын ала елімізде есеп айырысу барысында төлем карточкасын қабылдайтын 569,8 мың сауда нүктесі бар 397,3 мың сауда кәсіпорны тіркелген. «Бар болғаны екі жылдың ішінде мұндай кәсіпорындардың саны 4 еседей өскен – бұл төлем нарығы бойынша елеулі көрсеткіш», - дейді сарапшылар.

Олардың пікірінше, елімізде анық байқалған технологиялық ілгері жылжудың бір көрінісі деп – төлем карточкаларын қолдануға қажет инфрақұрылымның дамуын және байланыссыз төлемдерге деген сұраныстың артуын айтуға болады.  

«Соңғы екі жылда, - деп түсіндіреді Ranking.kz сарапшылары, - РОS-терминалдар саны 3,5 есе ұлғайып, 2022 жылдың маусымының соңында мұндай құрылғылар саны 674 мыңды құраған. POS-терминалдардың 95%-дан астамында байланыссыз төлем функциясы бар».

Отандық сарапшылар, бүгінде Қазақстан азаматтары да «байланыссыз әрі қауіпсіз төлем технологияларын қолдануда белсенділік танытуда» деп отыр, олардың айтуынша, соңғы жылдары елімізде Apple Pay, Samsung Pay, Garmin Pay, QR-код және былтырғы жылдың соңынан бері Google Pay кеңінен қолданылуда.

«Қолдағы мәліметтерге жүгінсек, 2021 жылдың алғашқы алты айында қазақстандықтар Apple Pay және Samsung Pay қосымшалары негізінде 104 млрд теңге сомасына 18,8 млн транзакция жүргізген», - дейді Ranking.kz сарапшылары.  Бұл тұрғыдағы байланыссыз төлемдер, негізінен, мобильді телефон мен smаrt-сағаттар арқылы жүзеге асқан. Байланыссыз төлемдерге тән ерекшеліктің бірін, сарапшылар, бұл операцияларды «интернетке қосылмай-ақ жүргізуге болады» деп түсіндіреді.

Сарапшы қауым жария еткен мәліметке сай, 2021 жылдың алғашқы алты айында елімізде QR-код қолдану негізінде 1,3 трлн теңге сомасына 192,8 млн транзакция жүргізілген. Бұл онлайн режимде жүзеге асқан барлық қолма-қол емес төлемдердің 26,4%-ы, дейді сарапшылар.

«Бүгінгі таңда екінші деңгейдегі отандық 9 банктің клиенттері Apple Pay және Google Pay сервистерін қолдана алады, 6 банк өз клиенттеріне Samsung Pay сервисін ұсынып отыр. Ал 5 банктің клиенттері QR-код қолдану негізінде төлем жасай алады. Аталған сервистерді түгел ұсынып отырған отандық 3 банк бар», - дейді Ranking.kz өз зерттеуінде.

Сол сияқты, сарапшылардың айтуынша, қазақстандық банктер қолма-қол емес төлемдер (байланыссыз төлемдер) жүргізуге клиенттердің ынтасын арттыру мақсатында әртүрлі ұсыныстар мен технологиялық шешімдерді белсене қолдануда, оның ішінде, мысалға бонустар беру және cash back сынды ұсыныстар кеңінен ескерілген.

Ranking.kz материалдары негізінде

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить