Нұрдәулет Айдосов: Біздің стратегиямыздың негізгі қағидасы – әрбір қазақстандыққа деген сенім

Jusan Bank үш жылға жетер-жетпес уақыт ішінде елдегі ең ірі және тұрақты қаржы институттарының біріне айналды

Нұрдәулет Айдосов
Нұрдәулет Айдосов
ФОТО: архив пресс-службы

Банк активтері соңғы бір жылда 55 пайызға өсіп, 2,6 трлн теңгеге жеткен. Қазір банктің нарықтық үлесі 7 пайыз. Бұл жетістіктер Jusan Bank басшылығының тиімді стратегиясы мен ESG принциптері бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі деуге болады. Сонымен, сыртқы факторлар қыспаққа алған қазіргідей тұрақсыз кезеңде қалай прогрессивті банкке айналуға болады? Бұл сұраққа Jusan Bank басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов жауап берді.

2021 жыл Jusan Bank үшін нәтижелі болды. Бұл үрдіс 2022 жылы да жалғаса ма?

– Өткен 2021 жыл өте күрделі болды: пандемия салдары, реформалар, макроэкономикалық жағдай – мұның барлығы банктер бетпе-бет келген сынқатерлердің бір бөлігі ғана. Бірақ мұндай қиындықтарға қарамастан, 2021 жыл біз үшін жемісті әрі нәтижелі болды. Биыл, әрине, бұл үрдіс жалғасын тауып жатыр. Қаңтар оқиғасы мен геосаяси жағдайға қарамастан, біздің бизнес пен қаржы көрсеткіштеріміз өсуде. Бұл – банктің қаржылық тұрақтылығы мен бизнес-моделіміздің тиімділігінінің дәлелі. Биылғы жылдың екінші тоқсаны банк тарихындағы ең жемісті кезең болды. Мысалы, бар болғаны бір ай ішінде, маусым айында, 2021 жылғы таза табыспен теңдей пайда таптық. Ал жыл басынан бүгінге дейінгі банктің таза табысы өткен жылғы компаниялардың табысымен бірдей. Жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер тарапынан сұраныс жоғары. Клиенттер күн санап өсіп жатыр. Қазірдің өзінде олардың саны 2,7 миллионнан асты. Оның басты себебін банк нарыққа бірқатар жаңа, сұранысы жоғары, бәсекеге қабілетті және инновациялық өнімдерді шығаруымен байланыстырамын. Осынау алмағайып заманда клиенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру, сапалы әрі жылдам қызмет көрсету біз үшін бірінші орында.

Банк қарқынды дамып жатыр. Соңғы жылда көптеген көрсеткіштер бойынша нарықтың көшбасшысына айналдық. Қазір Қазақстанның банк секторында Jusan Bank-тің үлесі 7 пайызға жетіп, өтімділік пен меншікті капиталдың жеткіліктілігі бойынша алдыңғы орындамыз. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бізге әлеуетті-жүйелік маңызы бар екінші деңгейлі банк мәртебесін берді. Мұны елдегі қаржы жүйесінің тұрақты және үздіксіз жұмысын сақтап тұрудағы Jusan Bank-тің рөлін мойындау деп білемін. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.

Акционерлер сіздің инвестиция саласындағы тәжірибеңізге сүйене отырып, алдыңызға банкті IPO-ға шығару деген мақсат қойған екен. Қазір осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?

– Мен – инвестициялық банкингте тәжірибесі бар төрағалардың бірімін. Банктің ауыз толтырып айтар тарихы мен бірегейлігі болмаса, IPO-ға шығу қиын. Әуелі, әлеуетті инвесторлардың назарын аудара алатын equity-story немесе бірегей бизнес-модель қалыптастыру қажет. Қазіргі әлемдік экономикалық жағдай мен болжамды рецессияны ескеретін болсақ, алдағы бірнеше жылда IPO-ға шығу бізге емес, сыртқы факторларға байланысты болмақ. Біз өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, ал жаһандық және жергілікті макроэкономикада нарықтың қаншалықты дайын болатыны, жағдайдың қалай құбылатыны белгісіз. Сондықтан мен кәсіби маман ретінде бүгін-ертең немесе бір жылдан кейін деп уәде бере алмаймын. Бәрі нарықтағы жағдайға байланысты. Ал біз өз тарапымыздан дайындықты бастап, IPO талаптарына сәйкес кажетті жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз.

Қазір банктердің цифрлық қызметтері арасында бәсекелестік өте жоғары. Jusan Bank-тің цифрлы өнімдері несімен ерекшеленеді?

– Біздің банктің басқалардан ерекшелігі – экожүйемізде өнімдердің алуан түрі бар және жаңа шешімдерді жылдам енгізе алуымызда. Мысалы, Jusan Bank өзінің цифрлық жолын екі жыл бұрын ғана бастағанын ескерсек, бүгінде біздің экожүйеміз бірқатар халықаралық және жергілікті марапаттарға қол жеткізді. Қазір біз жеке тұлғаларға қызмет көрсету сегментінде үшінші орындамыз, ал бренд танымалдылығы бойынша Қазақстандағы алғашқы үштіктеміз.

Цифрлық қызметтер арасында бәсекелестік жылдамдық, сапа және баға деген үш көрсеткішке байланысты. Бағаны айтқанда арзан болады дегенді меңзеп отырған жоқпын. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жоғары жылдамдық пен жақсы сапа үшін клиенттер ақша төлеуге дайын. Біз барлық көрсеткіш бойынша нарықтағы бәсекеге қабілетті қызметтер ұсынып отырмыз. Шешімдердің бәрі нақты көрсеткіштер мен big data сараптамасы негіздей отырып қабылданады. Сондай-ақ біздің барлық бизнес шешімдеріміз data-driven және цифрлық аналитикаға негізделген. Бүгінде біз тиімді іскерлік шешімдер қабылдау үшін де, тұтынушылармен байланыс үшін де жасанды интеллектіні белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Біздің data science командамыз толығымен data science және машиналық оқыту саласында білікті мамандардан құралған.

Сонымен қатар қаржы моделіне сүйенеміз. Яғни, өнімдердің тиімділігін ескере отырып, нарықтағы жаңалықтың бәріне ілесе бермей, шешімді саналы түрде қабылдаймыз. Қазіргі таңда банк Jusan Retail, Jusan Business және Jusan Private Banking секілді үш бизнес-платформаның цифрлық өнімдерін қарқынды дамыту үстінде. Jusan Retail негізі – жеке тұлғаларға, Jusan Business қосымшасы – ШОБ және ірі бизнес үшін, ал Jusan Private Banking – VIP клиенттерге қызмет көрсетеді. Біздің бөлшек сегменттегі клиенттеріміз тек банк қызметтерін ғана емес, сонымен қатар сақтандыру, инвестициялау, ойын-сауық пен саяхатты қоса алғанда, экожүйенің барлық басқа қызметтері мен өнімдерін онлайн пайдалана алады. Экожүйеміздің цифрлық сервистерін ай сайын белсенді пайдаланушылар саны 1 миллионнан асты.

Ал бизнес клиенттерге кәсібін дамыту үшін ыңғайлы әрі тиімді бірқатар қызметтерді ұсынамыз. Олар Jusan Business қосымшасында шот ашудан бастап, салық және әлеуметтік төлемдерді төлеуге дейінгі қызметтерді комиссиясыз пайдалана алады. Бүгінде 65 мыңнан астам ШОБ өкілдері бизнеске арналған осы қосымшаны пайдаланып отыр.

Jusan Private Banking клиенттеріне өз табысын тек сенімді сақтауды ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қаржы құралдарына инвестициялау арқылы капиталды көбейтуді ұсынады. Бұл бағытта біз қаржылық емес өнімдер желісін жаңарту және одан әрі цифрландыру арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруды жоспарлап отырмыз.

Цифрлы қызметтер туралы айтқанда, киберқауіпсіздік мәселесін айналып өте алмаймыз. Соңғы кездері ел азаматтары алаяқтыққа жиі ұрынатын болды. Сіздердің банкте киберқауіпсіздік қай деңгейде?

– Киберқауіпсіздік банкте жоғарғы деңгейде және біздің басты назарымызда. Банктің корпоративтік киберқауіпсіздік және деректерді қорғау жүйесі халықаралық талаптарға сәйкес. Сондай-ақ шабуылдарды болжау, анықтау, алдын алу және оларға жедел әрекет ету мүмкіндігі қарастырылған. Осы уақытқа дейін клиенттер тарапынан шағымдар түскен жоқ, деректердің жоғалуына немесе ұрлануына байланысты расталған оқиғалар тіркелмеген. Қолданылатын ақпараттық қауіпсіздік жүйелері үнемі жаңартылып, сынақтан өткізіліп отырады. Оған дәлел ретінде киберқауіпсіздік бойынша KPMG жүргізген рейтингте қазақстандық банктер арасында Jusan көшбасшы екенін айта аламын.

Бірақ қазір «әлеуметтік инженерия» деген баршамызға ортақ сын-қатер пайда болды. Біз, әрине, клиенттің барлық дерегін жіті қорғаймыз, 24/7 режимінде қадағалаймыз. Сонымен қатар клиенттерімізге жүйелі түрде Jusan қосымшасы арқылы қауіпсіздік шаралары туралы хабарламалар жолданады. Дегенмен, клиенттің өзі жеке деректерін, смс-код, телефонын алаяқтарға өз еркімен беріп қоюы мүмкін. Осы орайда банк менеджерлері клиенттерге үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Алайда қазір банктер алаяқтықтың мұндай түріне шарасыздық танытуда. Бұл – біздің ғана емес, бүкіл банк секторының проблемасы. Қаржы нарығын реттеуші орган мұнымен күресіп жатыр.

Біз өз тарапымыздан клиенттеріміз бен басқа да мүдделі тараптардың белсенді болуын және қандай да бір қауіп-қатерлер орын алған жағдайда банкке хабарласуын сұраймыз.

– Биылғы қаржы нарығындағы өзгерістер, базалық мөлшерлеменің өсуі бизнесті несиелендіруге қалай әсер етті? Бизнесті қаржыландыратын мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс істейсіздер ме?

– Ұлттық банктің инфляцияны тежеп, долларлану қаупінің алдын алу үшін базалық мөлшерлемені көтергенін түсінеміз. Бірақ осындай конъюктураға қарамастан, тұрақты жұмыс істеуге қабілетті бизнес тобы қалыптасқан. Ал мөлшерлеменің өсуіне тәуелді болатын кәсіпкерлікке мемлекеттік бағдарламалар қолдау көрсетеді. Jusan бизнесті несиелеуге бағытталған барлық дерлік мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істейді. Осылайша өз клиенттеріне бизнесті дамытумен қатар кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын қолдау, бизнес идеяларды қаржыландыру бойынша үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Қазір ШОБ өкілдері біздің банктен жалпы 164 млрд теңге шамасында жеңілдікпен несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Айта кетейін, клиенттеріміздің арасында 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға деген сұранысы жоғары. Осы бағдарлама аясында 80 млрд теңгеден астам қаржыға 1066 бизнестің дамуына қолдау көрсетіп отырмыз.

Сонымен қатар банк бизнесті қосымша қаржыландырудың басқа да жолдарын ұсынады. Jusan Business қосымшасында кез-келген кәсіпкерлік мақсат үшін жүз миллион теңгеге дейін онлайн несие рәсімдеу қарастырылған.

Жалпы қаржыландыруға келетін болсақ, Jusan қазір корпоративтік бизнес секторын 685,3 млрд теңгеге қаржыландырып отыр, ал барлық жаңа несиелер бойынша NPL көрсеткіші бар болғаны 0,5 пайыздың төңірегінде.

Бизнесті белсенді қолдау нәтижесінде ШОБ сегментіндегі клиенттеріміз қысқа мерзім ішінде екі есеге көбейіп, шамамен 170 мың бизнес-субъектісіне дейін жетті. Бұл көрсеткіш банк өнімдеріне деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Көріп отырғаныңыздай, біздің ұстанған бағытымыз дұрыс.

Қазір Jusan Bank-тің креативті экономиканы қолдауға бағытталған бағдарламасы шеңберінде өнерпаздарды, қолөнер шеберлерін қаржыландырады. Мұндағы мақсаттарыңыз қандай?

– Біздің стратегиямыздың негізгі қағидасы – әрбір қазақстандыққа деген сенім. Біз әрбір қазақстандықтың мүмкіндігіне сенеміз және олардың әрі қарай дамуына, жаңа жетістіктерге қол жеткізуіне көмектесуге дайынбыз. Өйткені кез келген ұлы істің артында қарапайым халық тұрады ғой. Сондықтан басқалардың Қазақстанда қандай таланттар бар екенін көріп, білгенін қалаймыз. Біз талантты жастардың бастамаларын үнемі қолдап отырамыз. Осы орайда, көптеген жобалар іске қосылды. Соның бір мысалы ретінде дарынды жастарды, таланттарды халыққа танытуға бағытталған PersonaJ жобасын айтуға болады. Сондай-ақ заманауи өнерді сүйетін, шығармашылыққа жаны құмар жандарды, өз қолымен керемет дүниелер жасайтын шеберлерді қолдайтын JusanJasa жобасы тамаша нәтиже көрсетуде.

Тағы бір айтуға тұрарлық жоба – Jusan Singularity білім беру мектебі. Банк 150-ге жуық қазақстандыққа IT саласындағы нарықта сұранысы жоғары JAVA, iOS, Android, Frontend әзірлеушілері мен DevOps инженерлері мамандықтары бойынша тегін білім беріп, жұмыспен қамтамасыз етті. Біздің IT мектеп тек Алматы мен Астанада жұмыс жасағанымен, оның студенттері Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған, олардың жасына да шектеу қойылмады. Біз әр адамға мүмкіндік ұсындық.

Бұл жобалар өз ісіне адал қазақстандықтарды еліміздің кемел келешегі үшін керемет бастамалар жасауға шақырады. Біз ірі қаржы ұйымдарының бірі ретінде капитализм машинасына айналмай, қоғамның серіктесі болуды көздейміз. Білім, цифрландыру салаларын және талантты жастарды қолдауға әр кез дайынбыз. Оларға өз бизнесін дамытуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз. Біз осы игі істің бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз.

Банктің алдында тұрған мақсаттардың бірі – ESG және БҰҰ-ның тұрақты даму концепциясын енгізу. Бұл банкке не береді?

– Қарапайым тілмен айтқанда, ESG – жер бетіндегі барлық ұйымдар, қоғам мен табиғат үйлесімде өмір сүруге бағытталған бизнесті басқарудың жаһандық стандарты. ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілік) талаптарына сай болуға тырысамыз және біз үшін бұл өте маңызды. Себебі шетелдік корреспондент-банктермен, рейтингтік агенттіктермен жұмыс істейміз. Олардың қазақстандық бизнестің қаншалықты саналы әрі жаһандық стандарттарға жақын екенін көрсе екен деген тілек бар. Осыған байланысты Jusan алғаш рет 2021 жыл бойынша Тұрақты даму туралы пилоттық жылдық есебін дайындады. Онда бизнесті жауапкершілікпен жүргізудің құпияларын егжей-тегжейлі ашып көрсеттік. Мұндағы мақсатымыз мүдделі тараптармен диалог орнату болатын. Яғни, біз ашықтық принциптерін, клиентке бағдарланған әдістемемізді, цифрлық нарықтағы көшбасшылық ұстанымымызды, этикалық корпоративтік мәдениетіміз бен басқа да көптеген аспектілерді назарларына ұсына отырып, өзіміздің саналы бизнеске айналғанымызды көрсеткіміз келді.

Сонымен қатар тұрақты даму мақсаттарына сай жобалардың дамуына, атап айтқанда «жасыл жобаларды», «экофермерлік», «экотуризм» секілді бағыттарды қаржыландыру да біздің басты мақсатымыздың бірі. Мысалы, біз «Даму» қорымен серіктесе отырып, «Көміртегі төмен көрсеткішпен дамитын тұрақты қалалар» жобасын қаржыландыруға қатыстық. Жыл сайын пластик карталарды шығаруды азайту үшін цифрлы қызметтерімізді қарқынды дамытып жатырмыз.

ESG бойынша тағы бір бағытымыз – ұжымда қолайлы ішкі климатты қалыптастыру. Бұл біз үшін өте маңызды. Қызметкерлердің көтеріңкі көңіл-күйі – болашақ жетістігіміздің алғышарты деп білемін. Яғни, қызметкердің жайкүйі клиенттер мен серіктестерге қызмет көрсетуде ерекше ықпал етеді. ESG тұрғысынан алғанда, Jusan Bank брендінің идеологиясы өз елінің гүлденуі үшін жұмыс істейтін қазақстандық банк дегенге саяды. Банк, бір жағынан, дәстүр мен тұрақтылықты, екінші жағынан, прогресс пен болашаққа бағдар деген ұғымдарды бір идея төңірегіне топтастырады.

Еліміздегі ресейлік банктердің еншілестері санкцияға ұшырап, елден кетті десек болады. «Альфабанк» БЦК құрамына кіріп кетті. Ал «Сбербанктің» тағдыры шешіліп жатыр. Бұл жағдай еліміздің банк секторына қалай әсер етті?

– Бұл процестердің әсері сан алуан – кейде теріс, кейде оң болуы мүмкін. Біріншіден, нарықтан ресейлік банктердің кетуіне байланысты басқа ЕДБ арасында өзара біріккендері болды, тиісінше жергілікті қаржы нарығында бәсеке алаңы кішірейді. Яғни Қазақстан азаматтарының аз да болса таңдау мүмкіндігі азайды. Бұл, әрине, теріс әсерін береді, себебі біз білетіндей бәсекелестік жоғары болған сайын компания да нәтижелі жұмыс істей түседі. Қызмет көрсету деңгейі мен өнімнің сапасын арттырып, түрлі жа-ңа заманауи шешімдер ұсынуға талпынады.

Осының бәрін ескере келіп, егер жергілікті нарықтағы басқа қазақстандық банктерде сапалы цифрлы өнім мен лайықты ұсыныстар болмаса, алаңдар едім. Бірақ, қазіргі жағдай басқа. Өйткені, Сбербанк пен Альфабанкті қазақстандық банк жүйесіндегі көшбасшы деуге келмес. Оларға қарағанда еліміздегі басқа банктер балама болатын, әлдеқайда сапалы өнім мен қызметтер ұсынады.

Әрине, барлық жерде позитивті жағын көруге тырысу керек. Сондықтан мен шетелдік банктердің кеткені жергілікті ойыншыларға жақсы жағдай жасады деп айта аламын. Отандық банктерде клиенттерді тура шетелдік банктер ұсынған өнімдермен қамтамасыз етіп қана қоймай, бірегей ұсыныстар дайындайтын мүмкіндік бар, нәтижесінде жергілікті чемпиондар қалыптасады деп ойлаймын.

Ресейге салынған санкциялардың жанама әсері Қазақстанға да сезілетіні сөзсіз. Қазір ел экономикасында белгісіздік басымырақ: теңге құнсызданып, инфляция өсіп жатыр. Бұл геосаяси жағдай Jusan Bank-тің клиенттеріне қалай әсер етті?

– Әрине, аталған геосаяси жағдай импорт және экспортпен айналысатын кәсіпкерлерге әсер еткені сөзсіз. Еліміздің көрші елдермен сауда айналымы өте ауқымды. Біз санкция салынған банктермен жұмыс істей алмаймыз. Master Card және Visa секілді халықаралық төлем жүйелерінің, корреспондент-банктердің талабы сондай. Сондықтан біз өз клиенттерімізге санкцияға ілінбеген банктердің қызметіне жүгінуге кеңес береміз. Олардың операциялары, аударымдары тұрып қалмау үшін алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жүйелі түрде семинарлар өткізіледі. Валютаны бақылау бойынша бөлек бағытымыз бар. Сол бойынша импорттаушы және экспорттаушы клиенттерге санкциялық режим кезінде қалай жұмыс істеу керектігін көрсетеміз.

2022 жылға қандай мақсат қойып отырсыздар?

– 2022 жылдың I жартыжылдығы бойынша жұмыс нәтижесі біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетіп отыр. Бұл, әрине, бізге сенім артқан клиенттеріміздің арқасында деп білемін, сонымен қатар өз ісіне адал Jusan командасының еңбегі орасан зор.

Алдағы уақытта да осы жолдан таймай, белсенді қызметімізді жалғастырамыз. Үш бизнес-платформамыз 2022 жылғы стратегиялық және негізгі бағытымыз бо-лып табылады. Жыл соңына дейін клиенттерімізді түрлі қызықты да тиімді ұсыныстармен қуантатын боламыз. Барлық өнімдеріміздің ыңғайлы, жылдам әрі сапалы болуын басты назарда ұстаймыз. Jusan экожүйесінің көмегімен клиенттеріміздің өмір сапасының жақсаруына көмектесу – біздің басты мақсатымыз болып қала бермек.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
20391 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить