Мемлекеттік бюджетке тоғыз айда 14,8 трлн теңге салық түскен

21645

«Мемлекеттік бюджеттегі бір жылдағы салық түсімдері бірден 41%-ға өсті», - деп хабарлайды Ranking.kz, 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығындағы кезеңге жасаған шолуында

ФОТО: © Depositphotos/Josh Appel

Отандық сарапшылар жария еткен мәліметтерге сай, үстіміздегі жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында еліміздің мемлекеттік бюджетіне 14, 8 трлн теңге салық түскен.

«Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 31,1%-ға көп», - деп көрсеткен Ranking.kz, салыстыру ретінде алдыңғы жылғы деректерді алға тартады: 2021 жылдың сәйкес кезеңінде мемлекеттік бюджеттің кірісі 11,3 трлн теңгені құраған (бір жылда 10,4%-ға өскен).

Сарапшы қауым келтірген деректерге жүгінсек, мемлекеттік бюджет құрылымындағы биылғы кірістердің 71,9%-ын салық түсімдері құраған: «10,7 трлн теңге, былтырғы жылмен салыстырғанда 41,4%-ға артық».

Мұның ішінде – қосымша құн салығынан түскен кіріс 4,2 трлн теңгені, табыс салығының кірісі 3,8 трлн теңгені, халықаралық сауда және сыртқы операциялардан түскен салық 1,6 трлн теңгені, әлеуметтік салықтан түскен кіріс 741,2 млрд теңгені, мүлік салығынан түскен кіріс 351,5 млрд теңгені құраған.

«Салықтық емес түсімдер бір жылда 39,5%-ға, яғни 343,7 млрд теңгеге дейін өсті. Оның ішінде мемлекеттік меншіктен түскен кіріс 140,4 млрд теңгені, мемлекеттік мекемелер тарапынан салынатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алынған сомалар 79,4 млрд теңгені, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарлары мен қызметтерін сатудан түскен кіріс 2,5 млрд теңгені құрады», - деп көрсетеді Ranking.kz өз зерттеуінде.

Негізгі капиталды сатудан түскен кірістер бір жылда 33,8%-ға, яғни 171 млрд теңгеге дейін дейін өскен. Бұл тұрғыда мемлекеттік мекемелерде бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан түскен кіріс 145,9 млрд теңгені, жер учаскелері мен материалдық емес активтерді сатудан түскен кіріс 23,8 млрд теңгені, мемлекеттің материалдық резервіндегі тауарларды сатудан түскен кіріс 1,3 млрд теңгені құраған.

Ал трансферттердің түсімдері бір жылда 7,6%-ға – 3,7 трлн теңгеге дейін артқан.

Айта кетейік, қарашаның 17-де жария етілген еліміздің биылғы тоғыз айдағы шоғырланған бюджетіне жасаған шолуында Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары, салық түсімдерінің «айтарықтай жақсаруына» мұнайдың мейлінше жоғары бағасы мен бюджетте есептелген доллар – теңге бойынша бағам (бір баррельге $90/$1 – 460 теңге) және экономикалық оң динамика ықпал етті деп көрсетті.

Дегенмен, ҚҚҚ сарапшыларының пайымынша, жаһандық экономикада анық байқалған баяулау сипаты 2023 жылы Қазақстан бюджетінің кіріс бөлігінен де сыр бермей қоймайды.

«Халықаралық валюта қоры биыл қазан айында 2023 жылға қатысты әлемдік экономика бойынша өз болжамын шілдеде күтілген 2,9%-дан 2,7%-ға дейін төмендетті. Бұл 2023 жылға белгіленген мұнай бағасы (бір баррельге $85) мен доллар – теңге ($1 – 470 теңге) бағамына қатысты ұстанымдарды күмәнді етіп, соған сәйкес бюджет ережесінің орындалуы мен Ұлттық қордан алынатын қаражат ауқымына (-1,4 трлн теңге) қатысты орынды күдік тудырады», - деп мәлімдейді ҚҚҚ сарапшылары өз талдауында.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить