Мамырдағы инфляция бәрібір жоғары

11575

Ұлттық Банк болжамынша 2022 жылдың соңында еліміздегі инфляция көрсеткіші 13–15% деңгейінде қалыптасуы ықтимал

ФОТО: архив пресс-службы

Бұл жайында ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов апта басында Елордада өткен үкімет отырысында мәлім етті.

Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, алдағы уақытта азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы біршама жеделдеп өседі деген пайым бар, бірақ ол жанар-жағармай бағасының өсуін реттеу негізінде тежелуі тиіс. Ал ақылы қызметтер бойынша инфляция бәсеңси түседі деген болжам айтылуда.

Дегенмен, келесі айда коммуналдық қызмет тарифтеріне қатысты мораторий өз күшін жоятынын ескерсек, бұл сектордағы бағаның қымбаттау тәуекелі айтарлықтай жоғары. Олай болса, нарық ішінде көрсетілетін қызметтердің бағасы да қымбаттауы әбден мүмкін.

Айта кету керек, жылдық мәнде алғанда 2022 жылдың мамыр айында инфляция қарқыны сәуірдегі 13,2%-дан 14%-ға дейін өсті.

Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, айлық инфляция сәуірдегі 2%-бен және наурыздағы 3,7%-бен салыстырғанда мамырда біршама бәсеңдеп, 1,4%-ды құрады. Бірақ былтырғы көрсеткіштер мен жылдық орташа мәнге қарағанда мамырдағы инфляция бәрібір айтарлықтай жоғары.

«Жылдық мәнде 19%-ға жеткен тамақ өнімдері бағасының өсуі ең көп үлес қосуда [инфляцияға – F]. Сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасына жоғары қысым көрсетіп отыр, олардың өсуі 11,1%-дан 11,9%-ға дейін қарқын алды. Ақылы қызметтердің инфляциясы реттелетін қызметтер бағасының өсуіне енгізілген мораторийдің тежеуші әсеріне қарамастан 8,9%-дан 9,1%-ға дейін өсті», - деп мәлімдеді Ғалымжан Пірматов үкімет отырысында.

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда нарық ішінде қалыптасқан тәуекелдер балансын ескере отырып Ұлттық Банк, үстіміздегі жылдың 6 маусымында базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде қалдырды.

Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейін сақтай отырып, Ұлттық Банк орта мерзімді перспективада бағалардың өсуіне тежеу қою мүмкіндігі елеулі деп есептейді, егер, әрине нарық ішінде қандай да бір шектен тыс күтпеген жағдай орын алып жатпаса.

 «Ақша-кредит саясаты саласында қабылданып отырған шаралар мен сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі аясында және іске асырылуы тиіс контрциклдік бюджеттік қағида негізінде 2023 жылы инфляция біртіндеп 7,5–9,5%-ға дейін баяулайды», - деп мәлімдеді Ғалымжан Пірматов үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить