Мамырда шетелдік валютаға деген сұраныс төмендеп кеткен

11695

Жаһандық қаржы нарықтарында қалыптасқан құбылмалы жағдай мен белгісіздікке қарамастан, ағымдағы жылдың мамыр айында қазақ теңгесінің бағамы 6,8%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 415,16 теңгені құрады

ФОТО: © Depositphotos.com/sсhankz

Ұлттық валютаның нығаюына әсер еткен басты факторлардың ішінде: мұнай және газ нарығындағы қымбат бағаларды, отандық экспорттаушылардың салық төлемдерін және Ресей рублінің нығаюын айтуға болады.

Мамыр айында жеке тұлғалардың тарапынан шетел валютасына деген сұраныс та біршама төмен болған.

«Валюта нарығындағы ұсыныс квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан валюталық түсімдерді сатуы есебінен қосымша қолдау тапты, оның көлемі мамырда шамамен 598 млн АҚШ долларын құрады», - деп түсіндірді ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов апта басында өткен үкімет отырысында.

Бас банкирдің айтуынша, мамырда шетел валютасына қатысты ұсыныс нарық ішінде сұраныстан асып түскен. Әсіресе, бюджетке аударылып жатқан «салық төлемдерінің елеулі ауқымы» мен соған сәйкес «валюта сатудың тиісті қажеттілігі» аясында.

«Салық аптасы кезеңінде өтімділікті қолдап, шетел валютасының сұранысы мен ұсынысы арасында қалыптасқан теңгерімсіздікті реттеу мақсатында Ұлттық Банк 110,5 млн АҚШ доллары сомасына шетел валютасының артық ұсынысын сатып алды», - деді Ғалымжан Пірматов.

Ұлттық Банк төрағасы, сондай-ақ өз сөзінде Ұлттық Қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін ай басында 4 млн доллар сатылды дегенді де айтты: «Кейін трансферттер Ұлттық Қорға түсетін түсімдер есебінен қамтамасыз етілгендіктен, Ұлттық Қордың валюталық қаражатын конвертациялау қажеттілігі болған жоқ».

Сол сияқты, Ұлттық Банк мамыр айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін валюта нарығында 74,5 млн АҚШ долларын сатып алған. Бұл шара – инвестициялық қоржынды диверсификациялауда аса қажет зейнетақы активтерінің валюта түріндегі үлесін кем дегенде 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында жүзеге асырылған.

Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, қысқа мерзімді перспективада алғанда теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі нарықтағы ойыншылардың пайым-болжамдарына және әлемдік нарықтағы жағдайға тікелей байланысты.

«Ұлттық Банк ішкі нарықта теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермеуді ескере отырып, алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз етуге икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастыра береді», - деді үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить