Ұлттық банк төрағасы: Инфляция жоғары деңгейде сақталады

17347

Инфляциялық болжамдар орталық банктерді монетарлық саясатты күшейтуге итермелеуде

Ғалымжан Пірматов
ФОТО: ortcom.kz
Ғалымжан Пірматов

Сәуір айында еліміздегі инфляция 13,2%-ды құрады (наурызда 12% болатын). ҚР Ұлттық банкі төрағасының айтуынша, өткен айда нарық ішіндегі барлық заттар мен тауарлардың бағасы жеделдеп өсіп, бұл, өз кезегінде, инфляцияның қарқындап өсуіне ықпал етті.

«Қазақстандағы инфляция, біздің болжамымызға сәйкес, наурыздағы 12%-дан сәуірде, барлық компоненттер бойынша баға жылдамдап өскендіктен, 13,2%-ға дейін қарқын алды. Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 15,4%-дан 17,9%-ға дейін жеделдеді. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне қант, қырыққабат, күнбағыс майының қымбаттауы септік етті. Әйтсе де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апта сайынғы өсуі тұрақтанды. Бірақ наурызда жекелеген азық-түлік тауарларына деген сұраныс артып, бағаның жылдық өсімі жоғары деңгейде сақталды», - деді 2022 жылдың 12 мамырында өткен үкімет отырысында «2022 жылғы қаңтар-сәуір аралығындағы республикалық бюджеттің орындалуы мен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы» баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Инфляциялық тәуекелдерді алға тартқан еліміздің бас банкирі, «инфляция жыл соңына дейін жоғары деңгейде сақталатын болады» деп ескертті.

Ұлттық банк мәліметінше, сәуір айында сыртқы инфляциялық фон 10,9%-дан 11,1%-ға дейін жеделдеп, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасына айтырлықтай қысым көрсетті. Осы тұста ішкі нарықта ақылы қызмет көрсету бағасы 8,3%-дан 8,9%-ға дейін жеделдеп өсті. Бұған бірқатар қызметтер бойынша бағаның өсуі әсер етті.

Айта кетейік, Ұлттық банк 25 сәуірде базалық ставканы 50 базистік тармаққа, яғни 14%-ға дейін көтерді. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, бұл арада «әлемдегі және Қазақстанның сауда бойынша әріптес елдеріндегі бағаның өсуі есебінен инфляциялық қысымның және инфляциялық пайымдардың артуы» есепке алынды.

«Геосаяси шиеленіс салдарында әлем бойынша инфляциялық қысым күшейіп, тауар жеткізіліміндегі проблемаларды да ушықтырып жіберді. Азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде сақталып, шикізат пен материалдар құны тұрақты түрде өсуі себепті дайын өнім де жаппай қымбаттауда. Мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі де өсу үстінде. Осы жағдайда мамыр басында АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі негізгі мөлшерлемені 50 базистік тармаққа көтеріп, 1 маусымнан бастап өз балансын қысқарта бастайтынын хабарлады. Еуропалық орталық банк шілде айында мөлшерлемелерді көтеруі мүмкін. Нарық пайымынша, Еуропалық Орталық банк депозит мөлшерлемесін 2022 жылдың соңына қарай -0,5%-дан оң мәнге дейін, ал 2023 жылы 1%-дан жоғары көтереді. Англияның орталық банкі мамырда мөлшерлемені 25 базистік тармаққа 1%-ға дейін көтерді», - деді Ұлттық банк төрағасы үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить