Ұлттық банк: Мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі әзірше байқалмайды

15478

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов валюта нарығындағы ахуал, базалық мөлшерлемені көтеру факторлары және оның экономиканы кредиттеуге әсері туралы әңгімелейді

ФОТО: © Depositphotos/MaxZolotukhin

Базалық мөлшерлемені сақтауға әсер еткен факторлар

Бұл шешім биыл мамыр-маусым айларында жүргізілген болжамдық раунд қорытындысы негізінде қабылданды. Біздің инфляцияға қатысты қазіргі болжамымыз өсіп, жыл соңына қарай ол 13–15% деңгейінде қалыптасады деп отырмыз.

Естеріңізде болса, 2022 жылғы наурыздан бастап геосаяси жағдайдың шиеленісуі мен Қазақстанның қаржы нарығына деген қысымның күшеюі салдарында еліміздегі инфляция үдей түсті. Ресей Федерациясына қарсы санкцияларға орай жаһандық жеткізілім тізбегінде туындаған проблемалар әлемдегі өндіріс құнының қымбаттауына әкеліп соғуда. Шешім қабылдау барысында біз осы факторларды толық ескеретін қыламыз.

Осылайша орта мерзімді кезең аралығында инфляцияны бәсеңдетіп, болжау мақсатындағы кешендік жағдайларды ескере отырып, біз базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде сақтап қалдық.

Біздің болжамымызша, контрциклдік бюджет саясаты мен инфляциялық қысымының сыртқы әсерінің әлсіреуі аясында базалық мөлшерлеме 2023 жылы инфляцияның 7,5–9,5%-ға дейін баяулауына ықпал етуі тиіс.

Қазақстан мен Ресейдің ақша-кредит саясатындағы ерекшеліктер

Байқауымызша, қазір сарапшылардың бірқатары Қазақстан мен Ресейдің орталық банктерінің базалық мөлшерлемелерін салыстыруға ден қойған. Ресей банкі биыл ақпанда елдегі қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатында негізгі мөлшерлемені 9,5%-дан 20%-ға дейін екі мәрте көтерді. Бірақ артынша, экономиканың құлдырауы салдарындағы дефляциялық процестерді ескере отырып, оны 9,5%-ға дейін төмендетті. Бірнеше аптадан бері Ресейде дефляция көрініс беруде. Соңғы кездері оларда маусымдық түзетілген инфляция межеленген деңгейден төмен шығып, мөлшерелемені төмендету мүмкіндігі болды.

Ресеймен салыстырғанда, Қазақстанда рецессия күтілмейді. Бізде, керісінше, іскерлік белсенділік пен сұраныс өсіп, қосымша фискалдық импульс аясында инфляциялық қысым одан әрі күшейе түсті. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Ресейдің базалық мөлшерлемелерін салыстыру дұрыс емес.

Базалық мөлшерлеменің инфляцияға ықпалы

Ұлттық банк ақша-кредит саясатын инфляциялық таргеттеу режимінде жүргізе отырып, қысқа мерзімді перспективада міндетті түрде инфляциялық мақсатқа қол жеткізуді көздемейді. Макроэкономикадағы шешімдер дереу нәтиже бермейді, мұны дұрыс түсіну керек. Ұлттық банктің ағымдағы шешімі инфляция бойынша мақсатқа дәл қазір емес, бірнеше айда, яғни орта мерзімді перспективада қол жеткізуге бағытталған.

Ұлттық банк орта мерзімге негізделген мақсатты бағдарлар мен болжамды инфляция арасындағы алшақтықты қысқарту үшін барлық шараларды ескеріп, қолға алуда – инфляциялық таргеттеудің негізгі мәні де дәл осында. Әзірше біз базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін көріп отырған жоқпыз. Мөлшерлеме төмендейді, әрине, егер таргет диапазонына сәйкес 2023 жылдың аяғына қарай инфляция бәсеңдеп жатса.

Экономиканы кредиттеудегі базалық мөлшерлеменің рөлі

Негізі, экономиканы кредиттеу мәселелері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құзыретінде. Ұлттық банк өз тарапынан 2021 жылдың шілде айынан ақша-кредит саясатын қатайту циклін бастады. Егер беріліп жатқан жаңа кредиттерді сарапқа салсақ, оның көлемі, әсіресе, бизнеске беріліп жатқан кредиттер, айтарлықтай қомақты. Мысалға, өткен жылдың өзінде бизнеске берілген жаңа кредиттер 20,3%-ға өсіп,11,1 трлн теңгеге жетті. Ал экономикаға бағытталған кредиттердің жалпы көлемі 24,8%-ға, яғни 19,5 трлн теңгеге дейін өсті.

Көріп отырсыздар, кредиттеу барысы төмендеген жоқ. Қазір біздің ортақ мақсатымыз – берілетін кредиттердің санын емес, сапасын арттыру. Естеріңізде болса, осыдан жиырма жылдай бұрын ел экономикасы қарқындап өсіп, халыққа кредит беру көрсеткіші үдей түсті, бірақ одан сапалы нәтиже байқалған жоқ. Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдағанда инфляциямен күрес пен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді ескере отырып, инфляцияны төмендету бойынша неғұрлым икемді сценарийді таңдағанды жөн санайды.

Ұлттық банкке қос мандат беру: ҚҰБ ұстанымы

Орталық банктің құзыретінде инфляцияның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, экономиканың өсуіне тікелей әсер ететін немесе оны тікелей ынталандыратын тетіктер жоқ.

Әлемдік тәжірибеде шынымен де орталық банктердің қос (көп) мандатты қолдану тәжірибесі бар. Алайда, бұл инфляциясы бұрыннан төмен, дамыған елдерге ғана тән. Көп жағдайда мұндай елдердегі орталық банктердің басты мақсаты – баға тұрақтылығын сақтау, ал экономикалық өсу (экономикалық саясат) мандаты әдетте екінші орында.

Бүгінгідей инфляция шарықтап отырған біздің жағдайымызда, Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын тұрақтандырушы рөлін сақтап қалу әлдеқайда маңызды.

Рубльдің нығаю себебі мен динамикасы

Валюта саясатында Ұлттық банк айырбас бағамының еркін айналымы қағидатын ұстанады, сондықтан да рубльдің бағамын «ұстап тұруға» жол бермейді.

Маусым айында рубльдің өзге валюталарға қатысты мейлінше нығая түскені байқалды, әсіресе, АҚШ долларына шаққанда. Рубльдің бұлайша нығаюы РФ тарапынан капитал қозғалысын шектеу шараларын енгізіп, негізгі экспорт тауарлары мен энергоресурстардың бағасы жоғары өрлеген кезде және импорт ауқымы айтарлықтай қысқарған тұста орын алды. Бұған дейін енгізілген валюталық шектеулердің біршама жеңілдеуіне қарамастан, ресейлік рубль мұнай мен газдың қымбаттауы және импорттың қысқаруы аясындағы нығаюын әрі қарай жалғастыра берді.

Осы арада дұрыс түсіну керек, теңгенің рубльге қатысты айырбас бағамы тікелей жолмен қалыптаспайды, ол теңге мен рубльдің долларға қатысты бағамына тәуелді. Теңге/рубль нарығы дербес қалыптасу үшін біздің мемлекеттер арасындағы сауда-саттық теңесуі қажет. Ал қазір біздің Ресейден әкелетініміз, Ресейге апаратынымыздан әлдеқайда көп. Оның сыртында қазақстандық экспортшылар өз өнімін Ресей Федерациясына теңгеге сатып отырған жоқ, айталық ресейлік экспортшылармен салыстырғанда: ресейліктер өз экспортының басым бөлігін Қазақстанға рубльмен сатады. Бұл, өз кезегінде, РФ тарапынан теңгеге деген сұраныс төмен деген сөз.

Құбылмалы айырбас бағамын ұстану саясаты – дисбалансқа жол бермейді, сонымен қатар, елдің алтын-валюта резервтерін сақтау мүмкіндігін арттыра түседі. Сондықтан да рубльмен не өзге де кез келген валютамен партиетке ықпал ету мақсатындағы ұлттық валюта бағамына қатысты қандай да бір амал-шара біздің тарапымыздан мүлдем орынсыз.

Теңгенің құбылмалығына ықпал етуші факторлар

Ұлттық банк валюталық интервенциялар мен валюта нарығында жүргізілген барлық операциялар туралы ақпаратты әр айдың соңында ашып көрсетіп, ішкі валюта нарығында жүргізілген операциялардың көлемі мен операцияларды жүргізу себептерін тұрақты жариялап отырады. Біз, сондай-ақ теңге бағамының құбылу себептерін де ұдайы түсіндіріп келеміз.

Әлбетте, бағамның шамадан тыс құбылуы көрініс беріп жатса, Ұлттық банк қаржылық тұрақтылыққа келер қауіп-қатерге жол бермеу мақсатында валюта саудасына араласу құқынан бас тартпайды.

ҚР Ұлттық банкінің бұған дейінгі ресми мәлімдемелерінде айтылғандай, қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі ойыншылардың пайым-болжамдарына және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болмақ.

Геосаяси тәуекелдер және қаржы жүйесінің тұрақтылығы

Иә, біз қазір әртүрлі сын-тегеуріндерге кезігіп отырмыз, бірақ қаржы жүйесі оларға төтеп беріп, ойдағыдай еңсеріп келеді. Атап айтсақ, біз қабылдаған шаралар дүние жүзін дүр сілкіндірген ақпан айындағы оқиғалар кезінде еліміздің қаржылық тұрақтылығын сақтап қалуға септік етті.

Алда бізді не күтіп тұрғанын дәл қазір ешкім дөп басып айта алмайды, бірақ жағдай біршама тұрақталды. Әрине, қиындықтар мен тәуекелдер әлі де бар, мұны бәріміз байқап отырмыз, дегенмен, біздегі қаржы институттары тұрақты жұмыс істеуде. Өз басым отандық қаржы жүйесіндегі жағдайға аса алаңдамас едім. Иә, тәуекелдер басылған жоқ, бірақ біз кез келген түйінді мәселеге дайынбыз.

Біз қалыптасқан жағдайды үнемі бақылауға алып, жаңа санкциялардың және өзге елдердегі шешімдердің біздің экономика мен қаржы жүйесіне әсерін сарапқа салудамыз. Ұлттық банкте өте білімді әрі білікті мамандар жұмыс істейді, олардың бәрі де өз ісіне адал. Қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бізде қажетті құралдар мен ресурстар да жеткілікті.

Өз тарапымыздан біз ашық коммуникациялық саясатты ұстануды әрі қарай жалғастыра береміз. Нарықтағы кәсіби ойыншылар біздің қандай шара қабылдап, қалай әрекет еткенімізден хабардар болғаны дұрыс. Сол себепті де біз өз шешімдеріміздің қисыны мен себебін шұғыл жолмен ашып көрсетуге ниеттіміз. Қазіргі жағдайда, меніңше, бұл өте маңызды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить