Ұлттық банк: Қазан айында теңге 1,7%-ға нығайды

14117

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге динамикасы мен қаржы нарығындағы соңғы үрдістер туралы өз пікірімен бөлісті

Әлия Молдабекова
Әлия Молдабекова
ФОТО: архив пресс-службы

Өткен қазан айында валюта нарығында байқалған құбылмалық – Ұлттық банк мәліметінше, қалыпты сипатта болды. Бір айдың ішінде динамика әртүрлі бағытта өрбіп, қазан қорытындысы бойынша, теңге 1,7%-ға нығайды.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, теңгенің нығаюына септік еткен негізгі фактор – мұнай бағасының өсуі. Экономист мамандардың пікірлеріне сүйенсек, 2023 жылдың бірінші тоқсаны бойынша мұнай бағасына қатысты болжамдар 1 баррель үшін 84–115 АҚШ доллары аралығында болуы ықтимал.

Әлия Молдабекова, сондай-ақ: «базалық мөлшерлемені көтеру және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатулары да теңгеге өзіндік қолдау көрсетті» деп отыр.

Валюталық интервенция жүргізу қажеттілігі жоқ

Бас банк өкілінің мәліметінше, қазан айында Ұлттық қордан сатылған валюта көрсеткіші 362 млн АҚШ долларын құрады. Әлия Молдабекова, бұл тұрғыда, бір күнгі сауда ішінде сатылған валюта ауқымы «30 млн АҚШ долларынан асқан жоқ» деп көрсетеді.

«Бұған дейін де бірнеше рет айтылды – Ұлттық қордан валюта сату тек республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету қажеттілігі туындаған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Өз тарапымыздан біз валюта нарығындағы ағымдағы жағдайға бұл операциялардың ықпалын мейлінше азайту тұрғысында барлық мүмкіндікті ескерудеміз. Валюта сатуға қатысты мәмілелер аясында Ұлттық банк price-taker ретінде әрекет етеді, яғни өз өтінімдерін ұсынбай, қолданыстағы өтінімдер бойынша ғана жұмыс істейді. Нарықтағы ойыншылардың бағасымен келісе отырып, біз операциялардың нарықтық бағамға әсер етуіне жол бермейміз. Қазіргі таңда валюта нарығындағы жағдай бір деңгейде, валюталық интервенциялар жүргізу қажеттілігі туындаған жоқ», - дейді Ұлттық банк басшысының орынбасары.

Қазанда Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлеміне әсер еткен факторлар туралы, Әлия Молдабекова былай дейді: «Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 850 млн АҚШ долларына ұлғайып, қазан айының соңында 52,4 млрд АҚШ долларын құрады. Кепілдік берілген және нысаналы трансферттерді бөлу мақсатында қазан айында ішкі валюта нарығында 362 млн АҚШ долларына активтер сатылды, бұл – 171 млрд теңгеге тең. Республикалық бюджеттің қажеттілігін қанағаттандыру үшін Ұлттық қордан 327 млрд теңгеге трансферттер бөлінді».

Алтын-валюта активтері өсіп келеді

Еліміздің бас банкі жария еткен ресми деректерге жүгінсек, өткен қазан айында алтын-валюта активтері шамамен 330 млн АҚШ долларына (яғни, 33 млрд АҚШ долларына дейін) ұлғайған.

Алтын-валюта активтерінің өсуін, Әлия Молдабекова Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттарға келіп түскен екінші деңгейдегі банктердің қаражаты мен клиенттер қаражаты «ағынымен» түсіндіреді. «Дегенмен, жоғарыда аталған факторлардың әсері мемлекеттік қарызды төлеумен, сондай-ақ алтын бағасы бір унция үшін 1673 доллардан 1639 долларға дейін төмендеуімен ішінара реттелді», - дейді ол.

Айта кету керек, еліміздің бас банкі халықаралық резервтерді тараптандыру жолындағы алтын үлесін қысқарту саясатын қазан айында да әрі қарай жалғастырып, бұл тұрғыда алтынды тұрақты валюталарға сатуды жүзеге асырғанын мәлім етті.

Сыртқы нарықтарда «жұмсарту» саясаты байқалуда

Ұлттық банк төрағасының орынбасары өз мәліметінде қазан айындағы сыртқы нарықтардың динамикасына әсер еткен негізгі оқиғаларға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, өткен айда бірқатар елдердің орталық банктері тарапынан риториканы «жұмсарту» белгілері анық байқалған, атап айтқанда, Австралияда, Канадада және Еуроаймақ аясында.

«Австралия банкі мен Канада банкі жаһандық инвесторлар үшін күтпеген жерден мөлшерлемелердің өсу қарқынын төмендетті. Мысалы, Австралия банкі 50 базистік тармаққа өседі деп күтілген базалық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа, яғни 2,6%-ға дейін ғана көтерсе, Канада банкі – бастапқы күтілген 75 базистік тармаққа емес, 50 базистік тармаққа, яғни 3,75%-ға дейін ұлғайтты.

Еуропаның Орталық банкі базалық мөлшерлемені 75 базистік тармаққа, яғни 2%-ға дейін көтерді. Дегенмен, инвесторлардың пікірінше, Еуроаймақтың бас банкі басшысының мәлімдемелерінен алдағы уақытта саясатты жұмсарту ишараты анық байқалды. Кристиан Легард өз сөзінде, Еуропаның Орталық банкі ынталандыруға негізделген ақша-кредит саясатының ауқымын қысқартуда айтарлықтай прогреске қол жеткізгенін мәлім етті. Нәтижесінде, мөлшерлеменің көтерілгеніне қарамастан, отырыс өткен күні еуро бағамы паритеттен төмен деңгейде бола отырып, 1,2%-ға әлсіреді», - деп түсіндіреді Әлия Молдабекова.

Оның айтуынша, АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі (ФРЖ) тарапынан да осындай қадамдар орын алуы ықтимал деген пайымдар мен АҚШ-тың ФРЖ шенеуніктерінің бірқатары мөлшерлеменің өсу қарқынын таяу арада бәсеңдетуді және келер жылдың басында тоқтатуды көздейтіні туралы хабарлар өткен қазан айында АҚШ доллары бағамының әлем бойынша басым күшіне тұсау салса керек. Өткен айдың қорытындысы бойынша, DXY индексі 111,5 тармаққа дейін, яғни 0,5%-ға әлсіреді.

Әйтсе де орнықты түрде қалыптасқан инфляция жағдайдындағы (қыркүйекте 8,2%) АҚШ-тың ФРЖ мәлімдемелерінің қатаң сипаты әлі де өз күшінде. Осы қараша айында өткен соңғы отырыста АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің төрағасы мөлшерлеме бұған дейін күтілген мәннен де жоғары болуы мүмкін дегенді анық аңғартты.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить