Jana Jusan: міндет – тәуекел мен табыс арасындағы теңгерімді сақтау

9084

Отандық ірі банктер рейтингінде активтер көлемі бойынша 2021 жылдың басында 9-шы орында тұрған Jusan Bank – жыл соңында 4-ші орынға шығып, еліміздегі әлеуетті жүйелік маңызы бар екінші деңгейдегі банк мәртебесіне ие болды. Бұл туралы банктің жылдық есебінде көрсетілген

ФОТО: архив пресс-службы

Жылдық динамикада Jusan Bank активтері 923,8 млрд теңгеге ұлғайып, 2,6 трлн теңгеге жетті: өсім 55%-ды құрады. Бүгінгі таңда Jusan Bank-тің нарық ішіндегі үлесі 7%-ға жақындап қалды.

Айта кету керек, Jusan Bank былтыр екі бірдей ірі қаржы институтымен бірігуге негізделген құрылымдық түрленуді ойдағыдай жүзеге асырып, Цеснабанк пен АТФБанкті 167 млрд теңгеге қайта қаржыландырды. Бұл еліміздің банк жүйесінде бұрын-соңды болмаған жағдай.

«2021 жыл отандық кез келген банк үшін оңай соққан жоқ. Пандемия салдары, реформалар, макроэкономикалық күрделі жағдай – бұл Қазақстанның қаржы институттары бетпе-бет келген сын-тегеуріндердің бір бөлігі ғана. Соған қарамастан, өткен жыл біздің банк үшін жемісті де нәтижелі болды деп айта аламыз. Біз үшін 2021 жылдың ең басты жетістігі – кредиттік портфельді оңалту», - дейді Jusan Bank басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов.

Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша, Jusan Bank-тің кредит портфелінің өсімі 200%-ға немесе ақшалай есеппен алғанда 487 млрд теңгеге ұлғайып, 731 млрд теңгені құрады. Активтерінің қарқынды өсуіне қарамастан, кредит беруде банк мейлінше консервативті әдіс-тәсілдерге сүйенгенді жөн санайды. Jusan Bank алға қойған басты міндеттің бірі – тәуекел мен табыс арасындағы теңгерімді сақтау. Бүгінде отандық кредит нарығындағы Jusan Bank-тің үлесі 5,3%-ға дейін өскен.

2021 жылы Jusan Bank өз қоржынындағы проблемалық кредиттер көрсеткішін бірден 70,3%-ға қысқарта алды. Яғни, 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген кредит көлемі (NPL 90+) жалпы кредит ауқымындағы 44,09%-дан бір жылдың ішінде 9,47%-ға дейін азайған. Бұл – отандық банктердің алғашқы ондығы бойынша ең үздік көрсеткіш.

Егер Цеснабанк пен АТФБанк қарыздарын есепке алмай, 2019 жылдан бері тікелей Jusan Bank тарапынан берілген 500 млрд теңгеден астам қарыз сомасына жүгінетін болсақ, онда NPL 0,79%-ды құрайды. Ал бұл жалпы нарық бойынша ең озық көрсеткіштің бірі.

Айтқандай, банктегі кешіктірілген қарыздар көрсеткіші – жасақталған провизиялардың жоғары деңгейімен тегістеліп, өзіндік теңгерімді сақтап отыр. 2022 жылдың басында провизиялар сомасы 239,7 млрд теңгені құрады, бұл 90+ мерзіміне кешіктірілген кредиттерді 237,6%-ға өтеуге мүмкіндік береді.

Былтыр Jusan Bank-тің капитал жеткіліктілігі коэффициенті (k1) 28%-ды, ағымдағы ликвидтілік көрсеткіші (k4) 211%-ды құрады. Меншікті капитал ауқымы бойынша отандық банктердің арасында Jusan Bank қазір екінші орында, ал ликвидтілік мөлшері бойынша үшінші орында. Moody's Investors Service Jusan Bank-ке ұлттық және шетел валютасындағы депозиттер бойынша «тұрақты» болжамымен B1 деңгейіндегі ұзақ мерзімді жоғары рейтинг тағайындады.

Айта кету керек, нарық ішінде Jusan ұсынған өнімдер мен сервистердің бірқатары халықаралық және жергілікті марапаттарға ие. Әйтсе де өз саясатында банк – «біз үшін халық пен бизнестің банкке артқан сенімі әлдеқайда құндырақ» деген қағидаға сүйенеді: былтыр банктегі салымдар көлемі 56%-ға өсіп, 1,51 трлн теңгенің үстіне шыққан.

Бүгінде қазақстандық қолданушылар банктің Jusan Retail және Jusan Business сынды цифрлық өнімдерін жақсы біледі. АТФБанкпен арадағы жылдам әрі тиімді интеграция барысында банк клиенттерінің саны ұлғайып, Jusan Bank-тің бөлшек сегменттегі клиенттік портфелі 4 еседен артқан. Ал үстіміздегі жылдың басында банк клиенттерінің саны 2,5 млн-нан асса, банктің цифрлық сервистерін ай сайын қолданушылар саны 1 млн адамнан асты.

2021 жылы, сондай-ақ банктің шағын және орта бизнес сегментіндегі клиенттер базасы екі есе өсіп, 145 мың бизнес-субъектіге жетті. Jusan Bank өнімдеріне отандық микро-, шағын және орта бизнес өкілдері кеңінен қызығушылық танытуда. Мысалға, былтыр Jusan Business мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны 3,7 есеге артса, POS-терминалдар желісі 5 есеге ұлғайған. Сол сияқты, қазақстандықтар тарапынан банктің байланыссыз төлемдер сервисі мен корпоративтік карталарына деген сұраныс та айтарлықтай жоғары.

Бүгінде банк инновациялық цифрлық сервистер мен өнімдерді әрі қарай жаңартып, дамытуға барынша ден қоюда. Мысалға, Jusan Дүкен маркетплейсі базасындағы онлайн-бизнесті дамыту ұсынысы серіктестікті арттырып, нығайтуға негізделген.

Jusan Bank 2022 жылы да стратегиялық маңызды бағыттар ретінде Jusan Retail, Jusan Business және Jusan Private Banking бизнес-платформаларын дамытуға мән беруде. Бұларға деген сұраныс нарық ішінде айтарлықтай жоғары. Осы негізгі үш бизнес-платформаны біріктіруші экожүйе бүгінде бизнес үшін де, қарапайым қазақстандықтар үшін де ұтымды да ыңғайлы технологиялық шешімдер әзірлеп ұсынуда.

Social enterprise, яғни әлеуметтік кәсіпорын ретінде Jusan Bank Қазақстандағы білім мен ғылымды дамытуға да елеулі үлес қосуда, оның ішінде НЗМ жүйесі мектептері мен Nazarbayev University мүмкіндіктерін кеңейтіп, қолдауға да. Jusan Bank басшылығының айтуынша, банктің қазіргі бизнес моделі отандық білім беру саласын қаржыландыруға да, Jana Qazaqstan мемлекеттік стратегиясын қолдауға да жеткілікті таза кірістің жоғары серпінін сақтауға мүмкіндік береді.

Осы мақсатта банк қолға алған Jana Jusan стратегиясы аясында – кезінде Цеснабанк пен АТФБанкке көрсетілген мемлекеттік қолдауды кезең кезеңімен мерзімінен бұрын қайтару көзделуде. Ашығын айтқанда, бұған дейінгі қолдау шаралары нәтиже бермеген екі бірдей ірі банкті банкроттықтан сақтап қалған Jusan Bank олардың салымшыларының қаражатын жоғалтуға да жол берген жоқ.

«Біздің банк үшін басты міндет – клиенттермен диалогты әрі қарай арттырып, оларға саналуан, қызықты ұсыныстар әзірлеу. Біздің стратегиямыздың негізгі қағидасы – «Әрқайсыңызға сенеміз, саған сенеміз» дегенге саяды. Біз отандастарымыздың, клиенттеріміздің мүмкіндік әлеуетіне сенім арта отырып, олардың әрқайсысына өз жеңіс шынын бағындыруға көмек көрсетіп, қол созуға дайынбыз», - дейді Нұрдәулет Айдосов.

Жалпылай алғанда, бар-жоғы үш жылдың ішінде Jusan Bank қаржылық жағдайы тұрақты әрі белсенді клиенттік базасы бар, еліміздің ең ірі қаржы институттарының бірі ретінде қалыптасу сатысын аяқтады деуге толық негіз бар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить