Импорттың ағымдағы шотқа қысымы сақталуда

27485

Төлем балансының ағымдағы көрсеткіштері мен болжамдарына тоқталған ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов осылай деп отыр

ФОТО: © Depositphotos/PrimDiscovery

Ұлттық банк мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл алғашқы алты айдың қортындысы бойынша тауар импорты 15,9%-ға, яғни 20,7 млрд АҚШ долларына дейін өскен.

«Бұл жаһандық логистикадағы ақаулар мен кідірістерге қарамастан орын алған жағдай. Болжамдар бойынша, 2022 жылдың соңына қарай өсім 11,3%-ды құрап, 44,2 млрд долларға дейін жетеді, ал 2023 жылы – 3,4%-ға дейін өсіп, 45,7 млрд долларды құрайды деп отырмыз», - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Ақылжан Баймағамбетов
Ақылжан Баймағамбетов

Ақылжан Баймағамбетовтың пікірінше, отандық өндіріс болмаған жерде, халық пен бизнестің қажеттілігі импорт есебінен орындалып, импорт үлесінің артуына ықпал ететіні сөзсіз. Бұл арада, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен экономиканы қолдау шараларына бөлінген бюджет шығынының елеулі ауқымы да әсер етсе керек.

Ұлттық банк өкілі, аралық және инвестициялық тауарлар бойынша да импорт ауқымы артады деген болжам айтады.

«Аталған тауарлар бойынша импорт көрсеткіші 2022 жылы 11,4%-ға өсіп, 32,0 млрд долларға дейін және 2023 жылы 0,9%-ға өсіп, 32,3 млрд долларға дейін жетеді деген болжам бар. Бұл шикізат бағасының өсуімен, сондай-ақ мемлекеттік және жеке сектордағы инвестициялық бағдарламаларды іске асырумен байланысты», - дейді ол.

Оның айтуынша, бұл тұрғыдағы жобалар, мысалға, автокөлік нарығында жүреге асырылуда. «Жеңілдетілген автокредиттер мен отандық өндіріс қуатын кеңейту сынды өзге де бастамалар автокөлік құрастыруға қажет ірі тораптық компоненттер импортын қолдайтын болады. Биыл бірінші жарты жылдықта бұлардың импорты екі есе өсіп, 1,0 млрд долларға жеткенін біз статистикалық мәліметтерден көріп отырмыз», - дейді Ақылжан Баймағамбетов.

Ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында аралық және инвестициялық тауарлар көрсеткіші 17,8%-ға өсіп, 15,0 млрд долларға жеткен. Бұл тауарлар Қазақстан нарығына, негізінен, Ресей мен Қытайдан жеткізіледі. Солтүстік көршімізден келетін импорт бойынша ептеген құлдырау сәуір айында тіркелген. Егер болашақта Ресейден тауар сатып алу көрсеткіші қысқарып жатса, онда сұраныстың жаңа нарықтарға икемделуі аясында, аралық және инвестициялық тауарлар импортының өсу тенденциясы сақталып қала бермек.

Өз кезегінде, Ақылжан Баймағамбетов тұтыну импортының көлемі де өсе түскенін алға тартады: «Егер өткенге көз салсақ, тұтынушылық импорт 2021 жылы 12,4 млрд долларға дейін жетті, бұл 2014 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Биылғы болжамдар бойынша, ол сол деңгейден асып, 13,5 млрд долларды құрайды деп отырмыз».

Ұлттық банк төрағасының орынбасары өз деректерінде елімізге жеткізілетін импорт тауарлары мен өнімдерінің көрсеткішіне геосаяси жағдайдың әсері туралы да айтып өтті.

«Логистикалық тізбектердің бұзылуына байланысты ұсыныстың төмендеуі мен Ресейдің қант және автокөлік сынды бірқатар тауарлар экспортына тыйым салуы – тұтынушылық импорттың қысқаруына әкеп соғады. Транзиттік жаңа бағыттарға икемделу үшін уақыт керек әрі бұл бағаларға да барынша ықпал етеді, сұранысқа да тежеу жасайды. Мысалға, наурызда Ресей қант экспортына тыйым енгізіп, бізге бұл елден жеткізілетін қант ауқымы екінші тоқсанда 57,6 мың тоннаға дейін төмендеп кетті (бірінші тоқсанмен салыстырғанда). Сөйтіп, Қазақстанның ішкі нарығында орын алған қант тапшылығын ішінара Үндістан өнімі негізінде жабуға тура келді. Екінші тоқсанда Қазақстанға Үндістан 17,7 мың тонна қант сатты», - деп түсіндіреді Ақылжан Баймағамбетов.

Айта кетейік, төлем балансының ағымдағы шоты елдің басқа елдермен ағымдағы операциялары бойынша белгілі бір уақыт ішінде, әсіресе, тапшылық жағдайында қанша төлеп, профицит болған жағдайда қанша табыс табуы керектігін көрсетеді. Яғни, ол тауарлар мен қызметтер экспортын, импорт, еңбекақы, инвестициялық кіріс, сондай-ақ халықаралық трансферттерді қамтиды.

Ағымдағы шот тапшылығы, егер ол шетелдік инвестицияның азаюымен қатар келсе, елдің макроэкономикалық көрсеткіштері қысымға ұшырайды деген сөз.

«Қазақстандағы ағымдағы шот соңғы 7 жылда тапшылық аймағында болды. Бірақ 2022 жылдың соңын ала профицит аймағына көшеді деп күтілуде. Қысқа мерзімді перспективада бұл елдің макроэкономикалық көрсеткіштеріне деген қысымды біршама төмендетеді, дегенмен құрылымдық өзгерістер бола қоймайды. Себебі, профицит тек мұнай мен металл құнының қымбаттауы есебінен қамтамасыз етіледі, бұның өзі еліміз үшін жаһандық күйзелістерге ұшырау қаупі жоғары екенін аңғартады», - дейді Ақылжан Баймағамбетов.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить