Геосаясат тауқыметі: Ішкі де, сыртқы да факторлар оңып тұрған жоқ

20263

Сегіз жыл бұрын өздерін тәуелсіз деп жариялаған украиндық екі аймақты ресми түрде мойындаған Ресей Федерациясы 2022 жылдың 24 ақпанында Украинаға қарсы әскери әрекетін бастады

ФОТО: © Depositphotos.com

Екі ел арасындағы жағдайдың бұлайша ушығуы бірден қор нарықтарында сыр беріп, рубльмен қатар, қазақ теңгесінің айтарлықтай құлдырауына әкеп соқты.

Осы тұста «Қазақстанның қаржы нарығына қысым елеулі түрде өскенін» Ұлттық банк та мойындап, «ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу» мақсатында валюталық интервенциялар жүргізу құқығын қолданды. Сол сияқты, еліміздің бас банкі бейсенбі, 24 ақпанда базалық мөлшерлемені 13,5%-ға көтергенін мәлім етті. Әйтсе де бұл шараларға қарамастан 24 ақпанда ішкі нарықта американдық валюта одан әрі нығайып, түске қарай биржада доллар бағамы 468,5 теңгені құрады. Кей ақпараттарда валюта айырбастау орындарында 1 доллар 475 теңге төңірегінде сатылып жатқаны айтылды. Әлбетте, ұлттық валютаның дәл осылай құлдырауына ең алдымен сыртқы фактор: қазақ теңгесінің ресейлік рубльге тәуелділігі ықпал етті. Ұлттық банк келтірген соңғы мәліметте, апта басынан бері жүргізілген валюталық интервенциялар көлемі 176 млн АҚШ долларын құрағаны айтылады.

Теңге – рубль: паритет өзгере ме?

Экс-депутат, «Ел тірегі» партиясын құру жөніндегі ұсыныс тобының жетекшісі Нұржан Альтаевтың айтуынша, Қазақстан әу бастан Ресей экономикасына байлаулы, бұл жасырын емес. Ал соңғы жылдары, әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бұл тәуелділік одан әрі тереңдей түсті. «Ресей экономикасының Қазақстанға енуі қашаннан ауқымды болатын. Біз ресейлік импортқа тәуелдіміз – Қазақстан импортының тең жартысындай үлес Ресейге тиесілі (40% - ред.). Әрине, рубльдің бұлайша құлдырауы біздің елге де әсер етпей қоймайды», - деп түйіндеген ол, - «АҚШ доллары әлі де нығайып, теңге бағамы төмендей береді» деген болжам айтады. Ал мұндай жағдайда инфляцияны ауыздықтау оңайға соқпайды.

Нұржан Альтаев
 
Нұржан Альтаев

Нұржан Альтаевтың пікірінше, Ұлттық банктің ішкі нарықта жүргізген соңғы интервенциялары геосаяси жағдайдың салдары, яғни тікелей Ресей президентінің шешімдеріне қатысты қолданылған шара. Ресми Кремльдің Украинаға қатысты операциясын «өзге мемлекеттің аумағына сұғыну», «өзге елдің ішкі саясатына араласу» деп бағалаған ол, РФ тарапынан Украинаның шығысындағы екі аймақты тәуелсіз ел ретінде мойындау туралы шешімі «Лондон қор биржасындағы ресейлік индекстердің құлдырауымен қатар, қазақстандық индекстердің төмендеуіне де әкеп соқты» дейді.

Ресейге бағытталған санкциялар Қазақстанды да «айналып өтпейді» деген пікірмен қаржы саласының сарапшысы Расул Рысмамбетов та келісіп отыр. «Егер Батыс елдері Ресейге сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік бермесе, онда ресейлік тауарлар бірден Қазақстанға ағылады деген сөз, бұған 2014 жылы өзіміз куә болдық.

Қалай дегенмен, Ресей саудадағы біздің ең ірі серіктесіміз» деген сарапшы, теңгенің соңғы құлдырауы жайында өз ойын былайша тұжырымдайды: «Теңгенің бүгінгі қалыптасқан бағамының сипаты тұнып тұрған саясат. Мұндай құбылысты «Жаңа қалып» деп де атайды және де бұл жақсылықтың нышаны емес. Теңгені омақаса құлата алатын нарықтағы ауқымды фактордың біріншісі – АҚШ Федералды жүйесінің пайыздық мөлшерлеме бойынша отырысы: яғни, дәл осы «теңге – доллар» валюта жұбына қатысты. Ал егер «теңге – рубль» жұбы туралы айтар болсақ, бұрын бұл екеуінің ара қатынасы 1 рубльге: 5,7–5,8 теңге төңірегінде-тін, бірақ енді рубльдің құлдырауымен өзге паритет қалыптасуы мүмкін. Ресей валютасы қазір әлсіз, ал «саясатта» ол теңгеге қатысты да әлсірей түсуі тиіс. Бірақ егер рубльдің құлдырауы елеулі болса, онда 2014 жылғы жағдай қайталанбақ, яғни қазақстандықтар, наннан өзгенің бәрін Ресейден тасығаны секілді».

Қателесу мүмкіндігі жоқ...

Расул Рысмамбетов, сондай-ақ Батыстың Ресей бағытындағы санкциялары аясында Қазақстанның банк нарығы мен шикізат секторына, логистика саласына қиын соғуы ықтимал деген пікірде. «Біздің банктерде бірқатар ресейлік компаниялардың есеп-шоттары бар. Санкциялар барысында оларды тұмшалау, тоқтату талаптары көрініс берсе, бұл, әрине, банк саласы үшін тәуекел туғызады. Ал шикізат бағаларының өсуі сала ішіне жағымды да, жағымсыз да жағынан әсер етуі мүмкін. Оның сыртында, әлемдік деңгейдегі көптеген танымал компаниялар өз өнімдерін Қазақстанға Ресей дистрибьютерлері арқылы жеткізеді: яғни, қазақстандық сауда компаниялары олармен тікелей емес, мәскеуліктер арқылы байланыс орнатқан. Өйткені, мәскеуліктердің қолында әдетте бүкіл аймаққа негізделген лицензия бар. Олай болса, санкциялар барысында біздің нарықтағы сауда, логистика салалары да қиналып қалуы мүмкін», - дейді ол.

Расул Рысмамбетов
 
Расул Рысмамбетов

Айта кету керек, 24 ақпанда Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен, Еуроодақ қолға алған «ауқымды да атаулы» санкциялардың ішінде Ресейді «негізгі технологиялар мен нарықтарға» жібермеу және Ресейдің «экономикалық базасы мен модернизациялау қабілетін әлсірету» мақсаты тұрғанын ашық айтты. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон әріптестерін «ресейлік мұнай мен газға деген тәуелділікті еңсеруге» шақырды. Қазіргі таңда «Северный поток – 2» газ құбырын сертификациялау барысы белгісіз кезеңге тоқтатылды. Өндірістік қуаты жылына 55 млрд текше метр газ айдауға мүмкіндік беретін бұл құбырға Ресей тарапынан 11 млрд доллар шамасында инвестиция жұмсалған делінеді. АҚШ пен ЕО мәлім еткен Ресейге қарсы соңғы санкциялар пакеті солтүстік көршіміздің қаржы секторына, технологиялар, энергетика, транспорт салалары мен визалық саясатына бағытталған. Еуроодақтың санкциялық тізімінде РФ президенті В. Путин мен сыртқы істер министрі С. Лавров та бар.

Әйтсе де Батыс елдерінің санкциялық шаралары әп сәтте Ресей экономикасының мысын баса қоятыны екіталай, дейді сарапшылардың бірқатары, өйткені «бұл елдің сыртқы қарызы мейлінше төмен, олар шетелдік ұйымдардың кредиттеріне тәуелді емес». Бірақ Ресейге бағытталған санкциялар Қазақстан экономикасына өз кесірін тигізуі әбден мүмкін. Бұл арада бәрі де біздің елдің сыртқы саясаты мен Батыстың кезекті қадамдарына байланысты болмақ.

«Батыс елдерінің санкцияларына ресейлік бірқатар банктер мен компаниялар енгенін ескерсек, олардың ішінде Қазақстан экономикасына барынша араласып, біздің елде өз филиалдарын ашқандары аз емес. Сол сияқты, ертеңгі күні РФ басшысы Қазақстанды ЛНР мен ДНР тәуелсіздігін мойындауға итермелеп, біздің билік бұған шынымен араласып жатса, онда бұл жағдай біз үшін одан әрі ушығып, халықаралық қауымдастықтың тікелей санкцияларына ұшырауымыз тағы мүмкін. Дәл қазір Қазақстан жол айрығында тұр: біз не өркениетті әлем жағындамыз, не Ресейдің ығында қаламыз», - дейді сарапшы Нұржан Альтаев.

22 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайға орай, ел үкіметіне антикризистік шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл тұрғыда сарапшы Нұржан Альтаев: «Антикризистік шаралар интервенция жүргізіп, еліміздің алтын-валюта қорын сарп етумен, теңге бағамын жасанды жолмен ұстап тұрумен шектелмеу керек. Қазақстан экономикасы белгілі бір деңгейде өз-өзін қамтамасыз ете алатындай дәрежеге шығып, Ресей экономикасына деген тәуелділіктен арылуы тиіс. Бұл ұзаққа созылатын міндет-шара, бірақ біз оны дәл қазір бастап, жүзеге асыруды ескеруіміз керек. Әлбетте, әртүрлі саяси авантюра желігімен Ресейдің артынан ұрандап, өздерін тәуелсіз деп жариялаған аумақтарды мойындауға араласпау керек. Бұл біздің ел үшін өте қауіпті», - деп түйіндейді өз пікірін.

Өз кезегінде, сарапшы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, дәл қазір ел үкіметі мен бас банк шын мәнінде қиын жағдайға тап болса керек. «Бұған соңғы 7–8 жылдағы дағдарыс пен екі жылға созылған Covid салдарын, кешегі қаңтар тауқыметі мен қоғамның әлеуметтік мемлекет құру жөніндегі талабын қосыңыз. Ал Ұлттық банк теңге бағамын құбылмалы күйде ұстап, реттеумен қатар, мейлінше белсенді алыпсатарларды ауыздықтауға міндетті. Оның сыртында үкіметтің әлеуметтік саясаты мен экономиканы қайта жасақтау жоспарына ақша бөлуі тиіс. Шынымды айтсам, дәл қазір мен Ұлттық банк төрағасы мен үкімет басшысына қызықпас едім, қазір бұл екеуіне мүлдем оңай соқпайды, олардың алдында қиын да күрделі міндеттер тұр. Бірақ оларға бір сәт те қателесуге болмайды. Өйткені бізде сыртқы да, ішкі де факторлар оңып тұрған жоқ», - дейді сарапшы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить