Ерұлан Мұстафин: Шағын және орта бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс айтарлықтай жоғары

14678

ҚР Ұлттық Банкінің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Ерұлан Мұстафин 2022 жылдың ІІ тоқсанындағы кредиттеу көрсеткіші бойынша отандық банктердің арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына қатысты түсіндірме пікір білдірді

Ерұлан Мұстафин
ФОТО: nationalbank.kz
Ерұлан Мұстафин

«ІІ тоқсанда жүргізілген сауалнама қорытындысы көрсеткендей, кредиттік ресурстардың құны өсіп, кредиттеу талаптары біршама күшейтілгеніне қарамастан, бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс айтарлықтай артты. Бұл көрсеткіш, әсіресе, шағын және орта бизнес арасында жоғары», - дейді Ерұлан Мұстафин.

Ұлттық Банк өкілінің айтуынша, шағын бизнес тарапынан кредитке деген сұраныстың өсуі, әсіресе, ірі банктерде байқалған. «Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны тоқсаннан тоқсанға шаққанда 19%-ға, яғни 310 мыңға дейін өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері – 8%-ға, яғни 23,3 млн теңгеге дейін төмендеді. Өтінімдер санының өсуі, әсіресе, ірі банктердің шағын бизнеске арналған скорингтік онлайн кредит өнімдерін барынша дамытуымен, сондай-ақ  осы өнімдерді жекелеген банктердің іске қосуымен байланысты. Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы кредиттеуді жандандыру есепті тоқсандағы сұранысқа оң әсерін тигізді», - дейді ол.

Ерұлан Мұстафин, сондай-ақ кредитке деген сұраныс орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан да айтарлықтай ұлғайып өсті деп отыр. «Есепті тоқсанда келіп түскен өтінімдер саны тоқсаннан тоқсанға шаққанда 4 есе өсіп, 3,9 мыңға жетті, ал өтінімнің орташа мөлшері – жартысына жуық төмендеп, 265 млн теңгені құрады. Мұндай өтінімдердің басым бөлігі кепілмен қамтамасыз етілмеген қысқа мерзімді қарыздарға берілген», - деп көрсетеді ҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы.

Айтқандай, ірі бизнес тарапынан байқалған кредиттерге деген сұраныс көрсеткішін Ұлттық Банк өкілі «сұраныстың мейлінше аз өсімі» деп сипаттайды. Мұнда сұранысқа негізгі үлес қосқан – «ірі банктерден қарыз алушылар» болған. Есепті тоқсанда өтінімдер саны 203-ке дейін, яғни 10%-ға өссе, өтінімнің орташа мөлшері 7,6 млрд теңгеге дейін, яғни 37%-ға артқан.

«Банктердің есепті тоқсанда шағын бизнесті кредиттеуге дайындығы біршама төмендеп кеткен. Шағын бизнестің кредит өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті ІІ тоқсанда 29%-ға дейін төмендеуін жалғастырған. 2022 жылдың алдыңғы тоқсанында коэффициент 33%-ды құраған болатын. Орта және ірі бизнестің кредит өтінімдері бойынша мақұлдау үлесі керісінше, біршама артып, сәйкесінше, 57% және 55%-ды құраған, бірақ әлі де 2021 жылғы орташа деңгейден төмен қалып отыр», - дейді Ерұлан Мұстафин.

Оның айтуынша, қазір бизнеске кредит беру талаптары біршама күшейген. Бизнеске берілетін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесінің өсуі әрі қарай жалғасуда, әсіресе, ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін. «Келесі тоқсанда жекелеген банктер ірі бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс біршама өседі деп күтеді. Шағын және орта бизнес бойынша сұраныс индексі орташа есеппен алғанда І тоқсандағы деңгейде сақталмақ. Банктердің біразы келесі тоқсанда бизнеске берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі өзгермейді деп күтеді», - дейді Ұлттық Банк сарапшысы.

Ерұлан Мұстафин алға тартқа мәліметтерге ден қойсақ, 2022 жылдың ІІ тоқсанында бөлшек қарыздарға деген сұраныс ипотекалық қарыз сегментінде азайып, тұтынушылық қарыздарға деген сұраныс арта түскен. Ипотекалық қарыздарға деген сұраныстың төмендеуін банктер жеңілдікпен берілетін кредиттерге қол жеткізу мүмкіндігі қысқаруымен байланыстырады. Сол сияқты, өткен тоқсанда – 2022 жылғы 1 сәуірден бастап тұрғын үй сатып алу және/немесе баспана жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша жеткілікті шекті арттыруға дейінгі халықтың негізгі сұранысы жүзеге асырылғаны да мысал етіледі.

«Келіп түскен өтінімдер саны 135 мыңнан 258 мыңға дейін өсе түскені байқалуда. Бұл белгілі бір банкте цифрлық өнімді іске қосумен және тағы бір банктегі маусымдық фактормен байланысты. Әйтсе де бұл факторлар ипотекалық кредит нарығындағы сұраныс индексінің төмендеу тенденциясын өзгертуге ықпал ете алмады», - дейді ол.

Банктердің дерегіне сүйенген Ұлттық Банк сарапшысы, тұтынушылық қарыздарға деген елеулі сұранысты – халықтың тұтынушылық заттарға деген қажеттілігі өсіп, соған сәйкес бұл тұрғыдағы шығындарының артуымен түсіндіреді. Оның сыртында банктер кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздар бойынша кепіл мүлігіне қатысты талаптарды жеңілдетуге ден қоюда. Сол сияқты, кепілсіз қарыздар бойынша кредиттерді өтеу мерзімі мен лимит деңгейін ұлғайтуға көңіл бөлуде.

Ерұлан Мұстафин, сұраныстың артуына ресейлік банктерден көшкен клиенттер легі де үлес қосуда дегенді айтады: «Есепті тоқсанда тұтынушылық қарыз алуға келіп түскен өтінімдер саны кепілді және кепілсіз қарыздар бойынша, сәйкесінше, 27,8%-ға және 4,3%-ға көбейді».

Ал автокредит алуға сұраныстың өсуін, сарапшы маман жеңілдікпен берілетін кредиттеу бағдарламасының қосылуымен түсіндіреді. Дегенмен, банктердің пайымынша, салондарда автокөлік тапшылығы баршылық, бұл өтінім беру және өтінімдерді қарау барысын қиындатата түседі. Ерұлан Мұстафиннің айтуынша, банктер санының қысқаруы да автокредит бойынша өтінімдер санының төмендеуіне әсер етуде, яғни олар 4,4%-ға азайып, 393 мың өтінімді құраған.

Ұлттық Банк сарапшысы, сондай-ақ  ІІ тоқсанда бөлшек қарыздардың барлық түрі бойынша кредиттеу шарттары күшейтілгені байқалды деп отыр, оның ішінде, мысалға, сыйақы мөлшерлемелері көтеріліп, клиенттердің төлем қабілетіне қатысты талаптар қатая түскен.

«Келесі тоқсанда банктер тұтыну қарыздарына деген сұраныстың ұлғаюын, автокредиттерге қатысты сұраныстың төмендеуін, сондай-ақ ипотекалық қарыздар бойынша сұраныстың есепті тоқсан деңгейінде сақталуын күтеді», - дейді ҚР Ұлттық Банкінің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Ерұлан Мұстафин.

Айта кетейік, 2022 жылдың ІІ тоқсанында кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейдегі отандық 20 банк қатысқан. Мұндай сауалнаманы еліміздің Ұлттық Банкі кредиттік ресурстардың сұранысы мен ұсынысындағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізіп отырады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить