БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайын жақсартуға аударылған қаражаттың орташа сомасы 4,5 миллион теңгені құрады

7157

2021 жылдың 13 шілдесіндегі жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 350 269 өтінішін орындады

ФОТО: pixabay.com

Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 1,6 трлн теңге аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,5 млн теңге.

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (16,5%), Маңғыстау облысының (15,4%), Нұр-Сұлтан қаласының (12,9%) тұрғындары тарапынан жолданған. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат орналастырылған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген.

Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ болып табылады. Орындалған өтініштердің едәуір (орындалған өтініштердің жалпы санының 95,3%) бөлігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, одан әрі «Қазақстан Халық банкі» АҚ (3,8%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (0,9%), «Altyn Bank» АҚ (0,03%) және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ (0,003%) арқылы берілді.

Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 185,6 млрд теңгеден аса сома қайтарылды, себебі, қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Бұған қоса БЖЗҚ-ға емделуге барлығы 36 926 өтініш түсті, оның ішінде 20 млрд теңгеге 21 054 өтініш орындалды, орташа сома – шамамен 1 млн теңге. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) шамамен 3,2 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған. Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөніндегі өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады.

Естеріңізге саламыз, біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының 13-тармағына сәйкес) ұсынады.

Салымшы, сонымен қатар аударылған соманы «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға тиісті өтініш беру арқылы БЖЗҚ-ға қайтара алады, оны банк алушыдан қайтаруға өтініш алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.

Ағымдағы жылдың 13 шілдесіндегі жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) шамамен 4,5 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ келіп түскен 2823 өтініштің 2146-сын орындады. Аударымның орташа сомасы шамамен 2,1 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика да enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру» бөлімінде жарияланып отырады.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Сіз бұл туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын enpf.kz веб-сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен көре аласыз. Айта кетейік, 4,5 млрд теңгенің 43,1% немесе 1,9 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ, 28,4% немесе 1,3 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ, 18,4% немесе 0,8 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ, 10,1% немесе 0,5 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ аударылды.

БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.

Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептелінеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить