Бес айда Ұлттық қордан 2,3 млрд АҚШ доллары сатылған

14566

«2022 жылдың мамыр айының соңында Қазақстанның халықаралық резервтері 86,5 млрд АҚШ долларын құрады», - деп мәлімдеді ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы апта басында өткен үкімет отырысында

ФОТО: © Depositphotos.com/rrraum

Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, Ұлттық Банктің алтын-валюта активтері биыл жыл басынан бері 1,6 млрд АҚШ долларына төмендеп, 32,8 млрд долларды құрады: валюталық интервенциялар мен екінші деңгейлі банктердің шоттарындағы қалдықтардың төмендеуі және сыртқы борыштар бойынша төлемдердің жүргізілуі есебінен.

«Ұлттық қордың активтері 53,8 млрд долларды құрады. Республикалық бюджетке 1,9 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы жылдың алғашқы бес айында 2,3 млрд АҚШ долларына валюталық активтер сатылды», - деп мәлімдеді Ұлттық Банк төрағасы.

Айтқандай, Ұлттық қорға түскен қаражат биыл жыл басынан бері 2,9 трлн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 еседей жоғары көрсеткіш. Ұлттық қор түсімінің бұлайша ұлғаюына соңғы айлардағы мұнай бағасының өсуі ықпал еткен.

Ұлттық Банк төрағасы келтірген мәліметтерге жүгінсек, құрылғаннан бергі 2022 жылдың 31 мамырына дейінгі кезеңде Ұлттық қордың орташа жылдық кірісі 3,24%-ды құраған. Ал соңғы 5 және 10 жылдағы кіріс жылдық мәнде, сәйкесінше, 2,3% және 1,75% деңгейін көрсеткен.

Ғалымжан Пірматов, үкімет отырысында, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) көрсеткіштеріне де тоқталды.

Мамыр айында БЖЗҚ активтері 12,7 трлн теңгені құраған.

«Биыл жыл басынан бергі инвестициялық кіріс көлемі теріс мәнге шықты – 154,1 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 662,5 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 106,8 млрд теңге», - деп көрсетті Ұлттық Банк төрағасы үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

Бас банкирдің айтуынша, қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық салдарындағы қаржы құралдарының біразының нарықтық құнының төмендеуі және соңғы бес айдағы теңге бағамының нығаюы – салымшыларға теріс инвестициялық кіріс есептеудің басты себебі болған.

Ұлттық Банк мәліметінше, соңғы 12 айда еліміздегі зейнетақы активтерінің кірістілігі 4,1% құраған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить