Қазақстанда 5 транзакцияның 4-і қолма-қолсыз негізде жүргізіледі

23223

Биыл тоғыз айда қазақстандықтар интернетте 59,2 трлн теңге ақша жұмсаған

ФОТО: © unsplash.com/Jonas Leupe

2022 жылдың тоғыз айындағы қолма-қол ақшасыз карточкалар бойынша жүргізілген операциялар статистикасына шолу жасаған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы осылай деп мәлімдейді.

ҚҚҚ сарапшылары жария еткен деректерге сүйенсек, 2022 жылдың ІІІ тоқсанында отандық төлем нарығына қолма-қол ақшасыз төлемдердің дендеп енуі мен қолма-қол ақша ауқымындағы өсу көрсеткіштері әрі қарай жалғасқан. «Бір-біріне қарама қарсы екі түрлі көрсеткіштің параллельді өсуі» деп сипаттайды бұл жағдайды ҚҚҚ сарапшылары.

Бірақ қолма-қол емес транзакциялардың өсу қарқынында біршама баяулау байқалған: 2021 жылғы 122%-бен салыстырғанда биылғы өсім көрсеткіші +44%. Есесіне қолма-қол ақша массасы ептеп болса да ұлғайған: былтырғы 6%-бен салыстырғанда биыл +11%.

Дегенмен, жүргізілген операциялардың жалпы көлемінде (қолма-қол + қолма-қол емес) қолма-қол ақшасыз төлемдер мейлінше жеделдеп тарағанын ескерсек, елдегі қолма-қолсыз транзакциялар үлесі 77%-дан 82%-ға дейін өскен (алдыңғы жылмен салыстырғанда).

ҚҚҚ сарапшыларының мәліметінше, жыл басынан бері банкоматтардан ақша шешіп алу ауқымы өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 15 трлн теңгеден 16 трлн теңгеге дейін өскен (+7%). Бұл тұрғыдағы өсу көрсеткішіне нарық ішінде өзіндік жоғары үлесі бар «көлеңкелі» сектор септік етуі мүмкін, деп пайымдайды сарапшы қауым. Айта кетейік, елімізде 2,1 млн адам немесе жұмыс күшінің 23%-ы өз-өзін жұмыспен қамтушы санатқа жатады. Сонымен қатар, бұл арадағы ықпал етуші факторларға инфляцияның шарықтап өсуін және төлем жасау әдістеріндегі сипаттамалар мен кедергілерді де жатқызуға болады.

Айтпақшы, биылғы жылдың тоғыз айында қазақстандықтар Интернет арқылы 59,2 трлн теңге ақша жұмсаған (былтырмен салыстырғанда +44), бұл қолма-қол ақшасыз барлық төлемдердің 83%-ы. Салыстыру үшін: 2021 жылы бұл көрсеткіш 60,1 трлн теңгені құраған.

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, бөліп төлеу әдісінің кең таралуымен, қазақстандықтар кредиттік карточкаларды мейлінше аз қолданатын болған (минус 2,4 млн – 11,5 млн бірлікке дейін). «Алматы қаласынан (+1,6 млн карточка) басқа өңірлердің бәрінде де құлдырау бар, бұл ұсынылған кредиттік карточкалардың жоғары вариативтілігімен, сол сияқты, қаржылық сауаттылық деңгейінің өсуімен түсіндірілсе керек», - дейді ҚҚҚ сарапшылары.

Олар, сондай-ақ, «керісінше, айналымдағы дебит карталарының саны 10,6 млн бірлікке өсті (жылма-жыл салыстырғанда өсім +28%), яғни 49 млн бірлікке дейін» деп көрсетеді. Сәйкесінше, айналымдағы карточкалардың жалпы саны (деб. + кред.) 62,6 млн-ға дейін өскен. Бұлардың шамамен үштен бірін (33,9%-ы) жергілікті төлем жүйелеріндегі карточкалар құрайды: Халық банкке тиесілі Altyn Card, Ситибанк Қазақстанның жергілікті картасы, Kaspi.kz төлем жүйесінің картасы. Былтыр бұл көрсеткіш 32,9% деңгейінде болатын.

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көрсеткіші және қолма-қол ақшаны шешіп алу мен оның айналымдағы ауқымының бір мезетте өсу сипаты – халықты жұмыспен қамту саласында құрылымдық реформалар жүргізіп, салық салу базасын қамтуды жетілдіру қажет дегенді меңзесе керек.

Олар, сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлемдердің әрі қарай өсуіне жедел аударымдарға арналған қас-қағым сәтте өтетін төлем жүйелерін енгізу мен төлем каточкаларының банкаралық жүйесін енгізу және цифрлық теңгені (CBDC) қолданысқа енгізу мүмкіндігі ықпал ететін болады деп отыр. Айта кету керек, цифрлық теңгені қолданысқа енгізу туралы нақты шешім жыл соңына дейін қабылданады деп күтілуде.

Сарапшы қауымның пікірінше, жаллпылай алғанда, постпандемиялық кезеңде Қазақстанның төлем нарығында даму динамикасы әрі қарай сақталуы тиіс. «Жаһандық геосаяси сын-қатерлерге жауап бере отырып, отандық төлем нарығы жаңа кезеңге қадам басты, осы кезеңде жүйеге тән тұрақтылықтың негізгі өлшемі – жергілікті нарықтың халықаралық төлем жүйелеріне деген тәуелділігін төмендету және блокчейн технологияларын енгізіп, елдегі эквайринг инфрақұрылымын әрі қарай жетілдіру болып табылады», - деп түсіндіреді өз болжамдарын ҚҚҚ талдау орталығының сарапшылары.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить