Ақша санау да өзіндік өнер

8943

Реформа және қаржылық сауаттылық

ФОТО: © Shutterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл қарашада зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасын толықтырып, өзгерту жобасын жария етті. Оған сәйкес ел үкіметі 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінің орнына ең төменгі кепілді зейнетақы төлеуді ұсынып отыр. Бұл шара Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қарапайым салымшысы үшін нені меңзейді?

Қазақстандағы мемлекеттік базалық зейнетақы бүгінде 29 402 теңгені құрайды. Ал ең төменгі кепілді зейнетақы мөлшері елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрамақ және де жинақтау жүйесіне кем дегенде бес жылдан бері қатысып отырған салымшыларға есептелмек. Әрбір бес жылдың үстіне күнкөріс деңгейі мөлшерінен тағы 2% қосылады дейді үкімет. Олай болса, 40 жыл еңбек еткен салымшының кепілді зейнетақысы түптің-түбінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 140%-ын құраса керек... Ескеретін жайт, елімізде күнкөріс деңгейінің мөлшері белгілі бір кезең аралығында өзгеріп отырады (2020 жылдың 1 сәуірінен Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге деп белгіленген). Ал үкіметтің зейнетақы жүйесін жаңғырту жобасы 2028 жылға жоспарланған.

Зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі үкіметтің соңғы ұсыныстарымен танысқан отандық сарапшылар бұл цифрлар бойынша нақты пікір айтуға әзірше дайын емес. Бұл тұрғыда толыққанды, жаңа мемлекеттік бағдарлама керек дейді олар.

«Соңғы ұсыныстарға дәл қазір баға беруге әлі ерте және қиын, өйткені үкімет таратушы және жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытуға арналған нақты жоспарлары мен есептеулерін жария еткен жоқ. Онсыз бұл бағдарламаны толық түсіну мүмкін емес», – дейді қаржыгер-экономист Мұрат Темірханов.

Дегенмен, зейнетақы жүйесін дамыту барысында үкімет ұсынып отырған инвестициялық құралдардың бірін сарапшылар қызу қолдауда.

«Алдағы уақытта белгілі бір жасқа жеткен БЖЗҚ салымшысы Қордағы ақшасының бір бөлігіне жекеменшік компаниядан аннуитет сатып ала алады. Негізі, зейнетақы аннуитетін Зейнетақы қорының өз ішінде енгізу туралы ұсыныс 2014 жылы-ақ айтылған, бірақ ол сол тұста елеусіз қалды. Меніңше, БЖЗҚ толығымен аннуитеттік жүйеге өткені дұрыс», – дейді сарапшы Темірханов.

Айта кетейік, отандық зейнетақы жүйесін реформалау жобасын бұқаралық талқылау

«Ашық НҚА» порталы арқылы жүргізіліп, 12 қарашада аяқталды. Сарапшылар талқылау барысына көңіл толған жоқ деп отыр. «Ұсынылған ақпарат тұтастай емес, бөлшектеніп берілді. Мысалы, мақсатты негізде мерзімінен бұрын пайдалануға болатын зейнетақы жинағына жеке табыс салығы салынатыны көпшілік үшін күтпеген жағдай болды», – дейді қаржыгер Дана Жарылғапова.

ENPI.kz платформасының негізін қалаған тәуелсіз сарапшы Бота Жұманова болса, зейнетақы жүйесін жаңғырту жобасы «бұқаралық деңгейде талқыланды деуге әлі ерте» деген пікірде. «Бұл тұрғыда зейнетақы жинақтарының меншік иелері, яғни қарапайым салымшылар мүлдем салғырт, олар заңға енгізілетін өзгерістер талқысына қызығушылық танытып отырған жоқ. Әдеттегідей сырттай бақылап, күткенді жөн көруде, бірақ алдағы уақытта олар да бұл реформадан қалыс қалмайды деген үміттеміз», – дейді ол.

Айтқандай, отандық сарапшылар зейнетақы жүйесін реформалаудың өзіндік бір жолы ретінде салымшылардың қаржылық және инвестициялық сауатын көтеруге негізделген міндетті шараларды ескеруді ұсынады. Сонда қарапайым жұрт зейнетке шығу мәселесіне саналы түрде көңіл бөліп, білікті инвестициялық шешім қабылдауды үйренген болар еді. Қалай дегенмен, зейнетақымен қамтылу – бүгінде әр адамның өз жеке басына қатысты мәселе.

Сарапшылар тарапынан айтылған тағы бір ұсыныс – тұрақты даму талаптары аясында БЖЗҚ мейлінше «жүйе қалыптастырушы» деңгейге шыққаны дұрыс болады: бұл салымшылардың пайдасына оңынан әсер ететін маңызды фактордың бірі.

«Мысалы, қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын мектептердің инфрақұрылымын жаңартып, дамытуға инвестициялауды ескеру керек: алдағы 10–15 жылда ел ішіндегі мектептерге тән апатты жағдайлар аз болмайды», – дейді Бота Жұманова.

Сарапшының айтуынша, бүгінде көптеген елдерде мектеп құрылысына жауапты жергілікті билік пен жекеменшік басқарушы компаниялар борыштық міндеттемелер, яғни облигациялар шығарып, мектеп салуға қаражат тартуға ден қойған.

«Осы секілді облигацияларды БЖЗҚ да сатып ала алады, егер, әрине, құрылысқа тапсырыс мемлекет тарапынан болса, – дейді Бота Жұманова. – Бұл арада экономикалық та, әлеуметтік те мән барын ұмытпайық».

Зейнетақы жинағын инвестициялаудың бұл тұрғыдағы әлеуметтік мәні, сарапшының пайымынша, әсіресе, қарапайым салымшылар үшін маңызды болуы тиіс, өйткені, олар осылайша өз балаларының, немерелерінің болашағына ұзақ мерзімге негізделген инвестиция құя алады. Ал құрылыс шығынын мемлекет инвесторға қайтарып беретінін ескерсек, ақша Зейнетақы қорына оралып, салымшыға да, Қорға да тиісті мөлшерде табыс әкеледі.

«Біздің халық құрылыс саласына инвестиция салуға құлшына кіріскелі отыр. Түсінген адамға мектеп те құрылыс нысаны. Ал әлеуметтік инфрақұрылымға салынған ақшаның мультипликативті нәтижесі кең ауқымды, яғни құрылыс жаңа жұмыс орындарын ашады, құрылыс материалдарын өндіріп, шығаруға серпін береді», – деп түсіндіреді өз ұсынысын ENPI.kz платформасының жетекшісі.

Айта кетейік, зейнетақы жүйесін жаңғырту жобасында үкімет жекелеген топтарға арналған (оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да бар) зейнетақы мөлшерін саралау шараларымен қатар, бірлескен зейнетақы аннуитеттерінің (мысалы, ерлі-зайыптылар үшін) механизмдерін де ұсынып отыр. Мұндай өзгерістер мен жаңартуларды қарапайым салымшы үшін қажетсіз дей алмаймыз. Ал үкімет ұсынған шаралар мен құралдардың тиімділік деңгейіне баға беру үшін, ең алдымен, әр адам өз ақшасын санауды үйреніп (оның ішінде зейнетақы жинағындағы да), өз өмірінің ұзақ мерзімге негізделген қаржылық жоспарын құруға мән бергені жөн. Дегенмен, сарапшылар қауымы, отандастарымыздың 99%-ы қаржылық тұрғыда сауатсыз екендігін ескерсек, зейнетақы жүйесін реформалау жолдарын бұқара алдында жабыла талқылауға біздің қоғам әлі де дайын емес деген пікірде.

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить