Қаржы нарығы: заңдағы өзгерістер мен толықтырулар нені меңзейді?

16453

Биыл шілде айында ел билігі отандық қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізетінін мәлім етті. Бұл қандай өзгерістер және олар не үшін қажет?

ФОТО: © Depositphotos/YevgeniySam25

ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚР ҚНРД) мәліметінше, соңғы енгізілген өзгерістер сақтандыру секторы мен бағалы қағаздар нарығына және банк қызметіне қатысты еліміздегі 5 кодекс пен 35 заңды қамтиды. Мемлекет басшысы бұл тұрғыдағы толықтыруларға 2022 жылдың 12 шілдесінде қол қойды (қараңыз: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» – заң).

ҚР ҚНРД мамандарының түсіндіруінше, бұл өзгерістердің жекелеген нормалары тұтынушылардың құқын қорғап, реттеуге және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Яғни, билік нарық ішіне жаңа өнімдер енгізе отырып, қаржы қызметтерін әрі қарай цифрландыруды дамытуға, тұтынушылар мен инвесторлардың құқын қорғауға барынша мән бермек. Жоспарда қолданыстағы заңнаманы халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай ету ұстанымы да бар.

Жалпылай алғанда, биыл шілдеде ҚР президенті қол қойған бұл заңда қаржы нарығының негізгі үш бағыты қамтылған: сақтандыру нарығын кешенді дамытуды әрі қарай жалғастыру; отандық қор нарығының жұмысын жақсарту; банк қызметін одан әрі жетілдіру деген тұрғыда.

І бағыт: сақтандыру нарығындағы жаңа ұсыныстар

  • ҚР ҚНРД келтірген деректерге сүйенсек, заңға енгізілген ұсыныстар топтамасының ең ауқымды бөлігі сақтандыру нарығына қатысты. Онда, мысалға, төмендегідей мәселелер ескерілген:

  • Сақтандырудың кепілдік берілген түрлері тізіміне барлық міндетті және әлеуметтік маңызды топтарды енгізу.

  • Сақтандыру омбудсманының мәртебесін көтеру.

  • Жинақтаушы сақтандыру құралының әлеуметтік маңызды өнімдерін енгізу. Агенттік мамандарының айтуынша, бұл ел азаматтары үшін тиімді мүмкіндіктерге жол ашпақ: мысалға, мемлекет тарапынан сақтандыру сыйақыларын (премияларын) субсидиялау негізінде балалардың оқу оқып, білім алуына қажетті қаражатты алдын ала жинақтау деген сияқты.

  • Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша азаматтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ішінара ақша қайтару мүмкіндігін беру.

  • Сақтандыру жағдайларын онлайн негізде реттеу. Мамандардың айтуынша, бұл, ең алдымен, клиенттер үшін тиімді болмақ: сақтандыру өтемақысын алу барысы жеңілдеуі тиіс, өйткені қағаз түрінде құжат жинап, кеңсе жағалаудың қажеті жоқ.

  • Еурохаттама тәжірибесін енгізу. Бұл – жол-көлік оқиғаларына қатысты құжаттарды тездетіп дайындауға септік етеді әрі көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру аясындағы төлемдерге қол жеткізуді жеңілдетеді, дейді мамандар. Жол-көлік оқиғаларына қатысты мәселелерді шешу барысын бірыңғай мобильді қосымшаға енгізіп, цифрландыру көзделген.

ҚР ҚНРД мамандарының түсіндіруінше, ұсынылған жаңа өзгерістерді толыққанды қолданысқа енгізуге уақыт керек, әсіресе, сала ішіндегі техникалық инфрақұрылымды жетілдіріп, тиісті программалық және техникалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін. Бұл тұрғыдағы жұмыстар биыл жыл соңына дейін де, алдағы жылы да жалғаса бермек.

Жалпылай алғанда, сақтандыру нарығы бойынша қазіргі таңда 15 нормативтік құқықтық акті дайын. Олар биылғы қыркүйек және қазан айларында қабылданады деп жоспарланған.

ІІ бағыт: қор нарығындағы жаңа мүмкіндіктер

ҚР ҚНРД деректеріне жүгінсек, елімізде қор нарығына қызығушылық танытушы инвесторлар саны жыл өткен сайын еселеп өсуде. Биылғы жылдың өзінде ғана бағалы қағаздар нарығына қатысушы азаматтардың есеп-шоттарының саны 67%-ға, яғни 365 мыңға дейін көбейген.

Бұл тұрғыда ел азаматтарының құқын қорғау үшін заңға тиісті талап енгізіліп, онда қор нарығында қандай да бір қызмет көрсететін кез келген қаржы ұйымына агенттік лицензиясын алу міндеті жүктелуде: мейлі ол ақпараттық, консультативтік, делдалдық не басқа да қызмет түрін ұсынса да.

Сонымен қатар, қор нарығындағы құралдар жөнінде білім, тәжірибесі аз дейтін инвесторлардың құқын қорғау мақсатында – қазақстандық брокерлерге клиенттің инвестициялық профилін міндетті түрде бағалау талабы қойылуда. «Инвестордың профилі оның білім деңгейі мен тәжірибесіне және қолындағы қаражат ауқымына қарай анықталады. Бағалау нәтижесіне орай оған алдағы ықтималды тәуекелдер аясында тиімді болатын қаржы құралдарының тізімі ұсынылады», - деп түсіндіреді агенттік мамандары.

Инвесторлардың құқын қорғаумен қатар, агенттік, жаһандық тұрақты даму ұстанымдарына сәйкес, жергілікті инвесторлар мен эмитенттер арасында ESG құралдарын (Environmental, Social, and Corporate Governance) танымал етуге жағдай жасауда. Бұл үшін Капитал нарықтарының халықаралық қауымдастығы (International capital Market Association – ICMA) ұсыныстарына сәйкес қазақстандық компанияларға тұрақты даму құралдарын шығаруға заңды тұрғыда мүмкіндік берілмек. Ал аталған облигацияларды орналастырудан түсетін қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуын тәуелсіз сарапшылар бақылауға алмақ.

Заңда, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығына кәсіби негізде қатысатын ойыншылардың қимыл-әрекетін реттеп, қадағалауды оңтайландыру ұсыныстары да қамтылған. Бұл тұрғыда агенттік енді компанияның көлемі мен оның жүйелік маңыздылығын есепке алмақ. «Бағалы қағаздар нарығындағы инвестицияларды әртүрлі манипуляциялардан қорғау үшін агенттік, бағалы қағаздардың құнына қатысты күдікті белгілері бар мәмілелерді анықтау критерийлерін кеңейтуде», - деп түсіндіреді ҚР ҚНРД мамандары.

ІІІ бағыт: банк қызметін жетілдіру ұсыныстары

Заңдағы жаңа ұсыныстардың бөлек топтамасы банк секторына бағытталған. Мысалға, агенттік мамандарының айтуынша, банктер мен банк холдингтерінің басшыларын бекітуді жеңілдету үшін енді реттеуші ұйым тарапынан алдын ала кешенді келісім беру қажеттілігі ескерілуде. Егер басқарушы қызметкер басқа ұйымдағы осы сипаттағы лауазымға ауысып жатса, оған қайтадан мұндай келісім алудың қажеті жоқ. Дегенмен, лауазымды қызметтегі басшыға қатысты біліктілік талаптары күшейе түспек, оның ішінде үміткердің жалпы еңбек өтілімі мен басқарушылық қызметтег жұмыс өтілімі бойынша да.

Заңда, сондай-ақ ірі микроқаржы ұйымдарын банктерге айналдыру жолындағы жаңа тетіктер де қамтылған. «Бүгінде микроқаржыландыру нарығында көлемі бойынша орташа банктерге жақындап қалған өзіндік ірі ойыншылар бой түзеуде. Сол себепті де ірі микроқаржы ұйымдарының бизнесін одан әрі кеңейтіп, банктерге айналдыруға жағдай жасауға объективті қажеттіліктір бар», - дейді ҚР ҚНРД мамандары.

Олардың айтуынша, бұл үшін банк лицензиясын алу талаптары толығымен орындалуы тиіс, оның ішінде 10 млрд теңге көлеміндегі ең төменгі жарғылық капитал талабы да бар. Айтқандай, банк атануға ниетті микроқаржы ұйымы банк лицензиясын алғанша, бизнесті қаржыландыру жөніндегі бастапқы қызметін жалғастыра береді.

Агенттік мамандарының түсіндіруінше, микроқаржы қызметіне қатысты қолданыстағы заңда жеке тұлғаға 50 АЕК-ке дейінгі мөлшерде және 45 күнге дейінгі мерзімде микрокредит беруде ерекше шарттар қарастырылған. Мысалға, микрокредит бойынша сыйақының шекті шамасына және өсімпұл мөлшеріне шектеу қойылған.

Заңда микрокредит бойынша артық төлем сомасын екі есе төмендете отырып, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алушылардың борыштық жүктемесін қысқарту мүмкіндігі де қарастырылған: микрокредит сомасының 100%-нан 50%-ға дейінгі шамада. Ал борыштық жүктемені дұрыс бағалау үшін – берілген кредиттер туралы ақпараттарды Кредиттік бюроға ұсыну мерзімін қысқарту ұсынылған: 15-тен 1 жұмыс күніне дейін. Осы кезеңде қарыз алушыға кредит беру фактісі тіркеліп, қарыз алушыны сәйкестендіру мәліметі жеткізілуі тиіс. Заңға енгізілген өзгерістер толыққанды қолданысқа түскенде, кредитке белшесінен батқан тұлғалар жаңа қарыз ала алмайды деген сөз.

ҚР ҚНРД мамандарының айтуынша, қазіргі таңда екінші деңгейдегі банктер мен банк холдингтері тарапынан finteh-компанияларға, қаржылық емес ұйымдарға инвестиция салу мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі де қарастырылуда. Бірақ мұндай инвестициялардың көлеміне өкілетті органның құқықтық нормативтік актісі деңгейінде шектеу қойылмақ.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить