Қаржы нарығы: Сарапшылардың болжамы көңілдегідей емес

21327

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) сараптамалық орталығы оқырман назарына 2022 жылдың сәуір айына қатысты кезекті шолуын ұсынды

ФОТО: © Depositphotos.com/saknakorn

Нарық ішіндегі кәсіби мамандардың пікіріне негізделген бұл шолу қаржы, банк, сақтандыру нарықтарының, брокерлік ұйымдардың өкілдері мен сараптамалық, қазыналық бөлім қызметкерлері арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы болып табылады.

Шолуда төмендегідей индикаторлар бойынша болжам жасалған:

  1. Brent маркалы мұнайының бағасы;
  2. АҚШ долларының қазақ теңгесіне шаққандағы бағамы;
  3. Инфляция көрсеткіші;
  4. Жалпы ішкі өнім;
  5. ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі.

ТҮЙІН

  • Геосаяси жағдай қиындап, әлемдік нарықтардағы құбылмалы толқулар үдей түскен тұста АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің монетарлық саясаты күшейіп, жаһандық инвесторлар дамушы нарықтардағы активтерден бас тартуда. Бұл тұрғыда қазақстандық сарапшылардың ұлттық валюта бағамына қатысты болжамдары орташа негативті деңгейде қалып отыр.
  • ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан сарапшылардың пайымынша, USD/KZT қатынасында 2022 жылдың мамыр айының басында 1 АҚШ доллары 472,9 теңгені құрауы ықтимал (қазір: 462,9 теңге), ал араға бір жыл салып, 1 АҚШ долларының бағамы 483,0 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.
  • Сарапшылар, сондай-ақ мұнайға деген сұраныстың артуын және АҚШ, ІЕА, ОПЕК+ елдерінің энергоресурстар нарығын қосымша ұсыныстармен қаматамасыз ету жөніндегі іс-шараларын есепке ала отырып, мұнай бағасына қатысты өз болжамдарында, баға «ағымдағы мәннен алыстай қоймайды» деп көрсетеді: барреліне 105,3 доллар шамасында (қазіргі баға: 102,9 доллар төңірегінде).
  • Ел ішінде инфляцияның өсе түскенін алға тартқан сарапшылар (наурызда 12%-ға дейін), бір жылдан соң инфляцияға қатысты орташа көрсеткіш 9,4%-ды құрауы мүмкін деп отыр. Айта кету керек, сауалнамаға қатысқан серіктестер бұған дейінгі болжамында келесі жылдың инфляциясын 8,3% деңгейінде деп бағалаған болатын. Дегенмен, инфляцияға қарсы мәлім етілген шаралар нәтижесінде, бір жылдан кейін инфляция көрсеткіші 8–10% шамасындағы диапазон ернеуіне қайта оралады деген үміт те жоқ емес.
  • Базалық мөлшерлемені ақпан айында 13,5%-ға дейін көтерген Ұлттық Банк, наурызда осы деңгейді сақтап қалды. Бұл орайда сарапшылардың басым бөлігі (65%-ы) ел ішіндегі ақша-кредит жағдайы 25 сәуірде де өзгеріссіз қалады деп күтеді. Өз кезегінде, сауалнамаға қатысқандардың 29%-ы «базалық мөлшерлеме 14,0%-ға дейін өседі» деген пікірде, ал қалған 6%-ы – «мөлшерлеме төмендейді» деген болжам айтады.
  • Әлемдік инфляция жеделдеп өсіп, энергоресурстарды жеткізу барысында көптеген іркілістер туындап жатқан кезеңде пайыздық мөлшерлемелердің жоғары көрсеткіші экономика қарқынын барынша баяулатып жіберуі ықтимал. Айта кетейік, Fitch 2022 жылы әлемдік экономикадағы өсу көрсеткіші 3,5%-ды құрайды деп бағалайды, рейтингтік агенттіктің бұған дейінгі болжамы 4,2% болатын. 2022 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылау аясында, Қазақстанның ЖІӨ көрсеткішінің өсу болжамы қайта қаралып, бұған дейін мәлімделген 3,9% деңгейден 2,1%-ға дейін төмендетілді. Бұл тұрғыда отандық сарапшылар, еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсу көрсеткіші келесі жылы 3,1%-ды құрайды деп есептейді. Олардың бұған дейінгі болжамы 3,4% шамасында болатын.
   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube