Ақпан болжамы: Экономика әлі де баяу

20076

Мұнай бағасы одан әрі өсіп, инфляция жеделдеп, экономиканың баяулауы әрі қарай жалғаса бермек. Отандық сарапшылардың болжамы біршама пессимистік сарында

ФОТО: © Depositphotos.com/Valeriy_Golovin

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) 2022 жылдың ақпанындағы жағдай бойынша нарық ішіндегі бірқатар индикаторларға қатысты кезекті шолуын жария етті. Зерттеу нәтижесі қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың пікіріне негізделген.

ҚҚҚ талдау орталығы келтірген мәліметте, зерттеу барысында «банк, сақтандыру, брокерлік ұйым өкілдері, талдау және қазынашылық бөлімшелері қызметкерлерінің пікірі зерделенді» делінген. Ал зерттеу нысаны ретіндегі негізгі индикаторлар ішінде төмендегі көрсеткіштер есепке алынған: Brent маркасындағы мұнай құны, Ресей рубліне шаққандағы АҚШ долларының құны, Қазақстан теңгесіне шаққандағы АҚШ долларының құны, инфляция және жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіштері, ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі.

Кәсіби ойыншылар арасында сауалнама жүргізген ҚҚҚ зерттеушілері, нарық ішіндегі ақпандағы жағдайды былайша қорытындылайды:

  • Валюта нарығын тұрақтандыруға қатысты шаралар мен мұнай бағасындағы оң динамикаға қарамастан, теңге бағамы бойынша сарапшылардың ақпандағы болжамы айтарлықтай жақсара қойған жоқ.
  • Сауалнамаға қатысқан кәсіби ойыншылардың болжамынша, 2022 жылдың наурыз айының басында USD–KZT бағамында 1 АҚШ доллары 436,6 теңгені құрамақ (ағымдағы көрсеткіш 431,3 теңге). Сарапшылар, сондай-ақ араға бір жыл салып, АҚШ долларының бағамы 449,2 теңгеге дейін өседі деген болжам айтады. Олардың пайымынша, бұған Федералды резервтік жүйе тарапынан монетарлық саясаттың күшейтілуі және сауалнама жүргізу барысындағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі ықпал етсе керек.
  • Шикізатқа деген сұраныс бірден өз қалпына келгенімен, нарық ішіндегі ұсыныс жеткіліксіз деңгейде қалады деген пайымдар мұнай котировкаларының 20%-ға дейін өсуіне септік етті (2021 жыл бойынша өсім – 50%). Сәйкесінше, мұнай бағасына қатысты ортамерзімдік болжамдар да біршама жақсарды: бір баррельге 82,1 доллардан келуі ықтимал деген тұрғыда (бұған дейінгі болжам 79,1 доллар шамасында-тын).
  • Инфляцияның шарықтауы байқалып отырған тұста (қаңтар айында 8,5%-ға дейін) және шикізат нарығындағы белсенділік кезеңі мен инфляцияға қарсы қысымның күшеюі аясында бір жылдан кейін орын алуы ықтимал инфляцияның орташа бағасы 8,3%-ға дейін өсіп отыр (бұған дейін 7,4% шамасында деп болжанған-тын). Сарапшылардың айтуынша, инфляцияға қарсы жария етілген ауқымды шаралардың әсері орта және ұзақ мерзімді сипат алуы мүмкін, бірақ, бұл арада, жанар-жағар май бағаларын реттеу мәселесі ағымдағы жылдың ортасына дейін деп белгіленгенін де ұмытпау керек.
  • Биыл қаңтар айында базалық мөлшерлеме 10,25%-ға дейін көтерілгенін алға тартқан сарапшылардың басым бөлігі (60%-ы), ақша-кредит шарттарының ағымдағы жағдайы 9 наурызда да өз күшінде қалады деген пікірде. Сарапшылардың енді бір бөлігі (40%-ы) – базалық мөлшерлеме 10,50%-ға дейін көтерілуі ықтимал деген болжам айтады.
  • Әлемдік инфляцияның жеделдеп өсуі мен Сovid-19 індетінің сейіле қоймаған келеңсіз ықпалы 2022 жылы да экономиканың өсуіне кедергі келтірер негізгі факторлардың бірі болмақ. Әлемдік экономиканың өсу көрсеткішін Халықаралық валюта қоры қазір 4,4% деңгейінде бағалап отыр, бұған дейінгі болжам 4,9% деңгейінде болатын. Сәйкесінше, Қазақстанның ЖІӨ көрсеткішіне қатысты сарапшылар болжамы да 3,6%-дан 3,4%-ға дейін төмендетілді.

ҚҚҚ ЕСКЕРТЕДІ

Отандық нарықтағы бірқатар индикаторлар бойынша ақпан айына қатысты талдау жасаған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы өз зерттеулерінде: «Бұл нәтижелер инвестициялық ұсыныс болып табылмайды және тәуелсіз сарапшылардың пікірлерін ғана көрсетеді, сондай-ақ ұсынылған ұйымдардың ресми пікірі емес» деп ескертеді. Яғни, ҚҚҚ және зерттеуге қатысқан өзге де кәсіби ойыншылар, аталған шолуда ұсынылған болжамдар бойынша жауапкершілік жүктемейді. Қаржыгерлер қауымдастығының зерттеушілері: «Аталған болжамдар нақты бір кезең аралығына қатысты сарапшылардың өз пікірі ғана» деп көрсетеді.

«Қаржы және тауар нарықтарындағы бағалардың өзгеруі – сипаты мен әсері бойынша әлемде болып жатқан көптеген оқиғалардың салдары болып табылады», - деп мәлімденген ҚҚҚ шолуында. Зерттеушілердің ескертуінше, болжам жасау барысында бірқатар жорамалдың өзектілігі әп сәтте жойылып кетуі де мүмкін. Қаржыгерлер қауымдастығы, оқырмандарға, бұқара алдында жария етілген кез келген жорамал, болжамға мейлінше сақтықпен қараған дұрыс деген кеңес береді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить