2023 жылы банктер ESG талаптарын оқуға мән бермек

17443

Апта басында Орталық Азиядағы экологиялық зерттеулер институты (CAIER) тұрақты даму саласындағы сарапшылар мен Қазақстанның ірі бизнес өкілдерінің бейресми кездесуін өткізді

ФОТО: CAIER

Кәсіби пікірталас «Қазақстан экономикасының банк және нақты секторларында ESG-тәуекелдерді қалай басқаруға болады?» тақырыбына арналды. Іс-шараға қаржы және шикізат компанияларының жиырмадан астам топ-менеджері қатысты.

Мемлекеттің орнықты даму саласындағы ұстанымын ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ұсынды. Агенттік басшысы 2023 жыл ESG саласындағы оқыту іс-шараларына арналатынын, сондай-ақ 2024 жылдан бастап ESG-тәуекелдер банк секторының жыл сайынғы стресс-тестілеу процесіне енгізілетінін еске салды.

Кездесу барысында отандық сарапшылар тұрақты даму саласындағы практикаларды ортаға салып, оның ішінде, ESG талаптарын қалай сақтау керек, заң шығарушылар мен тұтынушылар тарапынан ESG басымдықтарына сәйкес келмейтін салаларға қалай қысым көрсетіледі дегендей тақырыптарды талқылады.

ФОТО: CAIER

 

ESG саласындағы сарапшылардың бейресми отырыстары тұрақты негізде өткізіледі деп жоспарлануда. Келесі кездесу 2023 жылдың ақпан айында іскерлік ойын форматында өткізілмек.

Айта кетейік, ESG (Environment, Social, Governance) – тұрақты даму мақсаттарына жетудегі негізгі құралдар жиынтығы. Экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару сынды бұл үш фактор бизнеске бағытталған инвестициялардың тұрақтылығы мен әлеуметтік әсерін бағалауда, жалпы, компаниялардың алдағы қаржылық көрсеткіштерін анықтауда маңызды критерий саналады.

Бүгінде әлем елдерінің біразында инвесторлар белгілі бір бизнесті қолдап, оған инвестиция салуда одан түсетін табыс пен дивидендтерге ғана емес, бұл бизнестің не жекелеген компанияның қоршаған ортаға, қоғамға әсерін бағалап, ескеруге де түпкілікті мән беруде.

Әлем бойынша дамыған елдерде бизнестің әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігі инвесторлар үшін елеулі көрсеткіш саналады. Мысалға, Еуропада активтердің жартысынан астамын қаржылық емес факторларды негізге алған инвесторлар басқарады, ал институционалдық инвесторлардың 97%-ы компанияларға инвестиция құймас бұрын, олардың қоршаған орта мен қоғам алдындағы жауапкершілігін мұқият тексеріп, бағалайды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить