Орталық депозитарий: қосалқы шоттар саны 221 мыңға жетті

12266

«Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» акционерлік қоғамы (Орталық депозитарий) 2021 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша жылдық есебін жария етті

ФОТО: © Depositphotos/bacho123456

Онда Орталық депозитарийдің 2022–2024 жылдарға арналған даму векторын анықтайтын стратегиялық құжаттар туралы ақпарат ұсынылған. Бұл құжаттардың бірқатары бүгінгі таңда қабылданған, ал енді бірі – әлі де әзірлік үстінде, деп хабарлайды «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі».

Айта кетейік, Орталық депозитарий жария еткен мәліметтерге сай, былтырдан бері еліміздегі депозитарлық қызметтер бойынша негізгі көрсеткіштер сенімді түрде өсіп келеді.

Мысалға, 2021 жылы Орталық депозитарийде қызмет көрсетуге қабылданған номиналды ұстаудағы активтердің ауқымы 25%-ға, яғни 105,1 трлн теңгеге дейін (2020 жылы +28%), ал ашылған қосалқы шоттардың саны 62%-ға, яғни 221 мыңға дейін (2020 жылы +13%) ұлғайған.

Сол сияқты, бағалы қағаздар эмиссиясының саны 142-ге, яғни 1 316 атауға дейін артса (2020 жылы +13), өңделген транзакциялар саны 84%-ға өсіп, 654 мың транзакцияға дейін жеткен (2020 жылы +46%).

Бұдан бөлек, Орталық депозитарийдің комплаенс-жүйесін жетілдіру барысында 2021 жылы кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы (КЖ/ТҚҚ) ұлттық және халықаралық заңнама талаптарына сай қаржы мониторингіне жататын операцияларды анықтауға арналған Anti-money laundering (AML) жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі».

Айтқандай, қор нарығында икемді инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында Орталық депозитарийдің 2022–2024 жылдарға арналған Даму стратегиясында: депозитарлық қызмет, бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарын ұстаушылар тізімі жүйесін жүргізу, банктік операциялардың жекелеген түрлері, бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығында сауда-саттықты ұйымдастыру, корпоративтік әрекеттер хабы, қызметтердің экожүйесін дамыту сынды негізгі алты бағыт бөліп көрсетілген.

Сонымен қатар, Орталық депозитарий тәуекелдерді басқару және ақпараттық қауіпсіздік пен үздіксіз қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мәселелерін алдағы уақытта да ұдайы назарда ұстамақ.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить