Банктердің басынан бұлт көше ме әлде үйіріле ме?

5066

Әлем экономикасы қазір ковидке дейін және ковидтен кейін деп екіге бөлінетін болды. Бізде де солай. Ковидке дейін 2019 жылы ІЖӨ-нің жылдық өсім көрсеткіші 4,5% болған еді. Сол жылы ІЖӨ-дегі банктік сектордың үлесі 38,4% шамасында болғанынан хабарымыз бар. Өткен жылы ІЖӨ өсімі 2,6%-ға азайды

ФОТО: © ready-steady

Демек, банктердің үлесі де кеміді деген сөз. Moody’s Investors Servise халықаралық рейтинг агенттігі сарапшыларының жариялаған деректеріне қарағанда, банктік кредиттер ІЖӨ-нің 23%-ын құрайды. Әрине, бұл жерде біз еліміздің банктік жүйесінің аса үлкен емес екенін ескереміз. Жыл басында банктердің биылғы қызметіне болжам жасаған S&P Global Ratings сарапшылары: «2021 жылы Қазақстанда жүргізілген зейнетақы реформасы мен бағдарламаларға көрсетілген мемлекеттің қолдауы нәтижесінде экономиканың белсенділігі артады, осыған орай банктердің кредиттік портфелі номинал түрде айтқанда 8–10%-ға (нақты айтқанда, 1,5–3,5%) ұлғаяды, – деген еді. Сарапшылар банктік сектордағы өсімге ІЖӨ өсімі (болжам 3,2%) ықпал етіп, септігін тигізетінін айтқан.

Таяуда осы Moody’s Investors Servise рейтинг агенттігі Қазақстанның банк жүйесіне жасаған болжамында рейтингті «жағымсыздан» «тұрақтыға» өзгертті. Оған қандай себептер ықпал етті? Агенттік сарапшыларының айтуына қарағанда, жүйе құраушы төрт банк (олардың жиынтық активтері жүйедегі актив мөлшерінің үштен екісіне ие) өткен жылғы экономикалық дағдарыс кезінде тұрақты жұмыс істеген және бүгінгі таңда да қызметін қалыпты жалғастыруда. «Бұл төлем қабілеті әлсіз басқа бірнеше ұсақ банктерге қатысты тәуекелді жабады. Биыл экономикалық өсім пандемияға дейінгі көрсеткіштен асып, 3,5%-ға артады, өйткені өндіріс бірте-бірте қалыпты жұмысқа көшіп жатыр әрі шикізат тауарларының бағасы да тәуір деңгейде қалыптаса бастады. Бұл тұтынушылардың шығыны мен кірісінің артуына алып келеді, ал оның банктік қызметке тікелей қатысы бар. Банктің негізгі тұтынушылары бөлшек клиенттер мен шағын және орта бизнес болғандықтан, бұл жағдай оларға қолайы. Ал кредит өсімі тұрақты жағдайында қалады, оған Ұлттық банктің инфляциямен күрес тұсындағы қымбат пайыздық мөлшерлемесінің ықпалы болады. Проблемалық кредиттер қазіргі 18%-дан 16% шамасына түсуі ықтимал. Бұл енді оларды есептен шығаруға байланысты жүзеге асады», – дейді агенттік сарапшылары БАҚ-қа таратқан хабарламасында.

Әрине жүйеқұраушы банктердің жағдайы мен шағын банктердің ахуалы салыстыруға келмейді. Ірі банктердің «қолы ұзын» тығырықтан шығуға түрлі жол табады, мұнда ұсақ банктердің жай-күйі күрделі. «Сондықтан ірі банктер өз табысының белгілі бір бөлігін ғана ұстап, дивиденд төлеуге негізінен жеке капиталын пайдаланады, ал шағындары нормативті минимумға жақын капитал коэффициентін сақтай отырып, провизияны ұлғайтуға күш салады. Төлем қабілеті төмен банктер күрделі экономикалық жағдайда бір-бірімен бірігіп, бас құрауы әбден мүмкін және одан үрейленудің еш қажеті жоқ. Банк саласында жиі кездесетін жағдай», – дейді қаржы сарапшысы Әйгерім Қайыржан.

S&P Global Ratings сарапшыларының жазуына қарағанда, шынында да ұзақ жылдар бойы елімізде ІЖӨ-ге қатысты кредиттік портфель көрсеткіші төмендеп, 23% деңгейінде тұрақтаған. Ал 2008 жылы көрсеткіш 55% болыпты. Мамандар «соңғы жылдары банктер проблемалық кредиттерді тазалау жөнінде үлкен жұмыс жүргізді, соның нәтижесінде жаңа бизнеске назарын тіктеп, өсімге қол жеткізе алады» деген пікірді де көлденең тартуда. Қаржыгер, жергілікті сарапшы Жасұлан Күшебаев: «Әйтсе де, мұндай өнімнің сапасы белгілі бір деңгейде андеррайтинг стандарттарына қатысты болмақ, өйткені, кредит берудің агрессивті тәжірибесі уақыт өте келе тағы да «тазалау» жұмыстарын талап етуі мүмкін. Бұл тәуекелі тым жоғары шаруа», – дейді басылымға берген түсініктемесінде.

ФОТО: © ready-steady

Банктердің портфеліндегі бірнеше жылдан бері қордаланған ірі проблемалық активтер S&P Global Ratings сарапшыларының айтуына қарағанда, қазақстандық банктерден тысқары шығарылған. «Сондықтан біз проблемалық активтерді банктік емес ұйымдарға сатуда қандай да бір ірі сауда мәмілелерін (2016–2019 жылдары «Қазкоммерцбанк» пен «Цеснабанкті» қаржылай сауықтыру шаралары сияқты) күтпейміз. Қазақстандық банктер жаңа бизнес түрлерін дамытуға ден қоюы ықтимал», – дейді. Ал сарапшы Жасұлан Күшебаев болса алдағы уақытта банктердің қысқару, жабылу, бір-бірімен қосылу, тіпті жұтылу процесі жүре беретінін айтады.

«Мұның бірнеше себебі бар, – дейді ол, біріншіден, экономиканың әлсіз дамуы, оқтын-оқтын орын алып тұратын девальвация, үкіметтің инфляцияны ауыз-дықтай алмауы салдарынан осындай оқиғаларға жол беріледі. Осылардың салдарынан, екіншіден, халықтың төлем қабілеті төмендейді. Бұл сұранысты азайтады. Халықтың табысын кемітеді. Банктердің негізгі қызметі депозит тартып, несие беру болғандықтан, мұндай дәстүрлі қызметтер қарқынды дами алмай, іске тосқауыл қояды. Инфляция деңгейіне қатысты салымшылар теңгелей депозитке құлықсыз, ал АҚШ долларының 1 пайыздық мөлшерлемесі корпоративтік клиенттерді былай қойғанда, қарапайым салымшыларды аса қызықтырмайды. Сондықтан корпоративтік клиенттер қолындағы қаржысын акцияға, құнды қағаздарға, облигацияға және т.б. нұсқаларға салуды жөн көреді».

Ал «Halyk Bank» басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың пікірінше, жыл бастамасы жаман емес. «Қазақстанның қаржы нарығына халықаралық сарапшылар жақсы баға берді. Ең бастысы, ковидке қарсы вакцина қажетті деңгейде бар, демек мұнай бағасы өседі. Тұтынушылардың сұранысы артады, өндіріс бірте-бірте қарқын алады. Банктің дамуы мемлекеттің бағдарламалардың орындалуына, базалық мөлшерлемеге, инфляция мен айырбас бағамына қатысты болмақ. Банктердің өзара бірігуі, сөйтіп күшеюі жалғасын табады. Дәл қазіргі жағдайда нарыққа халықаралық банктер келе қоймасы анық. Өйткені, әлемде ортақ экономикалық ахуал қалыптасқан. Жергілікті банктер технологиялық өнімдерді жетілдіре түседі. Бөлшек клиент үшін, сонымен бірге шағын және орта бизнес клиентіне бәсеке нығайды. Клиенттердің әсіресе жеке клиенттердің талабы аса жоғары, сондықтан әр клиентке жеке көңіл бөлу қажеттілігі туындауда», – деген ойын жеткізді.

Біздің анықтама:

2017 жылы Қазақстанда екінші деңгейлі 34 банк жұмыс істеген. 2019 жылы олардың саны 27-ге қысқарған. Қазір біздің елімізде 25 банк қызмет етеді

Мәтіні: Гүлзат Нұрмолдақызы

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить