Тұтыну нарығы: 2022 жылы халықты алаңдатқан басты мәселе – бағаның өсуі болған

16928

Инфляцияның шарықтап өсуі қазақстандықтардың тұтыну нарығындағы қимыл-әрекетіне өзіндік өзгерістер енгізуде

ФОТО: © Depositphotos.com/ASphoto777

Тұтынушылар арзан баға сегменттеріне қарай ығысуда...

Тұтынушылық оптимизм индексін өлшеумен айналысатын Nielsen Қазақстан компаниясы сарапшыларының айтуынша, 2022 жылы қазақстандық тұтынушыларды алаңдатқан негізгі мәселенің бірі – күнделікті сұраныстағы тауарлардың (FMCG: fast-moving consumer goods) еселеп қымбаттауы болса керек.

Алаңдауға негіз болған түйінді мәселелер тізімін сарапшылар былайша қорытып көрсетеді:

Nielsen Қазақстан (қазақстандықтардың ІІІ тоқсандағы тұтынушылық оптимизмі индексі бойынша есеп, 2022 жыл, желтоқсан)
Nielsen Қазақстан (қазақстандықтардың ІІІ тоқсандағы тұтынушылық оптимизмі индексі бойынша есеп, 2022 жыл, желтоқсан)

Зерттеу компаниясы жүргізген сауалнамаға қатысқан отандық тұтынушылардың 69%-ы, қазіргі таңда еліміз «экономикалық дағдарысты бастан кешуде» деген пікір айтқан.

Мадина Сейсенғалиева
Мадина Сейсенғалиева

Nielsen Қазақстан компаниясының коммерциялық директоры Мадина Сейсенғалиева бұл тұрғыда былай дейді: «Әрине, мұндай ұстаным отандастарымыздың тұтынушылық оптимизміне әсер етпей қоймайды, бүгінде қазақстандықтардың тұтыну нарығындағы қимыл-әрекетінде бірқатар өзіндік өзгерістерді байқауға болады. Мысалға, FMCG нарығы бойынша айтар болсақ, қазір тұтынушы қауым, көп жағдайда, промоакцияларды іздеуге мән бере бастаған. Сол сияқты, олар қажетсіз шығындардан аулақ болып, арзан баға ұсынатын дүкендер мен мейлінше арзан брендтерді іздей бастаған, былайша айтқанда, отандық тұтынушылар қазір төмен баға сегменттеріне қарай ығысуда. Және де қазір қазақстандық сатып алушылардың 80%-дайы сауда жасамас бұрын керек заттардың тізімін жасағанды жөн көреді».

Сарапшының айтуынша, 2016 жылы ел ішіндегі дүкендердегі бағаларды салыстыруға қазақстандықтардың 38%-ы мән берген болса, 2022 жылы бағаларды салыстыруға тұтынушылардың 49%-ы  көңіл бөлгені анықталған. Мадина Сейсенғалиева, 2022 жылы қазақстандық сатып алушылар дүкен сөрелерінен өздері іздеген заттарды «түгелдей таба алды» дей алмаймыз деп отыр. Соған қарағанда, былтыр отандық дүкендерде күнделікті қолданысқа қажет тауарлардың жетіспеушілігі көрініс берсе керек.

Айтпақшы, өз зерттеуінде  Nielsen Қазақстан 2022 жылдың тамыз айында елімізде инфляция қарқыны шарықтап өскенін еске салады: сол тұста бірқатар өнімдердің бағасы 25%-дық шектен асып түскен болатын.

Ал 2022 жылдың қазанында инфляция қарқыны 18,8%-ға дейін жетті, бұл – 2016 жылдың қыркүйегінен бергі кезеңдегі ең жоғары деңгей деуге тұрады.

2021 жылмен салыстырғандағы 2022 жылы бағаның өзгеруі

Nielsen Қазақстан (қазақстандықтардың ІІІ тоқсандағы тұтынушылық оптимизмі индексі бойынша есеп, 2022 жыл, желтоқсан)
Nielsen Қазақстан (қазақстандықтардың ІІІ тоқсандағы тұтынушылық оптимизмі индексі бойынша есеп, 2022 жыл, желтоқсан)

Бренд өнімдеріне деген ықылас азаюда...

Өз кезегінде, BRIF Research Group зерттеу компаниясының директоры Александр Рузанов та, қазір Қазақстандағы тұтынушылардың «қимыл-әрекеті мен мінез-құлқында бірқатар өзгерістер анық байқалуда» деген пікір айтады. Бұл тұрғыда, ол, тұтыну нарықтары мен тұтынушылардың әрекеттеріне барынша ықпал етіп отырған екі мегатренд бар деп көрсетеді.

Александр Рузанов
Александр Рузанов

Сарапшының түсіндіруінше, инфляцияның шарықтауы аясында халықтың негізгі бөлігінің табыс деңгейі төмендеп кетті және де бұл үрдіс бүгінгі таңда әрі қарай жалғасуда. Сол себепті де халықтың шығысы табысынан басым түсіп отыр.

«Осынау мегатрендтің алғашқы көрінісі сонау 2008 жылғы жаһандық дағдарыс аясында байқалып, түзіле бастады. Ал 2012 жылы ол мейлінше тереңдей түсті. Содан бері біз тұтынушылық санада жаппай дағдарыстық мінез-құлық, қимыл-әрекет қалыптасып, нығая түскенін байқап отырмыз. Бұл, мысалға, сатып алушылардың басым бөлігінің арзан сегменттерге көшіп, бренд өнімдеріне деген ықыластың азаюы түрінде көрініс беруде. Қазіргі таңда жұртшылық тарапынан әртүрлі промоакцияларға, жеңілдетілген тауарлар мен дискаунтерлерге деген сұраныс басым. Үнемдеу мақсатында көптеген отбасылар көтерме саудаға барынша мән беруде. Сол сияқты, кез келген отбасының шығындарында, қазір, айталық, азық-түлік үлесі өсе түсті десек, қателеспейміз», - дейді Александр Рузанов.

Сарапшының пікірінше, екінші мегатренд деп онлайн сауда ауқымының қаулап өсуін айтуға болады.

«Ия, бұл тренд пандемияға дейін де болған, бірақ локдаун кезінде интернет-дүкендердің өсу қарқыны біз күткеннен де асып түсіп, дәстүрлі сауданы жолда қалдырды. Пандемия экспресс жеткізулердің дамуына да керемет серпін берді. Бұл сала шопинг табиғатын әлі де өзгерте түсетіні анық. Айталық, тұтынушылардың мінез-құлқындағы әлеуметтену функциясы біртіндеп жойылып, сатып алу, тапсырыс беру экономикасын саналы түрде басқару функциясының маңызы арта түспек», - дейді ол.

Сондықтан да, дейді Александр Рузанов, бренд өнімдерге деген сұраныс төмендеп, бұл секторда бірқатар қиындықтар туындауы ықтимал: «Экономикалық қиындықтар аясында, халықтың бренд өнімдеріне деген қызығушылығы біршама төмендеп, өнім таңдауда жұрт эмоционалдық ұстанымнан гөрі, баға мен сапа көрсеткішіне негізделген прагматизмге мән бере бастайды».

Сарапшының айтуынша, тұтыну нарығының үлесі өсіп, мұндағы айқындылық, ашықтық көрсеткіші артқан сайын, бренд өнімдерін ұсынатын секторға тұтыну нарығымен бәсекеге түсуі қиындай береді.

«Саудаға шығарылған ассортимент тұтынушының назарына толық ұсынылып, баға мен тауарға қатысты пікірлер жиынтығы берілген маркетплейс бүкіл нарықты жаулап алғанда, онымен бәсекеге түсу оңайға соқпайды. Меніңше, алдағы уақытта маркетплейстер мен жеткізу қызметтерінің үстемдігі арта түседі. Жеткізу қызметтері барлық сатып алулар бойынша деректерді біріктіріп, талдай алады, сонымен қатар, олар жергілікті және жалпы, ел ішіндегі нарықтардағы сұраныс пен ұсынысты қамти алады. Сәйкесінше, олар осы деректерді қолдана отырып, өз ықпалын нығайтып, кеңейтуге мән бере бастайды», - деп есептейді BRIF Research Group директоры.

Тауар жеткізудің кешенді қызметіне сұраныс артуда

Айтпақшы, бұл пікірмен Қазақстандағы Glovo компаниясының баспасөз қызметі де келісіп отыр.

«Бүгінде жеткізу қызметі мейрамханада әзірленген тағам түрін әкеліп берумен шектелмейді. Электрондық коммерцияның дамуымен, жеткізу қызметінің сипаты да өзгерген. Онлайн сатып алу мүмкіндігі артқан сайын, тұтынушылар жылдамдық факторына барынша мән беруде. Қазір жұрт өздеріне қажет тауарларды «жедел түрде» сатып алып, оның өздеріне «жылдам түрде» жеткізілгенін қалайды. Біз мұны Қазақстандағы Glovo қосымшасының сараптамасынан көріп отырмыз: 2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылы супермаркеттерден тауар жеткізу көрсеткіші +277%-ға өскен», - дейді компанияның баспасөз қызметі Forbes.kz сайтына берген мәліметінде.

Олар, сондай-ақ, бүгінде электрондық коммерция FMCG нарығын толығымен түрлендіріп, өзгертті, деп отыр. Мысалға, дарк-стор, фулфиллмент-орталық (кешенді қызмет) сынды ұсыныстар тұрмыста қажетті күнделікті тауарларды жеткізуді бұрынғыдан да жылдам ете түскен. Қазақстандағы Glovo мәліметінше, 2022 жылы компанияның экспресс жеткізу қызметінде сұранысқа ие болған өнімдер: картоп, банан, сүт және газдалған тәтті сусындар болған.

Компания мамандары, қазір қазақстандық тұтынушылардың таңдауында да өзіндік өзгерістер бар дегенді айтады. Айталық, бұрындары отандастарымыз, негізінен, мейрамханада әзірленген тағамдар мен азық-түлікке тапсырыс берсе, бүгінде косметикалық бұйымдар мен жеке гигиена заттарына деген сұраныс үлесі қарқындап өсуде: Clovo тұрақтаған 25 елдің ішінде осы санаттар бойынша тапсырыс орналастырған бірінші ел Қазақстан көрінеді.

Өз кезегінде, Nielsen Қазақстан сарапшыларының айтуынша да, бүгінде электрондық коммерция арнасындағы тұтынушылардың миссиясы оффлайндағы өнімдерді қамти бастаған:

Nielsen Қазақстан (қазақстандықтардың ІІІ тоқсандағы тұтынушылық оптимизмі индексі бойынша есеп, 2022 жыл, желтоқсан)
Nielsen Қазақстан (қазақстандықтардың ІІІ тоқсандағы тұтынушылық оптимизмі индексі бойынша есеп, 2022 жыл, желтоқсан)
: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить