Жүгенсіз инвесторға қоғамдық санкция жариялау мүмкіндігі бар ма?

31135

«Болашақта инвесторлармен жұмыс істегенде ұлттық мүддені қорғауға қабілетті ел екенімізді көрсетуіміз керек. Бұл мемлекетіміздің негізгі міндеті», дейді парламент депутаты

Фото: © Depositphotos.com/londondeposit

ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиыровтың пікірінше, еліміздегі ірі экономикалық нысандардың жеке инвестордың қарамағында болғаны орынды, бірақ келісімшарт жасасу барысында мемлекет инвестордың алдында нақты міндеттер қоюы тиіс, әсіресе, өндірісті модернизациялау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту төңірегінде...

Мәміле қарашаның соңында мәреге жете ме?

Бұған дейін хабарланғандай, 2023 жылдың 28 қазанында Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (АМТ) иелігіндегі Иван Костенко атындағы шахтадағы жарылыс салдарында 46 кенші қаза тапты. Артынша мемлекет басшысы үкіметке АМТ-мен арада инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Ал 31 қазанда ел үкіметі АМТ меншігін мемлекет қарамағына алу туралы мәміле шешуші кезеңге жетіп қалды дегенді мәлім етті.

Әлбетте, мұндай мәміле төңірегінде келісім жүріп жатқанынан хабарсыз қоғам іші атқарушы биліктен жөн сұрауы тағы орынды.

9 қарашада парламенттің жоғарғы палатасында сенаторлардың сұрағына жауап берген ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев: «Біз АМТ-ның акционерлер құрамынан толық шығатыны, сондай-ақ бұл процеске мейлінше тездетіп жету туралы келісімге келдік және оны осы айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бірақ мәміле ресми рәсімделіп, жабылған жоқ, сондықтан бізде оған қатысты шарттарды жария ету құқығы жоқ. АМТ – нарықта саудаға шыққан бұқаралық жария компания, бұл тұрғыдағы ақпаратты тек ресми түрде құжаттарға қол қойылған соң ғана жария етеміз», - деді.

Өз сөзінде министр Шарлапаев, АМТ – бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі металлургиялық комбинат және онда 32 мың адам жұмыс істейді, компанияның жылына 4,4–4,8 млн тонна болат қорыту әлеуеті бар деп көрсетті. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда компания жылына 3,2 млн тонна шамасында болат қорытады.

Айта кетейік, 6 қарашада жария етілген ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен ArcelorMittal Теміртаудың бірлескен хабарламасында бұл тұрғыдағы келісім бірнеше айдан бері жүріп жатқаны айтылды.

«Сіздер Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ArcelorMittal компаниясының ArcelorMittal Temirtau меншігін Қазақстан Республикасы Үкіметіне беру жөніндегі хабарламалары туралы хабардар болуыңыз мүмкін. Бұл келіссөздер бірнеше ай бойы жүргізілді және АМТ-ның, сондай-ақ оның еншілес кәсіпорындарының болат және тау-кен операциялары қызметінің болашағына қатысты жақында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ArcelorMittal алдын ала келісімге келді», - делінген бұл хабарламада.

Бұл құжатқа қол қойған екі тарап АМТ клиенттері мен мердігерлеріне, жеткізушілеріне қарата айтқан уәдесінде AMT-мен байланысты барлық құқықтар мен міндеттемелер (оның ішінде Теміртау металлургиялық зауыты, көмір бөлімшесі, Өркен, еншілес кәсіпорындары, Ақтау құбыр зауыты және ТМД елдеріндегі өкілдіктері де бар) сақталады деп көрсетеді.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі және АМТ, компанияның барлық құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде тапсырыс берушілермен жеткізу келісім-шарттары, тауарлар мен қызметтерді қабылдау, оның ішінде жеткізушілерден мердігерлік қызметтерді қабылдау, қызметкерлер алдындағы міндеттемелердің сақталуы және т.б. бөлігінде бизнестің толық жалғасуын қамтамасыз етеді. Тапсырысты брондау, келісім-шарт жасау, жөнелту, шот-фактура жасау және жеткізушілермен келісім-шарт жасауды қоса алғанда, AMT бизнес-процестері әдеттегідей тәртіпте жұмыс істейді деп сеніммен айта аламыз», делінген екі тарап бірлесе қол қойған бұл құжатта.

Құпия инвестормен арадағы құпия мәміле

Астана қаласының адвокаттар коллегиясының адвокаты Ержан Болатбек,  еліміздегі ең ірі көмір бассейнін Лакшми Миттал құрылымдарына беру туралы 1995 жылы жасалған инвестициялық шарт бүгінге дейін құпия сипаттағы құжаттардың бірі екенін еске салады.

Ержан Болатбек
Ержан Болатбек

«Бірақ әр кездері жарық көрген ақпараттарға сүйенсек және сол кездегі Қазақстан мен ел билігінің жағдайын ескерсек, бұл шарт біздің елге аса тиімді етіп жасалмаса керек. Біздің ел үшін ең тиімді жол осы инвестициялық шартты екі жақтың келісімі бойынша үзу. Себебі басқа жағдайда мәселе ұзақ жылдарға созылып, соңында Қазақстанға тиімсіз шешімге алып келуі мүмкін», - дейді заңгер.

Ал мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, Қазақстан болашақта инвесторлармен жұмыс істегенде – АМТ-ға қатысты соңғы жылдардағы барлық апатты оқиғалар мен шешімін таппаған түйінді мәселелерді әрқашан ойда ұстап, ұлттық мүдделерді қорғауға қабілетті ел екендігін көрсетеуі керек.

«Бұл біздің мемлекетіміздің ел, халық алдындағы міндеті. Әрине, ірі экономикалық нысан жеке инвестордың қарамағында болғаны дұрыс. Бірақ келісімшарт жасаған кезде, ең бірінші, өндірісті модернизациялау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту сынды мәселелер бойынша мемлекет инвестордың алдында нақты міндеттер қоюы тиіс», - дейді ол. 

Адвокат Ержан Болатбек болса, осы жолы АМТ-ның әлеуетті инвесторымен арадағы барлық келісім мен қарым-қатынас ашық негізде жүргізілуі керек дегенді алға тартады.

«Конституциямыздың 6-бабына сәйкес жер жəне оның қойнауы, табиғат ресурстары халыққа тиесілі, ал 1-бапқа сәйкес Республикамыздың түбегейлі принципі ретінде бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму көзделген. Осы орайда мемлекет қаншалықты осы принциптерді көздейтін, елімізге тиімді болатын келісім жасағанын халық көріп, білуі керек», - дейді Астана қаласының адвокаттар коллегиясының адвокаты.

Ержан Болатбек, сондай-ақ АМТ ҚР үкіметімен қандай келісімге келсе де, ең алдымен, Қарағанды кеншілері алдындағы барлық міндеттемелерін, оның ішінде қарыздарын түгел өтеп, жауап беруі тиіс дегенді айтады.

«Әрине, АМТ-ның қазіргі иелерінің міндеттемелері, оларға қойылатын айыппұлдар мен өзге де талаптар (егер осындай амал, шаралар жүзеге асып жатса) 90-шы жылдары жасалған инвеститицялық шарт аясында қаралуы тиіс. Ал бұл шарт құпия болып табылатындықтан, дәл қазір қоғам тарапынан нақты бір талап қою қиын. Бізде қылмыстық жауапкершілікке тартудың ең ұзақ ескіру мерзімі 15 жыл. Яғни, қылмыс жасалғаннан кейін 15 жыл өтсе, ол үшін жауапкершілікке тартуға болмайды. Алайда, бірқатар қылмыс түрлері бойынша ескіру мерзімі жүрмейді. Дегенмен, бұл арада АМТ қожайындарын, басшылығын не олармен кезінде келісімшарт жасасқан тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі өте күмәнді», - дейді ол.

Ерлан Саиров
Ерлан Саиров

«Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Миттал күнделікті басқаруға қатыспаған. Негізгі жауапкершілік апат болған аумақтардағы атқарушы басшыларға, күнделікті басқарумен айналысқан лауазымды тұлғаларға жүктеледі», - деп қосады адвокат Ержан Болатбек әлеуметтік желілерде жиі талқыға түскен тақырыптың бірін меңзеп.

Өз кезегінде, мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, егер біздің елімізде жұмыс істеп жақтан қандай да бір инвестордың қазақстандық жұмысшылар мен қызметкерлердің өлім-жітіміне тікелей қатысы барын жан-жақты дәлелдеп беретін дәйек болса, онда халықаралық деңгейде сотқа жүгіну мүмкіндігі жоқ емес дегенді айтады. Ол, сондай-ақ бұл тұрғыда Халықаралық еңбек ұйымына, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына жүгініп, Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқан қандай да бір жауапсыз, жүгенсіз инвесторға қатысты халықаралық деңгейде қоғамдық санкция жариялауды ескеруге де болады деп отыр.

Сонымен қатар, сарапшылар, Қарағандыдағы көмір шахталарының меншік иесі ауыссын-ауыспасын, ел үкіметі, ең алдымен, компания құрылымындағы барлық жұмыскерлер мен қызметкерлердің еңбек құқықтары толық қорғалуын қамтамасыз етуі тиіс дегенді айтады.

«Еліміздегі қолданыстағы Еңбек кодексі жұмыскерлердің құқықтарын барынша қорғай алады. Ірі компанияларда арнайы ұйымдық еңбек шарттары қолданылады. Бірақ, көп жағдайда, мәселе дұрыс шарт жасалуда емес, оның дұрыс орындалуына келіп тіреледі. Азаматтық қорғау туралы Заңның 16-бабаның 18 тармақшасына сәйкес қауіпті дейтін өндіріс нысанында өзінің құтқару бригадасы болуы керек немесе арнайы кәсіби құтқару бригадаларымен келісім жасалуы тиіс. Ол мемлекеттік Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі немесе арнайы аттестациядан өткен жеке құтқару бригадалары түрінде болуы мүмкін. Қазақстанда мұндай 10 шақты жеке ұйым тіркелген», - дейді бұл тұрғыда Ержан Болатбек.

Ал депутат Ерлан Саиров: «Қарағандыдағы барлық шахтада кәуіпсіздікті қамтамасыз етудің ең заманауи технологияларын әкелу керек, мұндай технологиялар Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Еуропада адам құқықтарына, адамның еңбек ету ұжданына өте көп көңіл бөлінеді. Олардың негізгі құндылығы әрбір адамның еңбекке деген құқын қамтамасыз ету. Қазақстан да еңбек барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне заңдық тұрғыда тиісті талап қою керек, әсіресе, инвестормен арада келісімшарт жасаған тұста. Конститутция бойынша бізде ең басты құндылық – адамның өмірі», - дейді.

Өз кезегінде, адвокат Ержан Болатбектің пікірінше, біз көптеген мәселелерді заң шығарумен шешуге тырысамыз, дегенмен, заңды орындайтын адамдар мен тетіктер де өзгеріссіз қалмағаны жөн.

«Отто фон Биссмарктың айтқаны бар: «Нашар заңдармен, бірақ мықты шенеуніктермен мықты мемлекет құруға болады, бірақ шенеуніктер нашар болса ешбір мықты заң көмектеспейді» деген. Осы орайда, біз қазір елімізде қолданыста бар заңдарды қолданып, оның орындалуын қадағалауға мән беруіміз керек, осының өзі кез келген сала не кәсіпорындағы апатты жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді», - деп есептейді адвокат.

Айтпақшы, 9 қарашадағы сенат отырысында сөйлеген сөзінде министр Қанат Шарлапаев, АМТ-ның әзірше құпиялы болашақ инвесторынан Қазақстан үкіметі мыналарды талап етеді деп көрсетті: «Біріншіден, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салуды, екіншіден – өндірісті кеңейту және өндіріс қуатын бұған дейінгі жылдардағы деңгейге дейін ұлғайту жөнінде міндеттеме алуды талап ететін боламыз. Қазір біз мұндай ауқымдағы инвестицияны орта мерзімдік перспективада 3 млрд доллар шамасында деп бағалап отырмыз». 

Фотосуреттер спикерлердің жеке архивінен алынды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Доктор Хегай – о лекарствах, лоббистах, и недостатках медицины Казахстана Смотреть на Youtube