Сыртқы қарыз – әлемдік тәжірибедегі қалыпты жағдай

16946

Ұлттық банк алға тартқан деректерге сүйенсек, Қазақстанның әлем елдері алдындағы сыртқы қарызының көлемі 160,5 млрд АҚШ долларын құрап отыр

Иллюстрация: © Studio Good Time

Бұл көрсеткіш 2022 жылдың басындағы жағдаймен салыстырғанда 2,2%-ға немесе 3,6 млрд долларға азайған. Ал өткен жылдың басында мемлекетіміздің сыртқы қарыз көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға немесе 5,6 млрд долларға көп болыпты.

Осы ретте, сыртқы қарыздың басым бөлігі, яғни 41,5 млрд АҚШ доллары Нидерландқа тиесілі екен. Десек те, 2021 жылмен салыстырғанда, оның мөлшері 5,8% немесе 2,6 млрд долларға қысқарған. Екінші орынға 15,3 млрд доллармен Ресей жайғасыпты. Көрші ел алдындағы міндеттемелер 41,6%-ға немесе 4,5 млрд долларға өскен.

Одан кейін Қазақстан Ұлыбританияға — 15,2 млрд доллар (–30,2%), АҚШ-қа — 12,4 млрд доллар (–2,3%), Францияға — 11,2 млрд доллар (–4,2%) қарыз екен.

Сонымен қатар, 2021 жылмен салыстырғанда Сингапур, Кипр, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты кейбір елдерге қарыз көлемі, керісінше, өскен.

Ұлттық банк дерегі бойынша 2022 жылдың басынан бері сыртқы қарыз — төлем балансындағы операциялар есебінен, баға мен валюта бағамының өзгеруіне байланысты азайған. Қазақстанның сыртқы борышының құрылымында бастапқы өтеу мерзімі бойынша қарыздың 90%-ы ұзақ мерзімді (бір жылдан астам) сыртқы борышқа тиесілі болып отыр, бұл бір жағынан төлемпаздық тәуекелдерін барынша азайтса, екінші жағынан — борышты өтеуге және қызмет көрсетуге жалпы нарықтық жағдайлардың өзгеруіне әсерін күшейтеді.

Қаржы құралдарының түрлеріне келетін болсақ, онда бейрезиденттерден тартылған несиелер мен қарыздар (78,9%) және бейрезиденттер қолындағы борыштық бағалы қағаздар (9,5%) басымдыққа ие екенін байқайсың.

Ал ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл, мемлекеттің сыртқы қарызы дегенде, ел Үкіметінің Халықаралық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдары, ҚХР Эксимбанкі, Араб экономикалық дамуының Кувейт қоры, Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігі сынды шет мемлекеттердің үкіметтік ұйымдары алдындағы сыртқы борыштары мен сыртқы капитал нарықтарында шығарылған облигациялар бойынша қарызды түсінген жөн екенін айтады.

Яғни, мемлекет көпшілік ойлағандай, сыртқы қарыздарды шет мемлекеттерден емес, халықаралық қаржы ұйымдарынан немесе халықаралық капитал нарықтарында Қазақстанның облигацияларын сатып алуға ниет білдірген шетелдік заңды тұлғалардан алып отыр. Бұл жағдайда, 2023 жылғы 1 қаңтар бойынша мемлекеттік сыртқы қарыз 17,0 млрд АҚШ долларын немесе ЖІӨ-ге шаққанда 7,6% құрап отыр. Осы арада, сыртқы қарыздың 59% мөлшеріндегі ең үлкен үлесін сыртқы нарықтарда шығарылған, 10 млрд АҚШ долларына баламалы сомадағы облигациялар құраса, қалған 41% немесе 7 млрд АҚШ доллары көлеміндегі бөлігі жоғарыда аталып өткен халықаралық қаржы ұйымдары мен шет мемлекеттердің үкіметтік ұйымдарының қарыздары болып отыр.

Белгілі экономист Марат Әбдірахманов, Қаржы министрлігі ұсынған осы деректер шындыққа жанасатынын айтады. Сонда бүгінгі таңда сыртқы қарызымызды халық санына шақса, онда әрбір қазақ-стандық туылған сәттен бастап, 2,70 мың доллар қарыз деген ресми дерек пайымға сыяды.

Осы арада, Ұлттық банк мәлімдеген мемлекетіміздің сыртқы борышына қатысты 160,9 млрд АҚШ доллары мен қаржылық ведомство өкілі алға тартқан 17 млрд АҚШ доллары арасындағы әжептәуір айырмашылықты қалай түсінуге болады деген сұрақтың туындары сөзсіз.

Бұған қатысты Қаржы вице-министрінің өз уәжі бар. Оның айтуынша, Ұлттық банк мемлекеттің сыртқы міндеттемелерінен бөлек, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жеке сектордың сыртқы қарыздары мен олардың фирмааралық берешегін қамтитын елдің барлық сыртқы борышының статистикасын негізге алған.

Иллюстрация: © Studio Good Time

Яғни, 160,9 млрд АҚШ долларын құрайтын қарыздың 127,1 млрд доллары немесе елдің сыртқы борышының 79%-ы мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке сектордың міндеттемелері екен. Мәселен, бір ғана «ҚазМұнайГаздың» қарыз сомасының мөлшері теңгемен шаққанда, 3,775 трлн. теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар, жеке сектор борышының құрамында 93,7 млрд доллар көлеміндегі ең үлкен үлес фирмааралық берешекке тиесілі екен. Ол шетелдік бас компанияның Қазақстандағы еншілес компанияға өз инвестицияларын құюы нәтижесінде қалыптасуда.

Бұл туралы экономист Сапарбай Досжанұлы былай деп түсініктеме береді:

«Мәселен, біздің елімізде мұнай-газ секторларында Қарашығанақ, Қашаған, Теңізшевройл, AGIP, ING, Қазмұнайгаз сияқты бірнеше бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Жаңағы шетелдік халықаралық компаниялар қазақ-стандық компаниялармен бірлескен кәсіпорын болып құрылып, біздің ел аумағында жұмыс істеп жатқандықтан, қазақстандық заңды тұлға ретінде тіркеледі. Және олар өздерінің бас компанияларынан еншілес компания ретінде инвестиция тартады, ал бұл өз кезегінде мемлекетіміздің сыртқы қарызы ретінде тіркеледі. Бірақ, бұл жерде қаржыны Үкімет емес, фирмалар алып отыр. Яғни фирмааралық берешек деген осы» дейді экономист.

Жалпы мемлекеттің сыртқы елдерге қарыз болуы дұрыс па? Сыртқы несиелерді не үшін және қандай мақсатта тартамыз? Бұл көпшіліктің көкейіндегі көп сұрақтың бір легі болса керек.

Сапарбай Досжанұлы мемлекеттік түсімдер шығындарға қарағанда аз болатынын, сондықтан сырттан инвестиция тарту бұл әлемдік тәжірибеде кездесетін қалыпты жағдай екенін айтады.

«Әлемде АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Италия, Қытай, Франция сияқты бай-қуатты дамыған елдер мемлекеттік сыртқы қарыздары көп мемлекеттердің көшін бастайды. Тіпті, олардың сыртқы қарызы жалпы ішкі өнім сомасымен тең немесе көбірек те болуы мүмкін. Егер халықаралық тәжірибе туралы айтатын болсақ, онда сыртқы қарыздың қолайлы деңгейі ретінде халықаралық рейтингтік агенттіктер мен әртүрлі халықаралық сарапшылар сыртқы қарыздың үлесін 40–50% аралығында ұстау қажеттігін атайды. Егер сыртқы қарыздың жай-күйін таяу шет елдермен салыстыратын болсақ, онда, мысалы, біздің көршілеріміз, Ресейдікі — 56 млрд, ал Қытай елінің қарызы — шамамен 454 млрд АҚШ долларын құрайды. Тіпті Өзбекстанның мемлекеттік сыртқы қарызы 23 млрд АҚШ доллары шамасында. Десек те, Қазақстан сияқты дамушы елдердің мұндай тәуекелдерге бармағаны дұрыс, өйткені, ол біз үшін қауіпті, сондықтан сыртқы қарыз көлемі жалпы ішкі өнімнен төмен болады, мәселен, біздің ЖІӨ 30–35 млрд АҚШ долларын құраса, сыртқы қарыз 16–17 млрд АҚШ долларын құрайды және бұл қарыз көлемі көтерілмеуі керек. Парламент тарапынан бұл заңдық негізде шектеліп отырады», — дейді ол.

Әріптесінің сөзін Марат Әбдірахманов та қоштайды. Ол мемлекетіміздің басқа елдермен сауда-­саттық, басқалай іскерлік қарым-­қатынастар орнатуы қарыздардың пайда болуына әкелері сөзсіз екенін айтады. Ең бастысы, Қазақстан мемлекет ретінде сыртқы қарызға белшесінен батып кетпеу үшін мемлекеттік кәсіпорындардың, жеке сектордың сырттан қарыз алу мәселесін толық қаржылық бақылауға алғаны абзал.

Қаржы вице-министрі болса, ел Үкіметінің сыртқы қарыздары экономиканың түрлі салаларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін тартылып отырғанын айтады. Атап айтсақ, бұл білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, су шаруашылығы секторы, мемлекеттік секторды жетілдіру, инновациялар мен жаңа технологияларды енгізу, тағысын тағы маңызды салалар.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Үкіметтің сыртқы қарыз есебінен қаржыландырылатын, яғни жалпы сомасы 4 млрд АҚШ долларын құрайтын 9 жобасы іске асырылуда екен. Аталған қаражаттың шамамен 85%-ы көлік инфрақұрылымын дамытуға, ал қалған 15%-ы білім беру, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік сектор және инновацияларды ынталандыруға бағытталған.

«Сыртқы қарыздар елдің дамуы үшін қосымша инвестициялар ағыны ретінде қызмет ететін қаржыландырудың маңызды көзі болып табылады. Дегенмен, сыртқы қарызды қолайлы деңгейде ұстап тұру мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі шеңберіндегі басты міндеттердің бірі болып қалмақ және сыртқы борышқа Үкімет тұрақты мониторинг жүргізіп, бақылауда ұстайды», — дейді ҚР Қаржы вице-министрі.

Сөз соңында, өткен жылы сыртқы қарызға қарыз шектеулерін белгілейтін 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа Тұжырымдамасы қабылданғанын атар едік. Онда Мемлекет кепілдік берген сыртқы борыш пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышын ескере отырып, Үкіметтің сыртқы борышының мөлшері жалпы көлемде Ұлттық қордың валюталық активтері сомасының 75%-нан аспауы көзделген.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить