Салық түсімдерінің өсу қарқыны бес есе төмендеді

14660

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы Қазақстан Республикасының шоғырландырылған бюджетіне шолуын ұсынады

ФОТО: © pixabay.com

Кезең бойынша негізгі тенденциялар

Белгіленген кезең аралығында көлемі шоғырландырылған бюджетке салық түсімдерінің өсу қарқыны айтарлықтай төмендеп кеткен. Мәселен, егер өткен жылдың бірінші тоқсанында аталған көрсеткіштің өсуі 100%-ды құраса, ағымдағы тоқсанда ол 21%-ға дейін баяулаған.

Айта кету керек, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында жиналған салық көлемі 5,7 трлн  теңгені құрады.

Ал 2022 жылдың сәйкес кезеңінде жиналған салық көлемі 4,7 трлн теңгені, 2021 жылы, сәйкесінше, 2,4 трлн теңгені құраған болатын.

Мұндай баяулау өткен жылдағы жоғары база мен мұнайдың теңгелей бағасының төмендеуі (ұлттық валюта 2,2%-ға нығайды) және елдегі мұнай өндірудің ептеп қана өсуі (1Q22-де 8,9%-ға өсуге қарсы+1,2%) аясында орын алды.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында салық алымдары бойынша жылдық жоспардың орындалуы 23,0%-ды құрады, ал өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 30,9% болатын.

Бұл ретте, шоғырландырылған бюджеттің шығыс бөлігі 18%-ға немесе 0,9 трлн теңгеге, яғни 5,9 трлн теңгеге дейін өсті, бұл оның кіріс бөлігінен 3% немесе 0,2 трлн теңге жоғары көрсеткіш.

Шығындардың өсуі, әсіресе, білім беру (+387 млрд), әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында (+211 млрд), сондай-ақ мемлекеттік қарыздарға көрсетілетін қызметтер (+154 млрд) бойынша байқалған, шығындардың жалпы өсуінде бұлардың үлесі 83%-ды құрайды.

Бюджет тапшылығын қаржыландыруға (0,2 трлн теңге), бюджет қаражатының теріс қалдықтарын жабуға (0,7 трлн теңге) және қарыздарды өтеуге (0,3 трлн теңге) 1,2 трлн теңге жаңа қарыз ауқымы тартылған.

Айта кету керек, жаңа қарыз тарту бойынша жылдық жоспар 5,8 трлн теңге (+1,6 трлн) деп белгіленген. Яғни, аталған кезең аралығында жылдық жоспар 20,5%-ға орындалған.

Бұл ретте Ұлттық қордан республикалық бюджетке  аударылатын трансферттер көлемі 981 млрд теңгені құрады.

Естеріңізге сала кетейік, бюджеттік ереженің қолданылуын тоқтата тұру аясында Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі биыл 4,0 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды (кепілдендірілген көлем – 2,2 және нысаналы – 1,8).

Төртінші жыл қатарынан трансферттер 4 трлн теңгеден жоғары деңгейде сақталып, Ұлттық қор активтерін 2029 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу мақсатына жетуге өзіндік кедергі келтіруде.

Түйін

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдағы жоғары база мен мұнайдың теңге түріндегі бағасының неғұрлым төмен болуы және елдегі мұнай өндірудің ептеп қана өсуі аясында шоғырландырылған бюджеттегі салық түсімдерінің өсу қарқынының бес есе баяулауы байқалады.

Осыған орай, салық алымдары бойынша жылдық жоспардың орындалуы 23,0%-ға дейін төмендеді, ал өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 30,9% болатын.

Бұл ретте 2023–2027 жылдарға арналған өзекті ЭҚЖЖ бойынша шоғырландырылған бюджет түсімдерінің жиынтық көлемі 2022 жылғы 22,6 трлн теңгедегі көрсеткіштен 28,3 трлн теңгеге дейін өсуі тиіс (+25%).

Аталған болжамды орындаудың ықтималды тәуекелдерінің ішінде мұнай бағасының төмендеу мүмкіндігін (орташа баға 82,6 доллар, бірақ бюджетте ескерілген баға – 85 доллар), ОПЕК+ мәмілесін сақтау қажеттілігін (мамыр айынан бастап мұнай өндіру елімізде тәулігіне 78 мың баррельге қысқарды) және әлемдік экономиканың рецессиясына байланысты шикізатқа деген сұраныстың одан әрі қысқару мүмкіндігін атап өтуге болады.

Екінші жағынан, тау-кен секторына ПХӨС мөлшерлемелерінің өсуі, кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету шаралары бұл жоспарды асыра орындауға ықпал етуі мүмкін.

Айта кетейік, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында (64 іс-шараның 70%-ы орындалды) соңғы үш жылда көлеңкелі экономиканың үлесі ЖІӨ-ге шаққанда 27%-дан 19,8%-ға дейін төмендеді, бұл бюджетке қосымша түсімдердің 2 трлн теңгесін қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, бюджет қолданысқа түскен бірінші жылдың өзінде-ақ бюджет ережелерінің орындалмауы – фискалдық тәртіпті алдағы жылдары жақсарту, Ұлттық қор активтерін 2029 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу (төрт жыл бойы қордан алынып жатқан қаражат ауқымы өте ауқымды), экономикадағы ақша массасы мен инфляциялық қысымды ұлғайту мүмкіндіктеріне күмән келтіреді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить