Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін төмендетті

26096

ҚР Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық15,25%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады

Фото: © Depositphotos.com/LyazaTretyakova

Жылдық инфляция 2023 жылдың соңына қарай бір таңбалы мәнге жетті. Айлық инфляция желтоқсанда орташа жылдық мәндерден біршама жоғары болды. Сыртқы инфляциялық процестер азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі мен орталық банктердің тежеу саясатына байланысты қолайлы қалыптасуда. Фискалдық ынталандырумен қамтамасыз етілген орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер тарапынан ішкі экономикада инфляциялық қысым сақталып отыр.

Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның динамикасына және оның болжамды траекториясына қаншалықты сәйкес келетініне байланысты болады. 5%-дық инфляция бойынша мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Ұлттық банк экономикадағы ақпараттар легін қадағалап отыратын болады және күтпеген өзгерістер болмаса, базалық мөлшерлемені өзгертуді тоқтата тұруды жоққа шығармай, оны кезең-кезеңімен төмендетуді жалғастырады. Сонымен бірге мөлшерлемені төмендету циклі ұзақ болуы мүмкін.

Жылдық инфляция 2023 жылғы желтоқсанда 9,8%-ға дейін төмендеді, бұл Ұлттық банктің болжамына сәйкес келеді. Баға өсімінің баяулауы жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатына, азық-түліктің әлемдік бағасының және өндіріс шығасыларының төмендеуіне, биліктің инфляцияға қарсы шараларына, сондай-ақ өткен жылғы жоғары база әсерінің ықпалына байланысты.

Айлық инфляция орташа жылдық мәндерінен (0,7%) біраз жоғары қалыптасып, 0,8% болды. Тұтынушылық бағалардың орнықты бөлігін сипаттайтын базалық инфляция желтоқсан айында аздап жеделдеді. Жалпылай алғанда, базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері бірнеше ай бойы тұрақты болып отыр. Бұл ретте олар әлі де белгіленген таргеттен жоғары. Жалпы инфляцияны 5%-ға дейін сенімді түрде төмендету үшін 2025–2026 жылдары оның орнықты бөлігін одан әрі баяулату қажет.

Халықтың инфляциялық күтулері біршама төмендеді. Алайда, күтулер әлі де тұрақсыз және оларға тамақ өнімдері мен жанар-жағармай бағасының өсуі әсер етуде.

Сыртқы инфляциялық жағдай қолайлы қалыптасып келеді. Бұған әлемдік азық-түлік нарығындағы бағаның төмендеуі септігін тигізді. Желтоқсан айында ФАО азық-түлік бағасы индексінің төмендеуі жалғасты. Желтоқсанда астық құны Қара теңіз өңіріндегі логистикалық қиындықтарға байланысты өсті. Сыртқы ақша-кредит шарттары тежеуші сипатта қалып отыр. ЕОБ қыркүйек айында көтерілген негізгі мөлшерлемені өткен жылдың соңында сақтап қалды. АҚШ ФРЖ де мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды, сонымен қатар инфляция бойынша мақсатқа жетпеу тәуекелдері туындаған жағдайда монетарлық шарттардың тиісінше түзетілуі мүмкін екенін атап өтті. Ал Ресей Банкі инфляцияны мақсатқа дейін төмендету үшін негізгі мөлшерлемені көтеруді жалғастырды.

2023 жылы экономиканың өсуі Ұлттық банк болжамының шегінде қалыптасып, 5,1% болды (қысқамерзімді экономикалық индикатор негізінде). 2023 жылы экономиканың қарқындап өсуі оның негізгі салалары – құрылыс, сауда, байланыс, көлік, тау-кен өндіру саласы мен өңдеу өнеркәсібінің оң динамикасымен негізделді. Бұл ретте астықтың нашар өніміне байланысты ауыл шаруашылығында өнім шығарудың айтарлықтай азаюы байқалды.

Проинфляциялық тәуекелдер инфляциялық күтулердің тұрақтанбауына, фискалдық импульстің ықтимал күшеюіне және тұтынушылық кредиттеудің жоғары өсуіне байланысты. Сонымен қатар ықтимал тәуекелдер төмен өнім нәтижесінде азық-түлік бағасының динамикасындағы белгісіздікке және реттелетін бағалар саласындағы реформалардың аяқталмауына байланысты. Сыртқы секторда негізгі сауда-серіктестердің бірі – Ресейдегі жоғары инфляцияға байланысты тәуекелдер сақталып отыр.

Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның динамикасына және оның болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты болады. 5%-дық инфляция бойынша мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұру қажет. Ұлттық банк экономикалық ақпарат легін қадағалап отырады және күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда базалық мөлшерлемені өзгертуді тоқтата тұруды жоққа шығармай, оны кезең-кезеңімен төмендетуді жалғастырады. Сонымен бірге мөлшерлемені төмендету циклі ұзақ болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 23 ақпанда Астана қаласы уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

ҚР Ұлттық Банкі

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube