Банктер: Тұтыну кредитіне сұраныс төмендеуі ықтимал

14053

Қазақстан Ұлттық банкі Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаевтың түсіндірмесі

Олжас Кубенбаев
Олжас Кубенбаев
ФОТО: архив пресс-службы

Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу

Сауалнаманың нәтижесі бойынша, I тоқсанда негізінен шағын және орта бизнес (бұдан әрі – ШОБ) есебінен кредитке бизнес тарапынан сұраныс т/т (тоқсаннан тоқсанға) төмендеуін жалғастырды.

Алдыңғы тоқсандағыдай, ШОБ тарапынан сұраныс индексінің сақталып отырған төмендеу үрдісі кредиттік ресурстар құнының жоғары болуының нәтижесінен туындап отыр. Бұдан басқа, ірі банктер атап өткендей, мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырудың уақытша тоқтатылуы да өз әсерін тигізді.

Кейбір банктерде скорингтік модельдер негізінде ШОБ үшін кепілсіз кредиттік өнімдер бойынша кредиттік өтінімдер саны өсуін тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде ШОБ-тың кредиттік өтінімдерінің жалпы саны, тиісінше, 546 мыңға дейін 7%-ға (т/т) және 6,4 мыңға дейін 21%-ға (т/т) көбейді.

Ірі бизнес субъектілерінің кредитке сұранысы, көптеген банктердің мәліметтері бойынша, алдыңғы тоқсандағы деңгейде қалды. Бұл ретте кейбір банктер ірі клиенттердің үлкен тобының өтініштеріне байланысты біржолғы өсімнің бар екенін атап өтті. Соның әсерінен ірі бизнестің кредиттік өтінімдерінің жалпы саны 254-ке дейін 20%-ға (т/т) өсті.

Шағын бизнес бойынша кредиттік өтінімдерді мақұлдау үлесі алдыңғы тоқсандағы 39% деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіш алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда орта бизнес үшін 3%-ға және ірі бизнес үшін 25%-ға төмендеп, орта және ірі бизнес бойынша 48%-ды құрады.

Банктер есепті тоқсанда бизнес субъектілері үшін кредиттеудің негізгі шарттарын сақтап қалды және айтарлықтай өзгерістер енгізген жоқ. Дегенмен, жекелеген ірі банктер шағын бизнес үшін бірқатар қызметтердің жақсарғанын атап көрсетті.

Келесі тоқсанда көптеген банктер бизнес тарапынан кредитке сұраныс артады деп күтеді. Оған мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыруды бастау және қызметтерді жақсарту саласында істелген жұмыстардың нәтижесі ықпал ету керек.

Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредиттер

Өткен тоқсанмен салыстырғанда, I тоқсанда жекелеген қарыздарға сұраныс тұтынушылық кепілсіз қарыздар мен автокредиттеу сегментінде ұлғайды. Кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық және ипотекалық қарыздарға сұраныс біршама төмендеді.

Банктердің пікірінше, I тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныстың қысқаруы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаражат бойынша лимиттердің тез игерілуімен тығыз байланысты. Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда, кредиттік өтінімдер саны 224 мың өтінімнен 194 мың өтінімге дейін төмендеді. Ипотекалық кредиттеу сегментінде кепіл талаптарының жұмсартылғаны және сыйақы мөлшерлемесінің артқаны байқалады.

Тұтынушылық кепілсіз қарыздарға сұраныс негізінен тауарларды кредитке беру үлесі көп банктерде онлайн-қарыз беру процестерін жеңілдету, сондай-ақ адал клиенттер арасында ұтыс ойындарын өткізу есебінен өсті. Өз кезегінде, есепті тоқсанда кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздарға сұраныс негізінен жекелеген ірі банктегі сұраныстың азаюына байланысты төмендеді. Кредиттеу шарттары кепілсіз қарыздар бойынша да, кепілмен қамтамасыз етілетін қарыздар бойынша да күшейтілді. Осылайша, клиенттердің төлем қабілетіне қойылатын талаптар арта түсті. Бұл мұндай қарыздар бойынша мақұлдау үлесінің тиісінше 30,6%-ға дейін (2022 жылғы IV тоқсанда – 34,4%) және 46,7%-ға дейін (2022 жылғы IV тоқсанда – 57,8%) төмендеуіне әсер етті.

Нарықта автомобильдердің қолжетімділігі мен ұсынысының өсуімен бірге есепті тоқсанда автокредиттеу сегментіндегі сұраныс артты. Олар бойынша өтінімдер саны 532 мың өтінімге дейін 7%-ға ұлғайды. Автокредиттеу талаптарында жекелеген банкте кредиттік лимит қысқарып, клиенттердің кредит төлеу қабілеттілігіне қойылатын талаптар артты.

II тоқсанда банктер ипотекалық қарыздар мен автокредиттерге сұраныс артатынын, керісінше, тұтынушылық кредиттеуге сұраныс төмендейтінін күтеді.

2023 жылдың I тоқсанында кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Ұлттық Банк кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында сауалнаманы тоқсан сайын жүргізеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Куралай Нуркадилова: письмо Токаева, политические амбиции Смотреть на Youtube